Заңсыз актив иемденгендер қандай жауапкершілікке тартылады?
Заңсыз алынған активтерді қайтару процесінің ашық болуын қамтамасыз ету мақсатында тұрақты негізде жұмыс істейтін комиссия жұмысы туралы айтылды.
Бүгін «AMANAT» партиясының баспасөз орталығында заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы арнайы талқылау өтті, деп хабарлады turkystan.kz.
Жиынға қатысқан ҚР Әділет вице-министрі Алма Мұқанова заңсыз алынған активтерді қайтару процесінің ашық болуын қамтамасыз ету мақсатында тұрақты негізде жұмыс істейтін комиссия жұмысы туралы айтты.
«Комиссияның құрамында заңда қарастырылған лауазымды тұлғалар мен қоғам қайраткерлері кіреді. Комиссияның құрамы бойынша ақпарат берілмейді. Құжат жабық. Себебі – бұл лауазымды тұлғалардың жұмысына кедергі келтірмеу мақсатында қабылданған шешім», – деді Алма Мұқанова.
Вице-министр қылмыстық кодекске қабылданған заңдар аясында жаңа бап енгізілгенін айтты.
«Қабылданған заңдар аясында қылмыстық кодекске жаңа бап енгізілді. Бұл бапқа сәйкес заңсыз иемделген активті мемлекетке қайтару процесінде тығу немесе басқаша заңдастыру әрекеттер бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылған. Айта кетсек, осы уақытқа дейін елімізде бұндай бап болмаған. Мысалы, белгілі бір азамат өз еркімен қайтару механизмінде осындай әрекеттерге баратын болса, тиісті құқық қорғау органдары оны аталған бап бойынша жауапқа тарта алады», – деді ол.