Ақтөбеде мәйітті жерлеуге бара жатқандар жол апатына ұшырады

Оқиға Ақтөбе-Орынбор тас жолының 35 шақырымында болған.

Ақтөбеде мәйітті жерлеуге бара жатқандар жол апатына ұшырады

Апатқа ұшырағандар - Мәртөк ауданының тұрғындары. Олар жақынын жерлеу үшін ауыл маңындағы бейітке бара жатқан.

Газель автокөлігінің 75 жастағы жүргізушісі екінші деңгейдегі жолдан шыққан кезде басты жолмен келе жатқан көлік құралына жол бермей, Беларусь Республикасы азаматының басқаруындағы Scania автовозымен соқтығысқан. Апаттан  Газ-330232 автокөлігінің жүргізушісі алған жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болды және жарақаттанған бес жолаушысы Ақтөбе қаласының жедел жәрдем ауруханасына жатқызылды, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Газель көлігінде болған жолаушылар Ақтөбедегі облыстық жедел жәрдем ауруханасына жеткізілді.

"Бес жолаушы әртүрлі жарақатымен біздің ауруханаға жеткізілді. 1983 және 2001 жылы туған екі адам жансақтау бөлімінде жатыр.  Екеуінің де жағдайы ауыр", - деді аурухананың бас дәрігері Ержан Озғанов. Тағы бір жолаушы хирургия бөлімінде ем алып жатыр.  

Жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық кодекстің "Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы" бабы бойынша  сотқа дейінгі тергеу басталды.