10 дерек: Республика күні туралы не білеміз?
Республика күні туралы 10 дерек.
Қазақстан халқы 25 қазан – Республика күнін қайтадан атап өте бастады. Былтыр мерекелер тізіміне енген бұл дата – елдегі жалғыз ұлттық мейрам. Аталмыш мейрам туралы не білеміз? Turkystan.kz тілшісі қызықты фактілер ұсынады.
– 1990 жылы қазан айының 25-і күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Қабылданған декларация Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің іргетасы саналды.
– Декларацияның қабылдануымен егемендігін мәлім ететін жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. Қазақстанның егемендігі және территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді.
– 2001 жылы 13 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» №267 заң бойынша бұл күн мемлекеттік мерекелер қатарына қосылды.
– 1992 жылдан бастап тойланып, 2001 жылы мемлекеттік мерекелер қатарына енгізілген Республика күні, 2009 жылы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұйрығымен мемлекеттік мерекелер қатарынан алынып тасталды.
– 2022 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін қайтаруды ұсынды. Мемлекет басшысы оған «ұлттық мереке» мәртебесін беріп, Қазақстанның басты мейрамы ретінде атап өту туралы бастама көтерді. Тоқаевтың бастамасы халықтың қолдауына ие болып, дәл сол жылы заңға тиісті өзгеріс енгізілді.
– Заңға енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес, Республика күні – елдегі жалғыз ұлттық мейрам. Қазақстанда ұлттық және мемлекеттік мереке күндері ресми түрде демалыс болып жарияланады. Егер мемлекеттік немесе ұлттық мереке демалыс күніне (сенбі, жексенбі) түссе, демалыс күндері бір күнге ұзартылады. 2023 жылы Республика күні сәрсенбіге түсіп тұр. Яғни 25 қазан күні қазақстандықтар демалады.
– Ұлттық мереке қарсаңында президент жарлығымен елдің дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқан, белсенді қоғамдық қызметімен танымал азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталады. Мемлекеттік органдарда Республика күніне орай ресми мерекелік іс-шаралар өтеді. Сонымен қатар концерттік бағдарламалар, фестивальдер, флешмобтар ұйымдастырылады. Ұлттық спорт түрінен сайыстар мен түрлі жарыстар өткізіледі.
– Астана, Алматы сияқты ірі қалаларда мерекелік отшашу ұйымдастырылады.
– Стратегиялық жоспарлау және реформа агенттігі Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметі мәліметінше, Қазақстанда Республика есімді адам жоқ. Бірақ 31 адамға Казахстан немесе Қазақстан деген есім қойылған. Олардың бірі – әйел, қалғаны – ер адамдар. Олардың сегізі Ақмола облысында, жетеуі Қарағанды облысында, бесеуі Астанада, үшеуі Қостанай облысында, екеуі Шымкент пен Маңғыстау облысында тұрады. Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында бір-бірден.
– Биыл Ішкі істер министрлігі Республика күні мерекесі күні барлық өңірде жедел штаб жұмыс істейтіні туралы мәлімет жасады. Бұл күні қоғамдық тәртіпті 20 мың полицей мен Ұлттық ұлан әскері бақылайды.