Ұйғыр ауданы атауы Қарадала болып өзгере ме? – Әкім жауабы

Ұйғыр ауданының әкімі маңызды сұраққа жауап берді

Ұйғыр ауданы атауы Қарадала болып өзгере ме? – Әкім жауабы
Ашық дереккөз
2334

Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізова Qaz365.kz тілшісіне берген жауабында Ұйғыр ауданының атауы Қарадала, Шонжы атауы Әлмерек болып өзгеріп жатқанын жоққа шығарды, деп жазды turkystan.kz.

"Бұл – жалған ақпарат. Ешқандай шындыққа жанаспайды. Ондай мәселе күн тәртібінде қаралған да жоқ. Ондай мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ", – деді Елеусізова.

Оның айтуынша, облыста алдын ала жоспарланған “Ұлы даланың ұлы есімдері” атты іс-шара өткен. Сол жоспар бойынша өткен аптада театрландырылған қойылым көрсетілген. 

"Соны бұрмалап, ел тыныштығын бұзу үшін бе, әйтеуір, алып-қашпа әңгімелер тарап кетіпті", – дейді ол. 

Аудан әкімі ондай ақпаратты кім таратып жатқанынан хабарсыз. Өз міндеті ауданның тыныс-тіршілігін, әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту, халықтың тыныштығын сақтау екенін атап өтеді.

Мәселе мынада екен: “Ұлы даланың ұлы есімдері” жобасы шеңберінде ауданда “Қарадала” шайқасының театрландырылған сахналық қойылымы көрсетілген. Ол қойылымда Шонжы деген қалмақтың батыры болғаны, қазақтың Әлмерек батыры Шонжының басын алғаны баян етілген. Сол қойылымның арты Ұйғыр ауданының атауының өзгергені турасында алып-қашпа әңгімеге арқау болған.

Серіктес жаңалықтары