Шымкентте қоғамдық көлікте жүру ақысы қымбаттайды

Электронды төлем жүйесі үшін 90 теңге, ал қолма-қол есеп айырысу 180 теңге деп бекітілді.

Шымкентте қоғамдық көлікте жүру ақысы қымбаттайды
osken-onir.kz

Шымкентте жол жүру ақысы қымбаттайды. Салаға жауаптылар қоғамдық көліктердің тариф саясатын қайта қарап жатыр, деп хабарлады turkystan.kz Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

Қоғамдық талқылауда электронды төлем жүйесі үшін 90 теңге, ал қолма-қол есеп айырысу 180 теңге деп бекітті. Алайда бұл шешім әлі күшіне енбеген. Қалада жол жүру ақысы 2016 жылдан бері өзгермеген. Сондықтан тасымалдаушы мекеме шығындарының бір бөлігі жергілікті қазынадан субсидияланады. Биыл бұл мақсатта 23 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінді. Ал тарифті 20 теңгеге қымбаттату арқылы 4 миллиард теңгеге дейін бюджет қаржысын үнемдеуге мүмкіндік туады. Сондай-ақ 11 компанияға тиесілі 77 бағытта қатынайтын автобустардың жиілігін де қысқартуға жағдай жасалады,  дейді басқарма басшысы.

 «Баға 2016 жылы көтерілген болатын. Содан бері сол кездегі есеп пен қазіргі есепті алатын болсақ, жағармай, қосалқы бөлшектер 2-3 есе өскен. Бұл жерде біз субсидияның көлемін көбейтуіміз керек немесе жолақасы халықтың қалтасына ауыртпашылық түспейтіндей оңтайлы тарифті есептеп шығарамыз», - дейді қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов.