Жеті жылға жоспар: білім беру мен балалардың алаңсыз өмірі – басты назарда

Президент тапсырмаларын орындау үшін Жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды.

Жеті жылға жоспар: білім беру мен балалардың алаңсыз өмірі – басты назарда
сурет: bilim-all.kz

 

Президенттің сайлауалды бағдарламасында білім беру мәселесіне де баса назар аударылған болатын. Бір жыл ішінде білім беру саласында қандай өзгерістер болғанына, балалардың болашағына қатысты қандай маңызды шешімдер қабылданғанына тоқталып өтейік.

– Мемлекет өскелең ұрпаққа білім беру үшін осы салаға инвестиция құя береді. Білім саласының барлық деңгейінде қордаланған мәселе шешіледі. Бала тәрбиесі мен олардың алаңсыз өмірі біздің жіті назарымызда болады, – деп айтылған үндеуде.

Президент тапсырмаларын орындау үшін Жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Құжат аталған саланы өркендетудің стратегиялық міндеттері мен көрсеткіштерін айқындайды.

Сонымен қатар, биыл жемқорлардан тәркіленген қаражатқа мектеп салына бастайтыны айтылды. Президент былтырғы 1 қыркүйектегі Жолдауында мектептегі орын тап шылығы мәселесіне тоқталып, жемқорлардың заңсыз иемденген қаражаты түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуы керек екенін айтқан болатын.

7 наурызда Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қайтарылған ақшаға 70-тен аса мектеп салынатынын мәлімдеді. Президент мәлімдемесінен кейін бұл тапсырманың орындалу-орындалмауы екіталай деген мазмұндағы пікірлер айтылды. Сол кезде бұл сөздің жаны бар сияқты көрінген. Себебі жемқорлардан «ақша қашан қайтарылады, қалай қайтарылады, ол қанша ақша болуы мүмкін?» деген сұрақтардың жауабы бұлыңғыр болды. Яғни, қолда жоқ, қашан болатыны белгісіз, қайдан келетіні беймәлім қаражат. Сәйкесінше, мектептердің құрылысы қашан басталатыны, жемқорлардан жиналатын ақша қанша мектеп салуға жететіні де түсініксіз еді. Дегенмен, Президент Жолдау жасағаннан кейін екі айдан соң, 2022 жылғы 10 қарашада Премьер-министр Әлихан Смайылов «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының» есепшотына 50 миллиард теңге түскенін мәлімдеді. Сенаттың жалпы отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында Премьер-министр тәркіленген қаражатты мектеп құрылысына бағыттау жұмыстары қалай атқарылатынын да түсіндірді. Оның сөзінше, бұл мәселе құқықтық тұрғыдан реттеліп, арнайы жеке шот ашылған.

Одан бөлек, жүзеге асқан тағы бір бастама – «Ұлттық қор – балаларға» жобасы. 16 қарашада Мемлекет басшысы Ұлттық қордан балаларға қаржы төлеу туралы заңға қол қойды. Жобаны Президент өзі ұсынған еді. 18 қарашада Парламент заңды қабылдап, Президентке жіберген. 2024 жылы 18 жасқа толатын балалар 1 ақпаннан кейін қаражат ала алады.

Яғни, 2024 жылғы 1 қаңтарда Қазақстанда «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылады. Жобаға сәйкес, Ұлттық қордың жылдық табысының 50 пайызы арнайы шотқа жіберіледі. Бұл шоттағы ақшаны балалар тек кәмелеттік жасқа толғанда ғана ала алады. Ақшаны алу үшін ата-аналарға шот ашудың қажеті жоқ. Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков жобаға қатысуға 9 банк өтініш бергенін, олардың барлығы арқылы ақша алу мүмкіндігі болатынын айтқан еді.

Ақшаны балалар шешіп алғанға дейін ол доллармен сақталып, Ұлттық қор шешімімен инвестицияланып, табыс әкеліп отыруға тиіс. Жоба аясында алған қаржыны оқу ақысын төлеуге немесе тұрғын үй алуға жұмсауға болады. Ата-аналар баласының шотына түсетін қаржыны БЖЗҚ немесе еGov арқылы тексеріп отыра алады.

Сондай-ақ 1 қыркүйектен бастап, барлық өңірлерде әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 97 мың баланы балабақшаларда тегін тамақтандыру мәселесі шешілді. Осылайша мемлекет мектепке дейінгі мекемелерде тегін тамақтануға қол жеткізуді қамтамасыз ете отырып, осы санаттағы балалар үшін шығындарды қаржыландыруды өз мойнына алды. Бұған қоса қазіргі уақытта 1-4 сыныптардың 1,4 млн оқушысына және халықтың әлеуметтік осал топтарынан 5-11 сыныптардың 200 мыңнан астам оқушысына тегін тамақ берілді.

Одан бөлек, шәкіртақылар өсті. Атап айтқанда, биыл қыркүйектен бастап Қазақстанда бакалавриат бағдарламасы бойынша стипендия мөлшері 20 пайызға, магистратура мен докторантурада 15 пайызға көбейді. Колледж студенттерінің шәкіртақы мөлшері 50 пайызға өсті. Жоғары оқу орындарындағы профессор-оқытушылар құрамының жалақысы 160 мың теңгеден 350 мың теңгеге дейін, ал ұлттық университеттерде бұл көрсеткіш 228 мың теңгеден 400 мың теңгеге дейін өсті.

Сонымен қатар студенттер жатақханаларындағы орын тапшылығы үш есе, яғни 2022 жылғы 55 050-ден 2023 жылғы қазанда 17 488-ге дейін азайды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа жоғары білім беру саласындағы инфрақұрылым мен цифрлық архитектураның дамуы, соның ішінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ кампустарының құрылысы туралы мәлімет берілді. Министрлік цифрлық университет моделін әзірлеп жатыр. Студенттер Coursera жаһандық онлайн білім беру платформасында оқу мүмкіндігіне ие болды. Қазірдің өзінде олардың 40 мыңы сертификат алды. Платформадағы 100 негізгі курсты қазақ тілінде оқуға болады.