Шоқтығы биік тұлға еді

Шоқтығы биік тұлға еді

Шоқтығы биік тұлға еді
ашық дереккөзі

Қазіргі оқырман не жазылса, соған сене салатын аңқау, аңғал емес, ол - соңғы ақпараттық технологияларды меңгерген, сол арқылы әлемдік кеңістікте болып жатқанның бәрінен құлағдар және оларды өз санасында саралай алатын сабырлы да сауатты оқырман. Ендеше, ол осыдан 83 жыл бұрын шаңырақ көтерген, сол жылдар ішінде мемлекетіне, еліне, ұлтына ұланғайыр еңбек сіңірген жүздеген тарихи тұлғаларды даярлап шығарған, сондай-ақ, халықаралық QC рейтингтік агенттігінің 2016 жылғы қорытындысы бойынша дүниежүзіне танымал 800 ЖОО ішінде 236-орын, ал ТМД елдерінде М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінен кейінгі екінші орынды иеленген, жақында ғана дүниежүзінің мыңға тарта университеттері ішінен ғаламдық экологиялық рейтингте ең үздік 200-орынды жеңіп алған, Қазақстан Республикасының Ұлттық рейтингісінде ең үздік жоғары оқу орны болып танылған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кешегі тарихынан да, бүгінгі тынысынан да хабардар.

Арғысын қазбаламай, Марат Барманқұлов атсалысқан бергі тарихын еске алсақ та, әр күні елеулі оқиғаға толы бүгінгісін теріп айтсақ та біраз жерге барамыз. Егер Марат Барманқұлов тірі болса, өзі жасасқан ең негізгі бірнеше айғаққа куә болар еді: Ең алдымен – университетте еңбек тәртібі, қызметтік әдеп, жалпыға ортақ этика жоғары деңгейге көтерілген. Бірінші басшыдан бірінші курстың студентіне дейін еңбек ету, білім алу барысында демократиялық ұстанымдарға негізделген құқықтық қағидалар мен адамгершілік құндылықтарына бағынады. Сондықтан да университетте ­­«ҚазҰУ оқытушылары мен қызметкерлерінің корпоративтік әдеп кодексі», «ҚазҰУ студентінің ар-ождан кодексі», «ҚазҰУ-дің Этика жөніндегі кеңесі туралы Ереже» секілді құқықтық-нормативтік актілер толық күшіне енген.  Сондай-ақ, университетте әркімнің еңбегі нәтижесіне қарай бағаланады. Әр оқытушы, я профессор оқу жылының басында индикативтік жоспарын жасайды. Индикативтік жоспарды орындау барысында «Универ» жүйесіне кіреді де атқарған жұмыстарын жазып, қасына дәлелі мен айғағын бірге тіркеп қояды. Индикативтік жоспар бірінші семестрден соң бір мәрте, екінші семестр соңында екінші мәрте қорытындыланады да оқу жылының аяғында әр оқытушының атқарған жұмысы нақты айқындалады. Айқындалған соң кімнің көрсеткіші жоғары, сол жалақысына қосымша жыл бойы белгіленген мөлшерде үстемақы алады. Ал кім ештеңе атқармады, белгілі сынтездерге сай келмеді, онымен жұмыс беруші келісім шартқа отырмайды. Осылайша, әр қызметкер күнделікті істеген ісіне өзі есеп беріп, нәтижесін нақты көрсетіп отырғандықтан, қорытындысында алдымен кафедраның, одан соң факультеттің, сонан кейін бүкіл университеттің атқарған жұмысының көрсеткіші анықталады. Бұл – жоғары оқу орнын басқарудың, яғни әркімді еңбек нәтижесінің көрсеткішіне қарай бағалау арқылы басқарудың жаңа жүйесі. Біздің университет осыдан бес-алты жыл бұрын бастап қойған мұндай басқару әдісін өзге оқу орындары енді-енді үйрене бастады. Сонымен бірге, университетіміздің материалдық-техникалық базасының жыл сайын нығайып келе жатқанының көрсеткіші де халықтың көз алдында. Соңғы бес-алты жыл ішінде физфак, матфак, химфак орналасқан жаңа оқу корпустарының, әл-Фараби кітапханасының, Студенттерге қызмет көрсету орталығының, Жас ғалымдар үйінің, Спорттық жүзу бассейнінің, Медициналық-диагностикалық орталықтың, Электронды ситуациялық орталықтың, т.б, ірілі-ұсақты нысандардың іске қосылуы – қазіргі басшылықтың ұтымды ұйымдастыруы мен білікті басқаруының және бүкіл ұжымның жұмыла кірісуінің нәтижесі. Сонымен қатар, студент жастардың рухани кемелденуіне, моральдық-психологиялық және интеллектуалдық әлеуетінің артуына бағытталған бірнеше жоба жүзеге асып келеді. «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» жобасы қолға алынғалы бері студенттердің кітапқұмарлығы арта түсті. Студенттердің қолынан әлгі жүз кітаптың әйтеуір бірін көресіз. «100» саны – әшейін шартты меже. Шын оқимын деген студент одан да көбін оқып тастайтыны сөзсіз.  Биыл университеттің ұйымдастыруымен төртінші рет өткізілген «Мен жастарға сенемін» жобасына 1,5 мың студент еліміздің 63 жоғары оқу орнынан қатысты. Солардың ішінен 400 үздік еңбек таңдап алынды. Осы үздіктер ішіндегі ең озат төртеуі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да тегін оқу грантын иеленді. Еліміздегі студент жастардың азаматтық-патриоттық сезімін оятып, отаншылдық рухын асқақтатуға арналған бұл форумға қатысушылар саны жыл өткен сайын артып келеді. Егер профессор Марат Барманқұлов тірі болса, осы игі істерді жүзеге асыруға белсене атсалысатыны сөзсіз еді. «Айналаңды нұрландыр» жобасы жүзеге асқалы қалашықтың сәні мен салтанаты айлап жаңғыра жасарып келеді. Тимирязев көшесі жағынан кіре берісте бой көтерген «ҚазҰУ студенттері мен түлектерінің Білім мен ғылым қақпасы» еріксіз өзіне шақырады. Егер профессор Марат Барманқұлов тірі болса, бір иығына камерасын немесе фотоаппаратын іліп алып, Қақпадан қалашыққа еңсесін тік ұстап енер еді. Енер еді де оң жағында ҚазҰУ-дің төлқұжатына айналған Ректорат ғимаратына қарап көңілі көкке көтерілер еді, сол жағында күн сайын мәдени-рухани шаралардың қазыналы қазанына айналған Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы менмұндалайды. Алға жылжыса, әлемнің екінші ұстазы- әл-Фарабидің алып ескерткіші қарсы алады. Ғұлама мүсінінің жанында Шам қаласынан әкелінген нұсқалар бойынша орнатылған қос шамдалдан жарқырай жанған шырақ ақыл мен білімнің сәулесін шашып тұрғандай болады. Одан әрі жылжыса, қатар- қатар тізілген жап-жасыл шыршалар оны қаумалаған күйі «Әл-Фараби» кітапханасына енгізіп жібереді. Ол кіре сала әл-Фараби мұражайымен танысады, екінші қабатында 700 орындық оқу залы, үшінші қабатқа көтерілсе, Интернет жүйесіне қосылған арнаулы оқу залдары о бастан кітапқұмар Мәкеңе әлемнің кез келген түкпірінен қалаған кітабын алып береді. Бұл кітапханадан ол міндетті түрде түрк дүниесіне қатысты ең зәру кітаптың жаңа нұсқасын сандық жүйеге салып бір сағаттың ішінде шығартып алары сөзсіз. Оқимын деген адамға барлық жағдай жасалған бұл кітапхана қорында миллионнан астам кітап барын біліп, мәртебесі асқақтаған Ол кітапханадан шығып жоғары көтеріліп барып сол жағына бұрылып, «Интернет Орталығына» барады. Онда жаңалықққа жаны құмар жан әлемнің түкпір-түкпірінен ең соңғы жаңалықтарды біліп алып, шәкірттеріне айтуға асығар еді. Студенттерге бармас бұрын «Керемет» деп аталатын Студенттерге қызмет көрсету Орталығына табан тірейді. Ол мұнда кітап дүкенімен де, әмбебап дүкенмен де, кинотеатрмен де, медициналық орталықпен де, көркемсурет галлереясымен де, тұрмыстық қызмет көрсету орындарымен де, ең бастысы – студенттерге көрсетілетін қызметтің барлық түрімен танысып шығады. Айналасының аспандағы күн нұрымен де, кездескен адамдардың жан жылуымен де шын мәнінде нұрланып тұрғанын анық байқайды.. Өзі де рухани нұрлана бастағанын сезер еді. Университет соңғы жылдары қолға алған тағы бір ірі жоба – ұлтына, мемлекетіне, университетіне ерен еңбек сіңірген тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын таныстыратын «Өнегелі өмір» сериясымен кітап шығару. Жақында ғана сондай тұлғалардың бірі – әйгілі ғалым, ұстаз, қайраткер Темірбек Қожакеевке арналған 90-шы кітабының тұсауы кесілді. Ал бұған дейін Марат Кәрібайұлы Барманқұловқа арналған Он алтыншы кітаптың тұсауы кесілгені күні кеше ғана секілді еді. Осы кітап арқылы университет М. Барманқұловтың өнегелі өмірін тасқа басып, тарихта қалдырды, оны өскелең ұрпақтың санасына ұялатты. Бұл – Марат Кәрібайұлының есімін мәңгілікке қалдыру актісі болатын. Марат Кәрібайұлы 1954 жылы университеттің журналистика бөліміне оқуға түскеннен бастап 2000 жылға дейін осы оқу орнынан қол үзбеген. Осында жоғары білім алды, алған білімінің арқасында М. Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетінде аспирантурада оқыды. Кандидаттық диссертация қорғады. 1965 жылдың қаңтар айынан бастап алдымен ассистент, аға оқытушы, деканның орынбасары, сырттай оқу бөлімінің деканы, сондай -ақ кафедра меңгерушісі қызметтерін атқара жүріп ұстаздық етті. Қайыржан Бекхожин, Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев секілді ұстаздар өнегесін одан әрі жетілдіру жолында одақтық және шетелдік үлгілердің озықтарын өмірге енгізе жүріп педагогикалық құзыреттілік құпияларын меңгерді. «Основы радиовещания и телевидения», «Жанры теле-радиопублицистики», «Сравнительный анализ жанров печати, радио и телевидения», «Современная зарубежная журналистика», «Культурология», «Мировые религии в тюркских государствах» деп аталатын пәндерді жүргізді. Ол сонымен қатар университет ғалымдарымен иық тіресе жүріп ғылыми ой бәсекесіне түсті. Сол бәсекелестік нәтижесінде тың ой, жаңаша көзқараспен жазылған ғылыми еңбектері республикада ғана емес, сырт елдерге де белгілі болды. Сөйтіп, «Репортаж на радио и ТВ» (1970г.) и «Весь мир у вас в квартире» (1972 г.), «Журналистика для всех», «Возможности космического ТВ» (1997г.), «Телевидение: деньги или власть?» (1998г.) «Хан…Иван», «Наследники Белого лебедя» (1995г.), «Тюркская Вселенная» (1996г.), «Хрустальная мечта тюрков о квадронации» (1999г.) сияқты ғылыми-танымдық еңбектері арқылы ғылым докторы, профессор Марат Барманқұлов есімі жарқырай танылды. Демек, «студент Мараттың» «сүйікті ұстаз Марат Кәрібайұлы» атануына, «әйгілі ғалым Марат Барманқұлов» болып қалыптасуына тікелей ықпал еткен ҚазҰУ деп аталатын қасиетті қара шаңырақ екендігі – айдай ақиқат. Марат Барманқұлов есімі аталса, ел есіне ҚазҰУ оралатыны да, ал ҚазҰУ десе Марат Барманқұлов еске түсетіні де шындық..

Марат Барманқұловтың жоқшысы – журфак

Журналистика факультеті – осыдан сексен үш жыл бұрын шаңырақ көтергелі бері елінің ертеңін ойлайтын, жұртының қамын жейтін, мемлекетінің іргесін нықтап, шаңырағын асқақтату ісіне жүректің күші мен ақылдың қуатын жұмсайтын азаматтық-патриоттық рухы асқақ, мемлекетшілдік санасы биік журналистер даярлап келе жатқан білім мен ғылымның ордасы. Бұл – ұлы Мұхтар Әуезов секілді ғұлама бастаған Құдайберген Жұбанов, Санжар Асфендияров, Сәкен Сейфуллин, Шамғали Сарыбаев сынды Алаш ардақтылары алғаш дәріс оқып, сара жол салып кеткен киелі орда. Бұл – профессор Қайыржан Бекхожин негізін қалап, ізбасар ғалымдар мен педагогтар жалғастырған Журналистика тарихын зерттеу мен білім беру мектебі қалыптасқан; профессор Тауман Амандасов бастап, шәкірттері сабақтастырған Замансөз жанрларын зерттеу мен оқыту мектебі орныққан; профессор Темірбек Қожакеев іргетасын қалап, керегесін кеңейткен, Қазақ сатирасын және сатиралық замансөзді зерттеу және журналистика мамандарын даярлау ісін басқару мектептері тұрақтаған; профессор Әбілфайыз Ыдырысов бірінші қолға алып, Басылымдарды редакциялау мен безендіруді зерттеу мен оқыту мектебі бой көтерген; профессор Шерияздан Елеукенов бас болып Қазақ кітабының тарихы мен баспа ісін зерттеу және оқыту мектебі жетілген; профессор Әбдул-Хамит Мархабаев бастап, Қазақ танымдық замансөзі тарихын зерттеу мен оқыту мектебі негізделген; профессор Намазалы Омашев көшін бастаған, Қазақ радиожурналистикасын зерттеу мен оқыту мектебі дамыған; профессор Марат Барманқұлов іргесін көтерген Тележурналистиканың теориясы мен тәжірибесін зерттеу мен оқыту мектебі бар; газеттер мен журналдарда, телеарналарда, радиоларда, сайттар мен порталдарда жақсылықтың жанашыры, жоғалғанның жоқшысы, жаңалықтың жаршысы бола жүріп, мемлекеттік идеологияны әр азаматтың санасына сіңіріп, отаншылдық-ұлтжандылық сезімді әр замандастың жүрегіне ұялату үшін жұмыс істейтін журналистерді; баспаларда, баспаханаларда визиткадан бастап кітаптар мен альбомдардың және ірі пішімдегі жарнамалық-ақпараттық қабырғаттардың мәтіндерін саралайтын, редакциялайтын, түзететін баспагер-редакторларды; баспа өнімдерінің барлық түрін, басқа да басылымдарды безендіретін дизайнер-безеншілерді; әр деңгейлі барша мекемелердегі баспасөз қызметі мен маркетингтік әрекеттерді жүзеге асыру үшін байланыс орнатушы қоғамдық делдалдарды үздіксіз даярлап, тәрбиелеп келе жатқан факультет. Сонымен бірге: маман даярлаудың педагогикалық-психологиялық машықтары бір буыннан екінші буынға сабақтасып отырған дәстүрі берік, жаңашылдығы озық; маман даярлауда заманауи талаптарға толық жауап бере алатын оқу-әдістемелік және зерттеу базасы бай; сабақ беруге, ғылыми зерттеуге, білім алуға, танымдық-тағылымдық өнегені жетілдіруге лайық соңғы технология жетістіктерімен үнемі толысып келе жатқан материалдық-техникалық әлеуеті жоғары; жаһандану үдерістеріне сай халықаралық байланыстарды кеңейтіп, маман даярлаудағы әлемдік тәжірибелердің озығынан үлгі алу және өзінде барды өзгеге үйрету мақсатында академиялық ұтқырлық саясаты мен мемлекеттік «Болашақ» бағдарламалары бойынша жұмыс істеуді жолға қойған білім мен ғылым ордасы. Осы факультеттің бүгінгі жетістігіне кешегі ұстаздардың ерен еңбегі сіңгенін ерекше атап өту керек. Олардың арасында шоқтығы биік тұлғаның бірі – әрине Марат Кәрібайұлы Барманқұлов. Факультет Марат Кәрібайұлы есмін ел есінде мәңгі қалдырудың бір жолы – жыл сайын жаңа толқынмен толығып отыратын студенттер санасына оның педагогтық қызметі және ғылыми ізденістері, сондай-ақ адами болмысы туралы оң түсініктер мен пікірлерді сіңіру, жүрегіне ұялату деп біліп, жыл сайын «Марат Барманқұлов оқуларын» өткізеді. Демек, бұған дейін факультет он бес рет Марат Барманқұлов атындағы жүлде үшін студенттер жасаған телесюжеттер мен репортаждарды және сұхбаттарды, басқа да көрсетілімдерді сарапқа салды. Сан мәрте Марат Барманқұлов өмірі мен шығармашылығы, ұстаздығы мен ғалымдығы, сондай-ақ адами болмысы туралы зерттеулер мен ізденістерді жеке жинақ етіп шығарды. Он бес рет студенттік ең үздік жұмысқа Марат Барманқұлов атындағы стипендиялар табыс етті. Он бес рет «Барманқұлов оқуларына» қатысқандардың әр қайсысына қатысқандығын куәландыратын Сертификат берді. Демек, жыл сайын құрамы үнемі жаңа есімдермен толысып отыратын барманқұловтанушылар он бес мәрте әйгілі тұлғаны ардақтап, әруағын асқақтатты. Мұны Марат Барманқұловтың өнегелі өмірінен нәр алған ұрпақ біледі.Олардың тағы бір білетіні – университетке, факультетке сіңірген еңбегі мен өнегесін ескере отырып, есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында өзі құрған оқу-тәжірибелік телестудияны Марат Барманқұлов атымен атады. Есігінің сыртында «Марат Барманқұлов атындағы телестудия» деген жазуы бар, ішінде Марат Барманқұлов өмірі мен шығармашылығына арналған фотостенд ілінген және биіктігі екі метр, ені бір метр портреті қойылған, еңбектерінің бейнетаспалары сөрелерге орналастырылған бұл студияда тележурналистикаға қатысты пәндер бойынша дәрістер өтеді, тәжірибелік сабақтар жүргізіледі, студенттер күнделікті тікелей эфирге шығып, жаңалықтар жүргізеді, жұмыстарын монтаждайды, жаңа түсірілімдерді жүзеге асырады. Яғни, Марат Барманқұлов атындағы телестудияда студенттер мен ұстаздар бірлескен шығармашылық ізденістер күн сайын қайнап жатады... Ендеше, жыл сайын жоқтайтын, күнсайын атын атап аузынан тастамайтын журфакты Марат Барманқұловтың жоқшысы демеске әддіңіз жоқ.   Сағатбек Медеубекұлы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті  Журналистика факультетінің деканы