Ғалымдар жер сілкінісін болжайтын ғарыш аппаратын әзірлеп жатыр

Ғарыш аппараты Қазақстанның аумағын бір күнде 3 рет айналып, жер қабатындағы өзгерістерді тіркейді.

Ғалымдар жер сілкінісін болжайтын ғарыш аппаратын әзірлеп жатыр
ашық дереккөз

Отандық ғалымдар жер сілкінісін алдын ала болжайтын наноспутник әзірлеп жатыр, деп хабарлады turkystan.kz «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.

Салмағы 10 келіге жуық ғарыш аппараты Қазақстанның аумағын бір күнде 3 рет айналып, жер қабатындағы өзгерістерді тіркейді. Барлық деректер автоматты түрде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы зерттеу орталығына келіп түседі. Ғалымдар наноспутникті екі жылда толық дайындап, ғарыш айлағына ұшырамыз деп отыр.

«Ол наноспутниктердің басты қызметі - жердің литосфера деген қабаты бар, қатты қабаты мен ионосфера қабаты арасындағы байланыстарды зерттеу. Литосфера мен ионосфераның байланысын зерттеу арқылы жерде болып жатқан құбылыстарды алдын ала болжауға болады. Мысалы жер сілкінуінің алдын алу. Болашақ наноспутниктерді ғарышқа ұшырсақ, дер кезінде жер сілкінудің алдын алуға мүмкіндік алуымыз мүмкін», – деді әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ жанындағы инжиниринг және жоғарғы технологиялар кластерінің бас директоры Әмірхан Темірбаев.