Қарағанды облысында теледидарлар мен шаңсорғыштар шығарылады

Жаңа зауыт жылына бір миллионнан астам тұрмыстық техника жасап шығарады

Қарағанды облысында теледидарлар мен шаңсорғыштар шығарылады
ашық дереккөз

Қарағанды облысында тұрмыстық техника шығаратын өндірісті іске қосу жоспарланып отыр. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Үкімет отырысында осылай деп мәлімдеді. 

Министр елдегі өңдеу өнеркәсібін дамыту туралы Премьер-министрге есеп берді. Шарлапаевтың айтуынша, өңдеу өнеркәсібі Қазақстанның жалпы ішкі өнімінде 13,4% болып, сауда мен тау-кен өнеркәсібінен кейінгі үшінші көрсеткішке қол жеткізген.

«Сала өндірісінде оң динамика байқалады. Былтыр өндірілген өнімнің көлемі – 21,1 трлн теңге. Бұл бес жыл бұрынғы көрсеткіштен 2,2 есе артық. Салада 613 мыңнан аса тұрақты жұмыс орнын қамтамасыз ететін 20 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді», - деді министр.

Министр өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары бюджетке 2,7 трлн теңге салық төлегенін айтты. Биыл 12,3 мыңнан аса тұрақты жұмыс орнын ашып, 1 трлн теңгеге 170 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Соның ішінде тұрмыстық техника шығаратын өндіріс ашу жоспары тұрғанын да мәлімдеді.

«Қарағанды облысында өнімділігі жылына 1,1 млн-нан аса тұрмыстық техника шығаратын өндірісті ("Silk Road Electronics" ЖШС) іске қосу жоспарда бар. Зауытта ARTEL брендімен теледидарлар, су жылытқыштары, шаңсорғыштар, шағын пештер, кір жуғыш машиналар жасалады, 530 жаңа жұмыс орны құрылады. Сондай-ақ 261 жаңа жұмыс орнын құрып, арнайы кокс шығаратын заманауи зауыт іске қосылады. Қуаттылығы жылына 400 мың тонна. Өнім кейіннен экспортқа шығарылып, ERG кәсіпорындарының ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз етеді», - деді Қанат Шарлапаев.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қостанай облысында «СарыарқаАвтоПром»  компаниясы Chevrolet Оnix автомобильдерін шағын тораптық әдіспен (CKD) өндіруді жоспарлап отырғанын жеткізді.

Жылына 30 мың бірлік шығару жоспарланып отыр. бұл ішкі сұранысты қамтамасыз етуге және 400 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, - деп мәлімдеді министр.