732
«ӨзенМұнайГаз» кәсіподақ төрағасы Қуаныш Мамаевқа сот үкімі шықты
Қ. Мамаевқа 1,5 млн теңге көлемінде пара беруге және алаяқтық жасауға итермелегені үшін 30 млн теңге сомасында айыппұл түріндегі жаза тағайындалды.

Жаңаөзен қалалық соты «Өзенмұнайгаз» АҚ №2 Скважиналарға қызмет көрсету басқармасының кәсіподақ төрағасы Қуаныш Мамаевқа үкім шығарды.
«Ол «Өзенмұнайгаз» АҚ №2 Скважиналарға қызмет көрсету басқармасының көлік жүргізушісін қызметтен босатпай, слесарь қызметіне ауыстыру үшін лауазымды адамдарға ақша беремін деген желеумен 1,5 млн теңге көлемінде пара алғаны үшін айыпталды», – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Шамұрайт Шаменов.
Сот шешімімен Қ.Мамаевқа 30 млн теңге сомасында айыппұл түріндегі жаза тағайындалды. Сондай-ақ ол мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Үкім заңды күшіне енді.