Қазақстан туралы бейнеролик Еуропада үздік деп танылды

Халықаралық байқаудың қазылар алқасы құрамына аудиовизуалды кино, туризм, маркетинг және коммуникация саласындағы мамандар мен сарапшылар кірді.

Қазақстан туралы бейнеролик Еуропада үздік деп танылды
24.kz
1285

Португалияның Калдаш-да-Раинья қаласында жыл сайын ART&TUR халықаралық туристік кинофестивалі өтіп, Қазақстан туризмі туралы түсірілген бейнеролик екі аталымы бойынша үздік деп танылды, деп хабарлады turkystan.kz.

«Хабар 24» арнасының мәліметінше, биыл 16-рет ұйымдастырылған кинофестивальде «Kazakhstan – Like Never Before» саяхат туралы қазақстандық бейнеролик «Үздік елдік ролик» және «Үздік жарнама кампаниясы» аталымдары бойынша жеңімпаз атанды («Destination – Countries»,  «Advertising Campaign»).

«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы жасаған «Kazakhstan – Like Never Before» бейнеролигінде отандық және Қатар мен Бельгия тревел-блогерлерінің Түркістан қаласы мен Алматы облысына жасаған саяхаттары көрсетіліп, елімізді жаңа қырынан тануға шақырады.

«Бұл ролик Қазақстанның таңғажайып табиғаты мен мәдени мұрасына шетелдік туристердің назарын аудару тәсіліміздің жүзеге асқанының айқын көрінісі. Байқау ұйымдастырушылары тарапынан берілген жоғары баға еліміздің әлем туристері алдында өте қызықты мекен екенін және бейнероликтің өте сапалы әрі креативті жасалғанын тағы да дәлелдеді», - деп атап өтті Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.

Бейнероликті дайындаумен Әділет Рахметолла және Константин Киквидзе бастаған қазақстандық біріккен шығармашылық топ айналысты.

Байқауға әлем бойынша түрлі жобалар ұсынылып, жарнамалық кампаниялар, жарнамалық фильмдер, анимациялар, авторлық саяхат бейнероликтер, деректі фильмдер, веб-құжаттар және телебағдарламалар сияқты аталымдар бойынша үздіктер анықталды.

Халықаралық байқаудың қазылар алқасы құрамына аудиовизуалды кино, туризм, маркетинг және коммуникация саласындағы мамандар мен сарапшылар кірді.

Айта кетейік, бұл – Қазақстанның аталған алаңдағы алғашқы жетістігі емес. 2021 жылғы фестиваль аясында «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы жасаған «Travelstan» бейнеролигі үздік жарнама ролигі аталымында үздік деп танылған болатын. Ал өткен жылы «Томас пен Люси Аткинсондардың Қазақстанға көзқарасы» коммуникациялық жобасы екінші орынға ие болды.
 

Серіктес жаңалықтары