Дау туғанда, проблема болғанда халық «AMANAT»-тың депутаттарын іздейді – Ринат Зайытов
Жаңа министр келсе, өзіне ыңғайлы, болмаса министрліктегі мүдделес қызметкерлерге оңтайлы өзгерістер жасай береді, – дейді депутат.
Мәжіліс депутаты Ринат Зайытовтың сөзінше, бүгінгі қоғамның дерті, жүйелі проблемалардың бастауы еліміздегі – мемлекеттік сатып алу бойынша ұйымдастырылған жұмыстар. Оның ішінде, заңнаманың қитұрқы тұстары көп.
Иә, ашықтық деп айттық. Барлық мердігерге бірдей мүмкіндік берілді. Дегенмен, бір объект үшін жылдарға созылған сот процестері таусылар емес. Соның салдарынан елімізде, оның ішінде өңірлердегі шалғай ауылдарда мыңдаған бала мектепке бара алмайды. Ал, ауыл халқы ем-домын ала алмайды, спорттық нысандар тұралап, жол жөнделмейді.
Мысалымыз көп, мен білетін Омбы – Майқапшағай тас жолы, Тұғыл ауылындағы 10 жыл бойы салынбай жатқан спорт кешені, Ақсуат ауданындағы жартылай бітпеген су бөгеті, Төрткүл ауылындағы мектеп құрылысы сияқты бітпеген нысандар жетеді. Бұл мәселені әр ай сайын «AMANAT» фракцияның мүшелері қаперінде ұстап отыр. Ел тұрғындарына сіздер жасаған проблеманы түсіндіріп әлекпіз!
Осы отырған әріптестерімнің өзі де, мыңдаған мысал айтып, түсін түстей алады. Солай емес пе?! Неге, өйткені әлеуметтік маңызды объектілер мердігерлердің бақай есебінен, жеке мүддесінен аспағандықтан соттасумен бітпей жатыр. Қыс мезгілі де келіп қалды, шалғайдағы ауылдардың жолын қар басып, мекемелер жылусыз қалып, халық қиналса оған кім жауапты болмақ?
Енді, Мемлекет басшысы қайта тапсырма берді. Жаңа заңды дайындаңдар, мейлінше халыққа оңтайландырыңдар. Ал, заңның жаңа жобасы әлі Мәжіліске келмеді. Біз тек сұлбасын көрдік. Заңның «сұлбасы» не дейді: Менің түсінгенім бойынша, заң тек «рамочный». Бұл қалай, яғни заңның маңызды тетіктері нормативтік-құқықтық актілер деңгейіне түсірілген. Барлық мәселе тек Үкімет пен әкімдік арқылы шешілетін болады. Оған қазіргі жасалған заңның жаңа жобасы негіз бола алмайды.
Жаңа министр келсе, өзіне ыңғайлы, болмаса министрліктегі мүдделес қызметкерлерге оңтайлы өзгерістер жасай береді. Құрметті Үкімет мүшелері! Біле білсеңіздер, заңнан биік құжат жоқ. Сондықтан, ел мүддесін қорғайтын заңдарға келгенде – өз еріктеріңізбен қазаншы болуларыңызды тоқтатуды сұраймын. Ертең дау туғанда, проблема болғанда халықта, мердігерде «AMANAT»-тың депутаттарын іздейді. Сол үшін әрбір мәселе заң деңгейінде пысықталуы қажет. Бізге «рамочный» заң керек емес. Әлі де уақыт бар.
Айтарымыз біреу ғана – заң жобасын қайта қарастыру қажет, – дейді депутат.