«Ұлттық қор – балаларға»: Ақша ақпан айынан бастап түседі

Жобаға 7 млн адам қатыса алады.

«Ұлттық қор – балаларға»: Ақша ақпан айынан бастап түседі
ашық дереккөз
878

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен  брифингте Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков елімізде 18 жасқа толмаған 7 млн адам бар екенін мәлімдеді, деп хабарлады Turkystan.kz.

Вице-министрдің сөзінен түсінгеніміз, 7 млн адам «Ұлттық қор – балаларға» жобасының қатысушысы бола алады. Яғни оларға Ұлттық қордың инвестициялық табысынан ақша беріледі.

Д. Темірбеков Ұлттық қордың қаражатын білім алуға және тұрғын үй жағдайын жақсартуға ғана жұмсауға болатынын баяндады.

Білім алу бағыты бойынша ешқандай шектеу қойылмайды. Шет мемлекеттегі оқудың да ақшасын төлеуге рұқсат беріледі. Ал тұрғын үй жағдайын жақсарту бағыты бойынша қаражатты тек Қазақстан Республикасы аумағында ғана пайдалануға болады.

«Бұл қаражатты бастапқы жарна, ипотекалық қарыздар бойынша төлем ретінде аударуға мүмкіндік беріледі», – деді Қаржы вице-министрі.

Д.Темірбеков 18 жасқа толған кезде жинақталған қаражат баланың айрықша меншігі болатынын айтты.

«Уәкілетті операторларға өтініш бергеннен және шот ашқаннан кейін жинақталған қаражат көрсетілген шотқа аударылады. Сондай-ақ алушылар ретінде заңды өкілдер мен мұрагерлер де бола алады», – деді ол.

Д.Темірбеков бала 18 жасқа толған азамат шоттағы қаражатты 10 жыл талап етпесе, шоттағы қаражатты сол адамның зейнетақы шотына аудару мүмкіндігі бар екенін жариялады.

Оның сөзінше, Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылған азаматтар төлемдерге талап қою құқығын жоғалтады.

Вице-министр шоттардағы қаражаттың мақсатты пайдаланылуын сақтау үшін жобаның операторы ретінде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы айқындалғанын айтты.

«Жобаны жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының 6 Кодексі мен 10 заңына өзгерістер мен толықтырулар қабылданды. Қолданыстағы заңнаманың 44 бабына 60-тан астам өзгерістер мен түзетулер енгізілді», – деді Д.Темірбеков.

Қаржы вице-министрі «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясындағы алғашқы ақша балалардың шотына 2024 жылдың 1 ақпанынан бастап түсетінін жеткізді.

«Бұл қарапайым арифметика. 18 жылдағы инвестициялық табыстың 50%-ы 18 жасқа дейінгі қазақстандықтардың санына бөлінеді. Осылайша әрқайсысы өзіне тиесілі соманы алады, – деді ол.

Д.Темірбеков 18 жасқа 1 ақпаннан кейін толатын азаматтар ақшаларын алу үшін электронды платформа арқылы өтініш білдіруге тиіс екенін айтты.

«Ата-аналар балаларының шотына ақша түскенін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының сайтынан көре алады. Баланың ЖСН-ін енгізіп, қаражат түскенін, не түспегенін тексеруге болады. Бұл жерде 2024 жылы түсетін қаражат қана болады. Ал бірнеше жылға түсетін қаражатты көру үшін Egov-тағы жеке кабинетке кіру керек», – деді Қаржы вице-министрі.

Серіктес жаңалықтары