ChatGPT қазақ тілін «шала қазақтан» бұрын үйренеді – IT сарапшы

«Бір қазақ сауатсыз контент жарияласа, екінші қазақ соған тап болады».

ChatGPT қазақ тілін «шала қазақтан» бұрын үйренеді – IT сарапшы
Rafael Henrique
1426

«Болашақ» халықаралық стипендиасының иегері, Бостон университетінің магистранты, IT сарапшы Тимур Бектұр Turkystan.kz.  тілшісіне қазақ тілінің болашағы америкалықтардың қолында тұрғанын айтып, жасанды интеллектті игеру үшін қайтпек керек деген сұраққа жауап берді.

«Бұл үшін 1920 жылдары жүзеге асырылған халықты жаппай сауаттандыру тәсіліне бет бұрып, жаппай IT мобилизацияға көшу қажет», – деді Т. Бектұр.

Ол жасанды интеллект үшке бөлінетінін баяндады.

«Біріншісі, аrtificial super intelligence. Бұған адамзат баласы әлі жете қойған жоқ. Екіншісі, аrtificial general intelligence. OpenAI жасаған ChatGPT осы. Бұл қазіргі таңда барлық салаға енгізіліп жатқан ең жоғары деңгей. Үшіншісі, жасанды интеллектің тар шеңбер, нақты бір шаруа аясындағы қолданысы. Бізге осы жерден қосылуға болады. Әрбір қазақ тар шеңбер аясындағы жобаларды жүзеге асыруға, яғни контент жасауға, оны ғаламторға жүктеуге атсалыса алады. Сөзді мәтінге, мәтінді дауысқа айналдыруда, аударма жасауда, сурет таңдауда немесе басқа әрекеттерде де белсенді болу керек», – деді IT сарапшы.

Маман қазақ тіліндегі ChatGPT неге сауатсыз екенін түсіндірді.

«Қазақша Wikipedia-да 220 мың ғана мақала бар. Ауызбен айтқанда көп сияқты, шынтуайтында осы дерекқорды жасанды интеллектке енгізгенде теңізге тамшы тамғандай ғана болады. Қазақ тіліндегі ChatGPT сауатты болуы үшін қазақша Wikipedia-да кем дегенде 10 миллионнан басталатын қор қалыптасуы керек», – деді Тимур Бектұр.

IT сарапшы «қазақ тілінің болашағы қазақтардың қолында» деген сөз пафосқа толы екенін алға тартты.

«Қазақ тілінің болашағы қазақтардың қолында» деген сөз әдемі, алайда бұл тұнып тұрған пафос. Дәл қазір қазақ тілінің болашағы америкалықтардың қолында тұр. Менің асанқайғылататыным осы. Дәл қазір қазақша сөйлей алмаса да, ChatGPT қазақ тілін «шала қазақтан» бұрын үйренеді», – деді Т. Бектұр.

Маман қазақша контент сауатты жазылуы және жасалуы тиіс екенін шегелеп жеткізді.

«Жасанды интеллектте «қоқыс кірсе, қоқыс шығады» деген ұғым бар.  Айналып келгенде таяқтың бір ұшы өзімізге тиеді. Бір қазақ сауатсыз контент жарияласа, екінші қазақ соған тап болады. Өйткені жасанды интеллекттің дерек қоры дата корпустан бөлек ашық дереккөзден, оның ішінде сауатсыз контентпен де қоректенеді. Сол арқылы қор қалыптасады және сұрау салынғанда қорда не бар, сол ұсынылады», – деді Т. Бектұр.

Серіктес жаңалықтары