Қасым-Жомарт Тоқаев пен Виктор Орбан БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді
Мемлекет басшысы бүгін Премьер-министр Виктор Орбанмен стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге бағытталған нәтижелі келіссөз жүргізгенін айтты.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан келіссөздер қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді, деп хабарлады turkystan.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы бүгін Премьер-министр Виктор Орбанмен стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге бағытталған нәтижелі келіссөз жүргізгенін айтты.
«Жан-жақты әрі тиімді ықпалдастықты нығайту халықтарымыздың мүддесіне сай келеді. Біз бүгін нақты әрі маңызды келісімдерге қол жеткіздік. Әсіресе екіжақты сауда-саттық көлемін ұлғайтуға және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға баса мән бердік. Осы орайда тауар түрін көбейтіп, жаңа мүмкіндіктерді пайдалану аса маңызды. Қазір еліміз Мажарстанға құны шамамен 700 миллион доллар болатын 95 түрлі тауар жеткізе алады. Энергетика, металлургия, мұнай-химия, машина жасау, ауыл шаруашылығы және құрылыс салалары бойынша өнім экспорттауға мүмкіндік бар», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент келіссөз барысында инвестициялық серіктестікті одан әрі жандандыру үшін ірі жобаларды бірлесіп жүзеге асыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілгенін мәлімдеді.
«Өзара тиімді жобалар тізімі әзірленеді. Жалпы осы уақытқа дейін біраз шаруа атқарылды. Жыл соңына қарай Батыс Қазақстандағы «Рожковское» ірі газ конденсатты кен орны ашылады. Онда Мажарстанның «MOL» мұнай-газ компаниясының үлесі 192 миллион доллар болмақ. Сондай-ақ «Globalia» кәсіпорны еліміздің бірқатар аймағында күн энергиясы станцияларын салуды жоспарлап отыр. Жобаның құны – 150 миллион доллар. Бұдан бөлек келесі аптада Астанада екі ел кәсіпкерлерінің қатысуымен бизнес-форум өтеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар тараптар көлік-логистика, атом энергетикасы, су ресурстарын басқару, сирек кездесетін метал өндіру бағытындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.
Мемлекет басшысының айтуынша, екі ел арасында қаржы саласындағы байланыстар да қарқынды дамып келеді.
«Жақында «Equilibrium Capital» компаниясы Астана халықаралық қаржы орталығында шетелдік қорларды басқару мәртебесіне ие болды. Бұл – осындай мәртебеге қол жеткізген Мажарстанның алғашқы компаниясы. Кәсіпорын жасыл энергетика және денсаулық сақтау салаларындағы жобаларды қаржыландыра алады. Компанияның Қазақстанда 3 инвестициялық қор құруға ниеті бар», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты қазақ-мажар қатынастарының алтын көпірі ретінде атап өтіп, бұл бағытта айтарлықтай жетістіктер бар екеніне назар аударды.
«Мажар үкіметінің қолдауымен соңғы 10 жылда Қазақстан студенттері үшін оқу гранттары бөлініп келеді. Көптеген жастарымыз Мажарстанның жетекші жоғары оқу орындарында білім алуда. Жаңа ғана осы бағдарламаны жалғастыру туралы Меморандумға қол қойылды. Бұл білім саласындағы байланыстарды одан әрі тереңдетуге жол ашады. Биыл мажар халқының ұлы перзенті Шандор Петефидің туғанына 200 жыл толуына орай бүгін Астанада жаңа көшеге ақынның есімі беріледі», – деді Президент.
Мемлекет басшысы келіссөз барысында жаһандық маңызы бар мәселелер бойынша пікір алмасқанын, бұл ретте екі елдің ұстанымдары ортақ немесе орайлас екенін атап өтті.
Президенттің айтуынша, екі елдің серіктестігі БҰҰ, Түркі мемлекеттері ұйымы, ЕҚЫҰ сияқты құрылымдар аясында табысты дамып келе жатыр.
Өз кезегінде Мажарстан Премьер-министрі осыдан тоғыз жыл бұрын қазақ-мажар қатынастарын стратегиялық деңгейге жеткізу туралы шешім қабылданғанын айтты.
«Соңғы жылдары бұл бағытта көптеген нәтижелі іс атқарылды. Екі ел арасындағы тауар айналымы едәуір қарқын алғанын көріп отырмыз. Мұны жоғары бағалаймыз. Экономикалық байланыстарды анағұрлым жоғары деңгейге көтеру үшін берік негіз қаладық. Мажарстан халқы сіздермен туыстық байланысы бар екенін біледі. Қазақтар – ортақ тарихымыздың бір бөлшегі. Елдеріміз арасында саяси достықтан бөлек, экономикалық ықпалдастық нығайып келе жатқанына қуаныштымыз. Біз Еуропадағы теңізге шығатын жолы жоқ мемлекет ретінде көп нәрсені сырттан аламыз. Мажарстанға Ресей мен Қазақстан мұнайы экспортталады. Әзірге мұнай көлемі соншалықты үлкен емес. Әйтсе де тасымалдау арнасы бар. Бұл – еліміздің қауіпсіздігі тұрғысынан өте маңызды қадам», – деді Виктор Орбан.
Сонымен қатар Виктор Орбан Мажарстан компанияларының Қазақстанда мұнай-газ, жасыл энергетика жобаларын бірлесе жүзеге асыруына және атом саласына маман даярлау ісіне атсалысуына мүмкіндік жасағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.