Кеншілердің өліміне кінәлілерді халықаралық сот арқылы қылмыстық жауапқа тарту керек – депутат
Депутаттың айтуынша, кен орнында қаза тапқандардың көбі – іссапармен өзге өңір, аудандардан жұмысқа шақырылған адамдар.
Қарағанды облысы Костенко кен орнында болған оқиға орнында жүрген Мәжіліс депутаты Арман Қалықов адамдарды өлімнен арашалаудың жалғыз жолы кен орнының қожайынын ауыстырып, қылмыстық жауапкершілікке тарту екенін айтады. Оның айтуынша, кен орнында қаза тапқандардың көбі – іссапармен өзге өңір, аудандардан жұмысқа шақырылған адамдар.
«Қазаға ортақ болып, көңіл айтып, қайтыс болған марқұмдардың туысқандарын жұбатып жүрміз. Шахтаның алдына апатқа ұшыраған адамдардың жақындары жиналып жатыр. Жылап, жақындарын жоқтаған адамдар көп. 21 адам қаза тапты, олардың көбі орта жастағы адамдар. Араларында жастар да бар екен, тізімді қарап көрдім. Шахта астындағы кеншілерді табу өте қиын, көмір газы тағы жарылып кетуі мүмкін. Адамдар әлі жиналып жатыр. Жағдай өте ауыр», - деді Парламент Мәжілісінің депутаты.
«AMANAT» фракциясының мүшесі, депутат Қалықов Мемлекет басшысының Үкіметке «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-мен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату туралы тапсырмасын жылдам орындау керек деп санайды.
«Үкімет «АрселорМиттал Теміртау» АҚ акционерлерімен келісімшартты тоқтату керек. Ол туралы бұған дейінгі болған апат кезінде де айтылды. «AMANAT» партиясы фракциясының атынан біз бұл мәселені бұған дейін де көтеріп келдік. Кен орындарының иесін ауыстырып, оны халықаралық қауымдастықтың алдында көтеру керек, халықаралық сот арқылы қылмыстық жауапқа тарту керек. Кеншілер жетіспеген соң жұмысшыларды өзге жақтан алдырған. Іссапармен келіп, қаза тапқандар бар. Ең қиыны да осы болып тұр. Қазір басқа аудандардан, басқа шахтадан шақырылған адамдардың жақындары, туыстары да келеді. Таңертеңнен бері апат орнында жүрміз. Келісімшартты тоқтату керек. «АрселорМитталдың» қожайындары моральдық тұрғыдан да халықтың алдында кінәлі. Президенттің тапсырмасы орындалу керек. Осыдан екі ай бұрын болған апат кезінде де айтылған еді, созылып кетті. «AMANAT» партиясы фракциясы депутаттарының пікірі осы», – деді депутат.