Қазақстан құтқарушылары Ауғанстандағы жер сілкінісі болған аумақта үйінділерді аршып жатыр

Алғашқы тәулік ішінде 76 учаскедегі үйіндіні бөлшектеді. Бұл – қираған үйлердің фрагменттері.

Қазақстан құтқарушылары Ауғанстандағы жер сілкінісі болған аумақта үйінділерді аршып жатыр
Фото: ТЖМ
943

Қазақстан құтқарушылары Герат провинциясындағы жер сілкінісінен кейін үйінділерді бөлшектеу жұмыстарын жалғастырып жатыр, деп хабарлады turkystan.kz.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, іздестіру-құтқару жұмыстары Наиброфи елді мекенінде жүргізіліп жатыр.

Алғашқы тәулік ішінде 76 учаскедегі үйіндіні бөлшектеді. Бұл – қираған үйлердің фрагменттері. Сонымен қатар Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері мен фельдшерлері 39 жергілікті тұрғынға, оның ішінде 5 балаға медициналық көмек көрсетті. Тұрғындар негізінен жарақаттармен, күрделі стресс  реакциясымен жүгінді, тіпті суық тиіп сырқаттанған адамдарға да көмек көрсетілді.

Бүгін таңғы сағат 06.32-де Герат қаласының маңында күшті афтершок тіркелді. Чолктула елді мекенінде зардап шеккендердің болуы мүмкін екені туралы ақпарат түсті. Сол жерге  29 қазақстандық құтқарушы жіберілді.  Олар өздеріне бөлінген учаскедегі үйінділерді бөлшектеу жұмыстарын жүргізді. Зардап шеккендер табылған жоқ.

10 тұрғынға медициналық көмек көрсетілді. Жұмыс аяқталғаннан кейін күштер мен құралдар зардап шеккен адамдарды іздеуді жалғастыру үшін Наиброфи елді мекеніне оралды.

Естеріңізге сала кетейік, 10 қазанда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 45 адамнан құрылған Қазақстан ТЖМ күштер мен құралдар тобын Ауғанстанға жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға көмек көрсету үшін жіберілді.

Серіктес жаңалықтары