Шымкентте аса ірі мөлшерде есірткі тасымалдаған жігіт 4 жылға сотталды
Полиция есірткі заттарын тасымалдау күдігі бойынша 25 жастағы жігітті тоқтатқан.
Шымкентте аса ірі мөлшерде есірткі тасымалдаған жігіт түрмеге тоғытылды, деп хабарлады turkystan.kz.
Еңбекші аудандық полиция басқармасының қызметкерлері қала аумағында есірткі заттарын тасымалдау күдігі бойынша 25 жастағы жігітті тоқтатқан.
«Жедел-тергеу тобының қызметкерлері ер адамның жеке басын тексеру барысында есірткіге ұқсас заттар салынған 101 орама тәркіледі. Сараптама қорытындысы алынған заттардың аса ірі мөлшердегі мефедрон психотроптық заты екенін растады», – делінген ІІМ хабарламасында.
Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігі (Аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) бойынша тіркеп, тергеу амалдарын жүргізді.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде тергеушілер күдіктінің кінәсін толық дәлелдеп, қылмыстық іс-бойынша жинақталған құжаттар мен айғақтарды сотқа жолдады. Сот шешімен жергілікті тұрғын 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.