Димаш Құдайберген бала кездегі видеосын бөлісті (ВИДЕО)

Өнер иесі 1999 жылғы түсірілген архив видеосын бөлісті.

Димаш Құдайберген бала кездегі видеосын бөлісті (ВИДЕО)
Скриншот

Әнші, Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген Instagram-дағы парақшасында жаңа атағы туралы жазды.

Өнер иесі 1999 жылғы түсірілген архив видеосын бөлісті. Онда кештің жүргізушісі Димаш өнер көрсетіп болған соң «Құрметті ағайындар! 2030 жыл деп ойлаңыздар, сіздердің алдарыңызда Қазақстанның халық әртісі Айтбаев Дінмұхамед Қанатұлы өнер көрсетіп жатыр» дейді. 

Кейін видео 2023 жылғы 24 қазанға ауысады. Онда әнші Ақордада «Қазақстанның халық әртісі» атағын алғанын көруге болады.

Димаштың өзі бұл атақтың маңызы туралы Дінмұхамед Қонаевтың сөзін мысалға келтіре отырып түсіндірді. 

«Ардақты Алаш жұрты! Барлық құттықтау-тілектеріңізге көп рақмет! Кезінде Қонаев Дінмұхаммед Ахметұлы: 

«Мен қанша биікке көтерілсем де, халқымнан биік емеспін»-деп халқымызды қаншалықты құрметтейтінін көрсеткен еді. 

Мен де: «Ел-жұртымның ақ пейілінен, ыстық ықыласынан артық биік құрмет жоқ» дер едім. Өнерімнің өрлеуі елдің батасынан екенін терең ұғынамын. «Ерім» дейтін ел барда, «елім» дейтін ерлер туады. Қай мемлекетте, қай жерде жүрсем де елімнің абыройы биік болса екен деп тілеймін. Құрметті ағайын, мемлекетіміздің басты мерекесі - "Республика күні" мейрамымен баршаңызды құттықтаймын! Сонымен бірге жас болсам да бар ниетімен құрмет қылып, марапаттап жатқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына шын жүректен алғыс айтқым келеді!», - дейді әнші.