Бизнес-идеяларды іске асыру үшін 9 мыңнан астам адам грант алды

Гранттардың үшінші легі аясында үміткерлерден барлығы - 15,5 мың.

Бизнес-идеяларды іске асыру үшін 9 мыңнан астам адам грант алды
gov.kz
786

9,1 мыңға жуық адам жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін гранттар алды, деп хабарлады turkystan.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

2023 жылдың басынан 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 9 093 грант берілді. 2023 жылы барлығы 9 мың грант беру жоспарланған болатын.

«11 қыркүйектен бастап 22 қыркүйекке дейін гранттардың үшінші легі бойынша өтінімдер қабылданды. Бүгінгі таңда үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі комиссия өз жұмысын аяқтады, келісімшарттарға қол қою және грант алушыларға қаражат аудару процесі жалғасуда», – делінген хабарламада.

Гранттардың үшінші легі аясында үміткерлерден барлығы 15,5 мың, оның ішінде көпбалалы отбасылардан – 9 мың, мүгедектігі бар адамдардан – 3 мың, мүгедектігі бар балаға күтім жасайтын адамдардан – 1,9 мың, атаулы әлеуметтік көмек алушылардан 771 өтініш қабылданды. Сондай-ақ, асыраушысынан айырылған 586 адам, 57 қандас және 196 қоныс аударушы өтініш берді.

«Өтінімдердің ең көбі Түркістан (3,7 мың), Жамбыл (2,1 мың),  Қызылорда (1,8 мың) облыстарының және Шымкент қаласының (1,8 мың), ең азы Ұлытау (120) және Қостанай (104) облыстарының үміткерлерінен келіп түсті», – делінген хабарламада.

Гранттарды еңбек мобильділігі орталықтары грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссияның шешімі негізінде береді.

Үміткерлер өздерінің бизнес-жобаларын комиссия отырыстарында таныстырады. Комиссия отырысының өткізілетін орны, күні мен уақыты туралы хабарлама Business.enbek.kz порталында грант алуға өтініш берушінің жеке кабинетінде көрсетіледі.

Бұл ретте комиссияның әрбір мүшесі бизнес-жоспарды бағалайды және бағалау парағын мынадай критерийлер бойынша толтырады: бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құру.

Осылайша, грант беру туралы шешім комиссиялық және үміткерлердің бизнес-жобаларының пысықталуын бағалаудың нақты критерийлері негізінде қабылданады.

«Комиссияның шешімі үміткердің Business.enbek.kz порталындағы жеке кабинетіне жіберіледі. Комиссия оң шешім қабылдаған жағдайда үміткер салық органдарында өз қызметін тіркейді, банктік деректемелерді ұсынады, шартқа қол қояды және одан әрі тоқсан сайын бөлінген қаражаттың пайдаланылуы туралы есептерді ұсынады. Мұның бәрі еңбек мобильділігі орталықтарына бармай-ақ, электрондық форматта жасалады», – делінген хабарламада.

 

Серіктес жаңалықтары