Алаштың Көпені

Көпекең қай жерде қызмет етсе де мемлекеттік тілдің мәртебесін жоғары қойды.

Алаштың Көпені
anatili.kazgazeta.kz

2008 жылы Шалқар радиосына бас редактор болып жұмысқа келдім. Сол кезден Қазақ радиосының бас редакторы болып қызмет істеп жатқан Көпен ағамен қоян-қолтық араласып кеттім. Көпен ағаның аса бір жақсы қасиеті  жатырқамай, үлкенмен де, жаспен де тіл табысып, тонның ішкі бауындай, бауырындай жақын тартып, баурап әкететін, өте көпшіл еді.

Қазақ радиосы –  ежелден үлкен ұжым. Әсіресе, жастар жағы қаражат жағынан қиналғанда «бір болса, Көпен ағада болады» деп ағаға өтініш айтып баратындар саны қалың болушы еді. Көпекең де ағалық жолынан танбайтын, ешкімнің меселін қайтармайтын. Ал кейде әріптестер ренжісіп қалып, төбе биіміз, төре биіміз  Көпен ағаға жүгінетін. Көпекеңнің алдына ренжісіп кірген әріптестер шыққанда қол ұстасып, достасып кететін. Оның талай куәсі болдық. Дипломат, тумысынан мәмілегер Көпекеңнің әзілқойлығы араздасқандарды табыстырып, жақындастырып жіберетін. Көпен аға ұдайы ұжымның тату-тәтті, ынтымақта болуын қалады. Қандай да әріптестер арасында туындап қалады-ау деген кикілжіңдердің алдын алып отырды. Үлкен дау-дамайға, ұжымның алауыздығына жол бермеді. Сонысымен де ортада өте сыйлы болды. Ұжымды да ұзақ жыл басқарып, зейнекерлік демалысқа осы радиодан шықты.

2011 жылы Қазақстан Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығын алғанымда Көпен аға «осы радиода ғана емес, бүкіл «Қазақстан» корпорациясы бойынша ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығын да, грантын да алған жалғыз өзім едім, енді екеу болдық» деп шын ықыласымен әзілдеп құттықтағаны бар еді. Көпекең осындай әрбір жетістігімізге өзі марапат алғандай шын қуана білетін жүрегі де кең, алды да кең ағамыз, ұстазымыз еді.

Иә, туған халқы үшін шынайы тәуекелге баратын жандар өмір керуенінде көптің көзінде жүреді. Ондай жандарға жақсылар да жанасады. Ел ырысына айналу үшін ер-азамат қандай салада еңбек етсе де  міндетіне айнымастай адалдығы оның айбыны іспетті. Сөз жоқ,  мұндай жүкті тек парасатты адамдар ғана көтере алады. Өзінің жүріп өткен өмір жолында өнегелі істерге ұйытқы болып жүрген сондай жандардың бірі –  бар саналы ғұмырын сатира саласына арнап, бұқаралық ақпарат құралдарында қоғам тынысын тап басатын парасатты ой қозғаған қазақ сатирасының сардары, белгілі жазушы Көпен Әмірбек ағамыз.

Көпекеңнің балалық шағы соғыстан кейінгі ауыр жылдарға дөп келді.  Бұғанасы бекімей ауыр жұмыстарға араласқан балаң жігіт ерте есейді.  Ең бастысы, ол білімге құштар еді. Сол құштарлығы оны биіктерге жетеледі.

Көпен аға қазақтың марқасқалары туған қасиетті топырақ – қазіргі Түркістан облысы Отырар ауданының тумасы. Қазақ мемлекеттік университетінің Журналистика факультетін жақсыға тәмамдаған соң еңбек жолын қатардағы тілшілік қызметтен бастайды. Алматы қаласы жас маманды небір арманға жетеледі.

Қызмет жолын қысқаша шолып шықсақ, саяси сатиралық «Ара –  Шмель» журналында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактор, ғылыми-техникалық «Білім және еңбек» журналында жауапты хатшы, «Қазақ әдебиеті» газетінде сатира және юмор бөлімінің меңгерушісі, «Егемен Қазақстан» газетінде фельетон бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы мен Жоғарғы Сотында баспасөз хатшысы, Қазақ радиосында бас редактор болып қызмет істеді. Соңғы жылдары саяси- қоғамдық сатиралық «Ара» журналының бас редакторы, Жазушылар одағы сатира кеңесінің төрағасы болды.

Ал «Қымызхана», «Тамаша» ойын-сауық отауының белсенді авторы, сондай-ақ өзі құрған «Көпен келе жатыр!..» атты сатиралық театрымен көрерменге кеңінен танылғаны өз алдына бөлек әңгіме. Орыс әдебиетінің классиктері И.Крылов, С.Михалков, С.Маршактың мысал-мысқылдары мен лезгин сатиригі Жамидиннің және өзбек әзілкеші Абдулла Қаһардың бір сыпыра сықақ өлеңін қазақ тіліне аударды. «Аты жоқ кітап», «Алып», «Тілім қышып барады», «Қысыр әңгіме», «Мың бір мысал», «Ауыз бастырық», «Өзіңді танисың ба?», «Көпен келе жатыр!..», «Із», «Көкемнің көзі», «Па, шіркін, пародия!...» атты әзіл-сықақ, сын мақалалар кітаптары қазақтың рухани айналымына қосылған құнды еңбектер.

Көпен аға қатардағы тілшіліктен бастап журналистика мен мемлекеттік лауазымды басшылық қызметтерге дейін өсті. Қазақ радиосына бас редакторлық еткен уақытта ағамен жақын танысып, талай тағылымды әңгімелерін есту мүмкіндігі туған еді. Бізге әділ басшы бола білген ағаның бірде былай дегені бар: «Журналист мамандығы – өзгеге ұқсамайтын, өзіндік өлшемі бар мамандық.  Ол қоғамға,  адамға қызмет етеді. Журналист әркез жақсылықты қолдаушы,  жаңаны жақтаушы мен жаршысы. Білім мен қабілетті қару еткен журналистер қызметі ауыр әрі ардақты. Міне, осы мамандықты таңдағаныма ешқашан өкінбеймін».

 Ардагер журналист ағамыз өзінің еңбек жолында бірнеше шығармашылық ұжымға басшылық жасап,  беделге ие болған жан. Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері және Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, Президент гранты мен сыйлығының, «Парасат» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреатысынды атақ-абыройлары лайықты еңбегіне берілген баға. Зейнет демалысына шыққаннан соң да Көпекең қарап отырмады. Талай ұлтқа қажетті жұмыстарды ұршықша иірді. Кезінде жабылып қалған «Ара» журналын қайта ашып, қазақ сатирасының қайта түлеуіне көп тер төгіп, зор еңбек сіңірді.  Талай тарланбоз қаламгерлеріміздің тарихта алар орнын айшықтайтын кітаптардың жарық көруі мен ғылыми-тәжірибелік конференциялардың, түрлі бәйгенің өтуіне мұрындық болды. 

«Шынайы сатириктің айтар шындығы басым. Ол қоғамдық сананың қалыптасуына күш салады. Ұйқыдағы ойды оятып, өмірдегі өзекті мәселелерге үңіледі.  Сырт көзге үстірт қараған адамға сатириктің жазбалары жеңіл көрінуі мүмкін. Мүлде олай емес. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін кәделі кәсіптің шынайы көрінісі көп. Сондықтан да ол керек десе қоғамдағы маңызды мамандықтардың санатында», –  дегені бар еді бірде Көпен ағаның.

Көпекең алдымен еңбекқор жан.  Жайшылықта жайсаң, ал қайшылықта қайсарлық танытады.  Ол ешкімге жоғарыдан қараған емес. Тектілігі бүкіл болмысынан байқалып тұрады. Бір қарағанда, тым қарапайым көрінгенімен, намысы қызған кезде тұлпардай тулайды. Өйткені оның өскен орта, өнген шаңырағы осал емес-тін. Қызмет бабында шыңдала, қайрала түсуіне септескен де сол ортасы екені анық.

Көпекең қай жерде қызмет етсе де мемлекеттік тілдің мәртебесін жоғары қойды. Қазақ тілін дамыту –  мемлекеттік саясаттың аса маңызды бағыттарының бірі. Жалпы, мемлекеттік тіл саясатын толыққанды жүзеге асыру бұл бұқаралық іске айналғанда ғана көздеген мақсатына жете алады. «Тіліміз құрып кетті, құрдымға батып жатыр», –  деп отыра бермей, оның маңызы мен мүмкіндіктерін жан-жақты ашып,  жұрттың оған деген сенімін нығайтуға  күш салғанымыз дұрыс.  Тілді насихаттауда, үйретуде, оны жүзеге асырудың озық әдістемесін жасау қажет»,   – деген ойлары да әлі жадымда.

Байқағанымыз, Көпен аға ұдайы ұлтжандылық ұстанымынан танбаған азамат. Осы елге, жерге пайдам тисе екен деген жанашырлығы, іскерлігі, шыншылдығы, принципшілдігі оны көпшіліктің ілтипатына бөлегені анық.

Қанға сіңген қасиеттер нағыз тұлғаларды тудырады. Сол тектіліктен тамыр тартқан қасиет Көпекеңнің де парасаттылығын пайымдатып, ұлт руханияты жолындағы ісін өрге жүздіріп, өмір ұстанымынан тайған емес. Серт, аманат деген парыздарға аса парасаттылықпен қарады.

 Біз зады, тегіне қарап темірқазығын бағдарлайтын, арғы атасына қарап арқа жонын аңдайтын қазақпыз. Қанмен келіп, сүйекке сіңген дегдарлыққа  дау айтпаған қазақпыз. Көпен ағаның да бойындағы жақсы қасиеттердің қайнар бастауы  бабаларының қанымен жалғасып,  анасының  ақ сүтімен  астасып жатқаны анық.  Тегеурінді тектілік қашан болмасын  ерте ме, кеш пе, тепсініп шығатынының көрінісі іспетті, бүгінде Алаштың Көпеніне айналды!

 

Болатбек Төлепберген,

 Президент сыйлығының лауреаты,

Шалқар радиосының директоры