Францияда қала әкімінің орынбасары қызметін атқаратын қазақ қызы: атажұртты көп естігенше, бір рет келіп көру керек екен!

Францияда туып-өскен қазақ қызы Иешим Саваш өткен аптада "Отандастар" форумына қатысуға Астанаға келген еді.

Францияда қала әкімінің орынбасары қызметін атқаратын қазақ қызы: атажұртты көп естігенше, бір рет келіп көру керек екен!
1420

Францияның Крей қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқаратын Иешим Саваш өткен аптада "Отандастар" форумына қатысуға Астанаға келген еді. Тарихи Отаны Қазақстанға бірінші рет табан тіреп тұрған ол өзін атажұртта осыншалық жылы қарсы алады деп күтпедім дейді.

– Қазақстанға бірінші рет келіп тұрмын. Келесі жылы мұндай іс-шараларға қатысу үшін емес, қыдырып келемін деп жоспарлап отырмын. Ел ішін аралағым келеді. Зерттеп, зерделегім ке­ле­ді. Қазіргідей үш күнге емес, үш аптаға келсем дей­мін. Астананы аралап үлгермедім, бірақ зама­науи қала екенін бір көшеге қарап түсінуге бола­ды. Әрі Астана – өте жас қала. Жаңылыспасам, бас қала болып бекітілгеніне жиырма бес жыл болды. Әлі де көркейе түсетініне се­нім­дімін. Алдағы уақытта барған адам табиғатын аузынан тастамай айтып жүр­ген Алматы, Көкшетау, Түркістан секілді қалаларға барғым келеді. Содан соң, әл­бет­те, қазақшамды жетілдіруді көздеп жүрмін. Ол үшін қазақ тілі курсы өтетін Парижге баруым керек. Ол қиынға түседі. Алайда бұл сылтау емес. Келесі жылы үйренемін деп өз-өзіме уәде бердім. Қазақшасы жетік анам менімен түрікше сөйлессе, «Неге қазақша сөйлеспейсің?» деп ашуланамын. Бұйырса, анамның көмегімен ана тілімді дамытамын деп сенемін, – дейді ол ағынан жарылып.

Сондай-ақ ол Астанадағы көпшілік бұлай жылы қарсы алатынын күтпегенін айтады.

– Осында жүрген үш күн ішінде көп жақсы сөз, жылы лебіз естідім. Мені жа­қын тартып, құшақ жая қарсы алғанына риза болдым. Көпшілік мені мақтан тұта­тынын сездім. Үлкен отбасыммен қауышқандай сезімде жүрмін. Францияға бар­ған соң ондағы қазақ туыс-достарыма «Қазақстанға барыңдар! Шынымен, көп рет естігенше, бір рет барып көру керек екен!» деп айтып баратын болдым. 
Францияда қазақ ұлтының өкілі болу – мен үшін мақтаныш. Әсіресе, саясатқа араласқан қазақ қызы атану – мен үшін үлкен мәртебе. Қазақстан Үкіметі әйелдерге, жастарға көп мүмкіндік беріп жатқанын естіп-біліп отырамын. Сон­дықтан атажұртта мен секілді жауапкершілігі жоғары қызмет атқарып жүрген қазақ әйелдерінің көп екені көңіл қуантады, – дейді ол.

Сонымен қатар Иешим үш жыл бұрын қала әкімі лауазымына тағайындалған күннің ертесі сұхбаты шыққан TURKISTAN басылымына алғысын жеткізді.


– Үш жыл бұрын сіздердің басылымдарыңызға берген сұхбатымнан кейін Қа­зақстанда мені іздеушілер, қолдаушылар қатары көбейді. Әлеуметтік желідегі жеке парақшаларыма достық жіберіп, хабарлама жібереді. Сол кезде көпшілік тікелей байланысқа шығып, онлайн сөйлескісі келетінін айтқан еді. Ал бүгін бетпе-бет, бір дастарқан басында шүйіркелесуге мүмкіндік туындады. Керемет емей немене?!
Шынымды айтсам, мені елде осылай қарсы алады деп ойламадым. Әсіресе, жур­налистер қаумалап алады деп күтпедім. Басқа елден келген қандастармен бай­ланыс орнатып, визит карточкамды бердім. Алдағы уақытта мемлекеттік деңгейде жоба жасау туралы ойымды ортаға салдым. Жалпы, осы үш күн ішінде маңызды қадамдар мен кездесулер болды, – дейді ол сөз соңында.

Серіктес жаңалықтары