Қазақта нағашылардың бесік әкелу дәстүрі болмаған – этнограф

Қазақта бесік мұрагерлікпен беріліп отырған.

Қазақта нағашылардың бесік әкелу дәстүрі болмаған – этнограф
zhambylnews.kz
2062

Халқымыз ықылым замандардан бері бесікті қасиетті, киелі мүлік санаған. Содан болса керек, баланы бесікке бөлеуге ерекше назар аударған.

Бесікке бөленген баланың ұйқысы тыныш, тәні таза болады. Десе де соңғы уақытта сәбиін бесікке бөлейтін аналардың қатары сирей бастады. Себебі  қоғамда «бесіктің пайдасынан зияны көп» дейтіндер көбейіп кетті.

Мәселенің ақ-қарасын ажырату үшін Turkystan.kz тілшісі этнограф-ғалым, профессор Тәттігүл Қартаевамен әңгімелесті.

«Дәрігерлердің баланы бесікке бөлеуге қарсы болуына бесіктің  экологиялық таза ағаштан жасалмайтыны себеп болып отыр. Бұрын шеберлер бесікті кепкен тал ағашынан, яғни жеңіл ағаштан жасайтын, яғни экологиялық таза бұйым. Қазіргі базардағы бесіктердің салмағы ауыр, себебі сату үшін кеппеген ағаштан жасайды, сырлайды. Бұрынғының бояуы да табиғи, охра не жоса еді.   Бұған қоса, қазіргі адамдардың басым бөлігі көпқабатты,  құрылысына цемент пен бетон қолданылатын үйде тұрады, яғни қазіргі тұрғын үйлер экология таза орта болып саналмайды. Бесікті жапқышпен жапқан кезде балаға ауа дұрыс жетпейді. Қазіргі бесіктің ішіне мақта салынған мамығын да таза экологиялық масаты, шұға, шыт матадан емес, велюр сияқты құрамында синтетика аралас матадан тігіп сатады. Салдарынан бесіктегі бала терлейді, термен бірге денедегі су кетеді», – деді Тәттігүл Қартаева.

Этнограф-ғалым қоғамда бесіктің жабдықтары мен нәрестенің киімдерін, тіпті бесікті қыздың төркіні әкелетін дәстүр пайда болғанын тілге тиек етіп, қазақта бесік мұрагерлікпен беріліп отырғанын, бесікті нағашыларының әкелуі кейін қалыптасқанын айтты.

«Бесік – атадан балаға мұра болып келе жатқан дүние. Бұрын әкесі бөленген бесікке баласы, ағасы,  әпкесі жатқан бесікке қарындасы бөленетін. Қазір жаңа туған нәрестеге бесікті нағашылары алып келетінін көріп жүрміз. Қыздың шешесінің бесік апару дәстүрі 20-ғасырдың 60-70-жылдары қазақ жерінің оңтүстік өңірінде қалыптасқан. Бұл осы өңірде өзбек ағайындармен көршілес қонудың этномәдени әсерінен туындаған. Қазақ елінің батыс өңірінде, Сырдарияның төменгі ағысы – Қызылорда мен Аралда бесік әлі де мұрагерлікке беріліп келеді. Бесікке салу бұрындары тек әйелдер атқаратын отбасылық, әулеттік ғұрып болған, яғни үйде, өз шаңырағында, отының басында атқарылды. Қазір тойханаға бесікті апарып, баланы бесікке тойханада салу орын алып келеді. Қазір «бесік той» деп той жасап, оған ер адамдардың баруы етек алды. Ертеде күйеуге шыққан қыз балалы болғаннан кейін арнайы «төркіндеп барып» баласына малмен берілетін «жиен сыбағасын» алып қайтқан. Қазіргі нағашыларының «бесік тойға» кәде апаруы, сол өткен ғасырда туындаған өзгерістермен бірге қалыптасып, қазіргі таңда асырасілтеушілікке айналды», – деді профессор.

Айта кетейік, бұрындары баланы әулеттің ет жақын әйелдері бөлейтін. Әжелер алдымен бесікті адыраспанмен аластайтын. Сонан соң «тыштырма» дәстүрі жасалатын. Кейін сәбиді айнала отырып, бесікке бөлеп, қасына ел тізгінін ұстар азамат болсын деп аттың тізгінін, айбынды болсын деп қамшы қоятын. Баланы бесікке жасы үлкен, көпбалалы аналар салатын. Бұл осы адамның жақсылығы балаға жұғысты болсын деген мағына беретін.

Серіктес жаңалықтары