Жекеменшік мектепте зорланған 1-сынып оқушысы: полиция пікір білдірді

Полиция аталмыш дерек бойынша, тиісті сараптамалар тағайындалғанын мәлімдеді.

Жекеменшік мектепте зорланған 1-сынып оқушысы: полиция пікір білдірді
ашық дереккөз
1173

Алматының халықаралық мектебінде жеті жасар баланың зорланғаны жайлы «НеМолчи» қоғамдық қоры хабарлады. Қордан жәбірленушінің анасы көмек сұраған, деп хабарлады turkystan.kz.

Қордың хабарламасында айтылғандай, баланың анасы қорға 13 қыркүйекте жүгінген.

«Ол ұзақ уақыт бойы БАҚ-қа шығудан тартынып, жариялылықты қаламады. 2 апта өтті. Бұл уақыт полицияның тергеу жүргізіп жатқанына, сараптамаға қаулы беріп, осы сараптаманы жүргізіп жатқанына көз жеткізу үшін жеткілікті», - деді қордың басшысы Дина Таңсәрі.

ПД істің ерекше бақылауға алынғанын мәлімдеді.

«Істің объективті мән-жайларын анықтауға бағытталған тергеу іс-шараларының кешені жүргізілуде. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынды. Тиісті сараптамалар тағайындалды», - деді Алматы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Нұрлан Алмасбеков.

Сондай-ақ қылмыстық іс ҚР ҚК 121-бабы 3-бөлігі бойынша Бостандық ауданы жанындағы бөлімде тергеліп жатқаны айтылды.

«ҚР ҚІЖК-нің 201-бабының талаптарына сәйкес өзге де ақпарат жария етілмейді», - деп қорытындылады полиция.

Серіктес жаңалықтары