Баланың тілі кеш шығуына не себеп? – логопед жауабы

Соңғы уақытта бала тілінің кеш шығуы көбейіп кетті

Баланың тілі кеш шығуына не себеп? – логопед жауабы
brainshef.ru
3672

«Бала тілі – бал» демекші, былдырлай бастаған бүлдіршіннің әр сөзіне қуанып, мәз болатынымыз бар. Тіпті баланың тілі тез шықсын деп, бейәдеп сөз үйретін жандар да кездеседі. 

Түрлі тәсіл мен амалға жүгінсек те, соңғы уақытта бала тілінің кеш шығуы көбейіп кетті. Бұған не себеп болып жатыр? Логопед Мөлдір Бауыржанқызы turkystan.kz тілшісіне жауап берді. 

«Бала тілінің кеш шығуы ата-аналарды ғана емес, дәрігерлерді де алаңдатып отыр. Соғы кезде логопедке жүгінетін ата-аналардың қатары көбейді. Балалардың кеш сөйлеуі өзекті әлеуметтік мәселеге айналып барады. Жалпы, бүлдіршіннің сөйлеу қабілетіне кері әсер ететін 3 негізгі фактор бар. Біріншісі – телефон, гаджет және теледидар», – деді М. Бауыржанқызы.

Маманның мәлімдеуінше, ата-ананың баламен қарым-қатынас жасамауы тілдің шығуын тежейтін екінші фактор. 

«Бұрын ата-аналар балаларын балабақшаға 2,5 жастан асқанда беретін. Қазір  балалар балабақшаға ерте жастан барады. Ата-ана мен бала арасында коммуникация болмайды. Олар бір-бірімен сөйлеспейді. Әрқайсы өз әлемінде өмір сүреді. Бала тұйықтала береді. Баланың үндемеуі, сөйлемеуі осыдан басталады», – деді ол.

М. Бауыржанқызының айтуынша, бала тілінің уақытында шығуына тосқауыл болатын үшінші фактор – құрсақішілік инфекция немесе анасының  созылмалы ауруы.

«3 жасқа дейін сөйлемеген балада невроз, агрессия пайда болады. Ол айта алмаған ішіндегі жансырын сыртқа жағымсыз қылық арқылы шығарады. Бұған тырнақ тістеу, шаш жұлу, басын қабырғаға ұру сияқты әрекеттер жатады», – деді логопед.

М. Бауыржанқызы баланы 3 жасқа дейін дамытудың маңыздылығына назар аударды. 

«Баланы 3 жасқа дейін дамытуға ерекше назар аудару қажет. Себебі баланың 3 жасқа дейін ақпаратты қабылдау мүмкіндігі  4 есе жақсы болады», – деді маман. 

 

М. Бауыржанқызы бала 3 жаста сөйлемей, 4 жаста сөйлесе, ол 4 жылға артта қалғанының белгісі екенін айтты.
 
 

«5 жасқа келгенде табиғи түрде шығуы тиіс дыбыстар шықпай, баланың сөйлеуінде кемшілік байқала бастайды. Сондықтан бала тілінің шығуын жасына қарай қадағалап отыру қажет. 1 жастағы бала «нян-ням» деген дыбыс  шығарып, 1,5 жаста қысқа сөздерді айта білуі тиіс. 2 жаста екі сөздің басын қоса алуы керек», – деді ол.

М. Бауыржанқызы баланы қандай жағдайда және қанша жаста логопедке көрсету қажет екенін түсіндірді.

«Осыдан 5 жыл бұрын балаларды тек 3 жастан бастап логопедке көрсету керек деген қағиданы ұстанғанбыз. Қазір балаларды 1,5 жастан бастап тексерткен дұрыс екеніне көз жеткізіп отырмыз», – деді логопед.

Оның айтуынша, балалар арасында аутизм бар. Бұл дертті ерте жаста анықтауға болады. Сол үшін балалар диагностикаға 1 жастан асқан соң қабылдана береді. 

«Баланың жүруі сияқты, сөйлеу нормасы болады. Бала 2-3 жасқа келгенде жүрмесе, ата-ана дабыл қағып, түрлі ем-дом қабылдайды. Сөйлеу процесі де дәл осылай. Бір жастан асқан бала белгілі бір дыбыстарды шығармаса, мамандарға көрсету қажет», – деді М. Бауыржанқызы.

Логопед маманды қалай таңдаған дұрыс? Дефектолог па, әлде логопед пе? 

Бұл туралы М. Бауыржанқызы: «Логопедті таңдау барысында бірнеше маманға жүгініп, диагностикадан өткен абзал. Кейін жүрек қалауымен нақты бір маманға жазылуға болады. Бұл ретте 2 қағидаға назар аударған жөн: маманның өзіне сенімділігі және нақты кезеңмен жасалған диагностика», – деді.

Маманның мәлімдеуінше, дефектолог пен логопед мамандығы өзара тығыз байланыста. Сондықтан баланың бойынан, әрекетінен, мінез-құлқынан қандай да бар сезікті дүние байқалса, тезірек дәрігерге қаралу керек. 

«Баланы тексергеннен кейін қай маманға бару қажет екені белгілі болады», –  деп қорытты сөзін логопед.

Серіктес жаңалықтары