25 қазанда қандай оқиға болды?

Республика күнін тойлау үрдісі 1992 жылдан басталды.

25 қазанда қандай оқиға болды?
ашық дереккөз
1020

Алғашқы ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы «Республика күні» мейрамын қайта жаңғыртып, ұлттық мереке деңгейінде тойлау туралы мәлімдеген еді. 

Бұл мереке әдетте елдің мемлекеттігі  жарияланған күні немесе республиканың ажырамас атрибуты – ел Конституциясы қабылданған күні тойланатын басты мереке саналады. Естеріңізде болса, бұл мейрам біздің елде 2009 жылға дейін 25 қазанда тойланып келген болатын.

1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Бұл құжат қабылданған соң мемлекеттік бюджет, халықаралық қатынастардағы дербестік, мемлекеттік рәміздеріміз бекітілді. Бірақ бұл құжат еліміздің  Кеңес Одағы құрамынан толық шығады дегенді білдірмеді, әйтсе де, декларация еліміздің тәуелсіздігіне жасалған алғашқы нық қадам болды.

Солайша, Республика күнін тойлау үрдісі 1992 жылдан басталды. Алайда мейрам мемлекеттік мерекелер тізіміне тек 2001 жылы ғана ресми түрде енген еді.

2001 жылғы 13 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» №267 заң бойынша бұл күн мемлекеттік мерекелер қатарына қосылды.

Ал 2009 жылы «аталған заңға өзгерістер енгізілді. Сөйтіп, 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні ұлттық мереке болып өзгергендіктен, Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды.

Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мерекенің тарихи маңызын алға тартып, қайта жаңғырту керек екенін мәлімдеген соң, 29 қыркүйекте ұлттық мереке ретінде қайта бекіту туралы заңға қол қойды.

Серіктес жаңалықтары