Қайрат Боранбаевтың тергеу изоляторындағы былықтары әшкере болды
Қайрат Боранбаев түрмеде жазасын өтеген кезде ұялы телефон қолдануға, туған күнін алкогольмен атап өтуге мүмкіндік берілген.
Қазақстандық кәсіпкер Қайрат Боранбаев түрмеде жазасын өтеген кезде ұялы телефон қолдануға, туған күнін алкогольмен атап өтуге мүмкіндік беріліп, оған интим қызметі көрсетілген. Бұл туралы Қайрат Боранбаевтың жиені Әбілхан Боранбаевқа қатысты қылмыстық іс материалдарында айтылды, деп хабарлады turkystan.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Әбілхан Боранбаев жазасын өтеп жатқан Қайрат Боранбаевқа сыйлықтар жасап, қызмет көрсету үшін аты аталмаған тұлғаларға пара бергені анықталды. Әбілхан Боранбаев пара бергені үшін 4,5 жылға бас бостандығынан айырылды.
«2022 жылғы 22 қыркүйекте сағат 20:40-та Қ.С. Боранбаевты тергеу изоляторындағы ҚМА ғимаратынан уақытша тергеу изоляторына жеткізу кезінде қылмыстық ниетін жүзеге асыру мақсатында жол жүру бағытынан ауытқып, пара беруші А.Т. Боранбаевтың пайдасына заңсыз әрекеттер жасап, Астана қаласы Алаш тасжолында орналасқан "Нұр" кафесінің маңында тоқтады, атап айтқанда, Боранбаевқа интим қызметін көрсетушімен кездесуге мүмкіндік берді, сондай-ақ өзінің туған күнін алкогольді ішімдіктермен атап өтуге мүмкіндік жасады. Куәгер әйел А.Т. Боранбаевтың кешкі уақытта Қ.С. Боранбаевпен кездесу ұйымдастырып бергенін айтты. Олар қара түсті джипте кездесті. Ол (әйел) ақшалай сыйақы үшін интимдік қызмет көрсетті», - деп келтіреді телеарна тілшілері қылмыстық іс материалдарын.