«AMANAT»-тың 111 байланыс орталығы» 3 жылда 50 мың отбасына көмек көрсетті

Бүгіннен бастап «AMANAT»-тың отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша «111 байланыс орталығы» «AMANAT» партиясынан Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне берілді.

«AMANAT»-тың 111 байланыс орталығы» 3 жылда 50 мың отбасына көмек көрсетті
824

Тиісті меморандумға ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева, «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин қол қойды.

Дәулет Кәрібек атап өткендей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында бірыңғай сенім телефонын ұйымдастыру және зорлық-зомбылыққа, қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу міндетін қойды.

Бұл ретте, 2020 жылдың қыркүйегінен бері «AMANAT» партиясы жанындағы «Бақытты отбасы» жобасы аясында балалардың құқықтары бұзылған және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары бойынша «111 шұғыл қызмет» желісі жұмыс істеп келді. Президент тапсырмасын орындау мақсатында бүгіннен бастап қазақстандықтар тәулік бойы тегін жұмыс істейтін «AMANAT»-тың отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі 111 байланыс орталығы» ұлттық желісіне жүгіне алады.

«Үш жылда шұғыл қызмет мамандары 50 мыңға жуық отбасына көмек көрсетті. Орталыққа шалынатын әр қоңыраудың артында әрбір адамның тағдыры мен аманаты жатыр. Бұл жерде секундтардың өзі қымбат. Көмекке зәру әр адам бізге өз өмірін аманаттап отыр. Ана мен балаға лайықты қамқорлық көрсету – саяси тұғырнамамыздағы негізгі басымдықтың бірі. Бұл меморандум балалардың құқығын қорғау жұмысын жүйелеп, күшейтіп қана қоймай, оны мемлекеттік деңгейге көтереді», – деді Дәулет Кәрібек.

Сондай-ақ, құжат «AMANAT»-тың 111 байланыс орталығы» қызметін ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл жетекшілігімен жүзеге асыруды көздейді.

«Күн сайын елімізде балаларға қатысты 6 қылмыс жасалады, 342 адам тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шегеді. Балалар мен жасөспірімдер арасында әлімжеттік мәселесі де өте өткір болып отыр. Оны шешу үшін жан-жақты тәсіл қажет. Уақтылы көрсетілген көмек қайғылы оқиға салдарының 70%-ын алдын алады. Қазір орталықтағы операторлар саны 37 адамға дейін артуда. Алдағы жылы 57 адамға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл қадам бір мезгілде бірнеше өтінішті қатар қамтуға мүмкіндік береді», – деді Динара Зәкиева.

Өз кезегінде, Бағдат Мусин ведомство байланыс орталығының тиімділігін арттыру үшін техникалық базасын нығайтатынын атап өтті.

«111 шұғыл қызметі бұған дейін де жұмыс істеп келгеніне және «AMANAT» партиясы өз әдіснамасы негізінде азаматтарға көмек көрсеткеніне назар аудару қажет. Партияның бастамасы Үкіметтің бастамасына айналды. Енді қолда бар әзірлемелерді пайдалана отырып, байланыс орталығы «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕАҚ базасында жұмыс істейтін болады», – деді министр.  

111 бірыңғай сенім телефоны мемлекеттік шұғыл қызметтер тізбесіне 101, 102, 103 және т.б. нөмірлермен тең дәрежеде енгізіледі. Шұғыл қызмет тәулік бойы жұмыс істеп, барлық өтініш құпияда сақталады.

Айта кетейік, үш жылда азаматтар байланыс орталығына 50 мыңға жуық қоңырау шалды. Өтініш берушілердің 82,6%-ы – әйелдер, 17,4%-ы – ер адамдар. Оның 68%-ы бойынша нақты көмек көрсетілді, ал 32%-ына анықтама сипатындағы түсініктеме берілді. Қоңырау шалған азаматтарды толғандырған мәселелердің 43,4%-ы – атаулы әлеуметтік көмек алуға, 7%-ы – психологиялық және заңгерлік көмек көрсетуге, 3,6%-ы – білім беру, күтім көрсету және қамқоршылық мәселелеріне қатысты болды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Мәжілістегі «AMANAT» партиясының фракциясы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейтін заң жобасын әзірлеу жөнінде бастама көтерген еді. Құжатта зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмек көрсетудің бірыңғай бағдарламасын енгізу, балаларға арналған инфрақұрылымның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыс үшін жазаны қатаңдату, озбырлық жасаған адамға психологиялық көмек көрсету курсын енгізу бойынша нормалар әзірленді. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қатыгездікке, физикалық зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстар үшін тараптардың татуласуына мүмкіндік берілмейді.

Серіктес жаңалықтары