Жамбыл облысында ірі қара мал жаппай қырылып жатыр

Майтөбе ауылында мал белгісіз аурудан жаппай қырылып жатыр.

Жамбыл облысында ірі қара мал жаппай қырылып жатыр
Ашық дереккөз
1288

Жамбыл облысы Талас ауданындағы Майтөбе ауылында мал белгісіз аурудан жаппай қырылып жатыр. Қыркүйек айы басталғалы 100-ге жуық қой-қозы қынадай қырылып қалған. Ал арам қатқан ірі қара саны онға жетті. Алайда үш апта бұрын басталған кеселдің диагнозы әлі табылмаған, деп хабарлады turkystan.kz.

КТК арнасының мәліметінше, Майтөбедегі малшылар бұлай жалғаса берсе, қу таяқ ұстап қалар түріміз бар деп дабыл қағып отыр.

«Білмей сауып ішіп жатқан ел бар. Адам ауырмай ма?! Біз қалай үндемей отырамыз.? Дезинфекция жасамаса, болмайды. Бұл кене арқылы да, шөп арқылы да, су арқылы да келуі мүмкін», - дейді Рима Әбдиева.

Ауылдағылар аты анықталмаған ауру адамға да жұға ма деп алаңдаулы. Кесел тиген төрт түлік тәуліктеп жем-шөп жемейтін көрінеді. Жатқан жерінен тұрмайды, қызуы төмен түспейді. Тұрғындар бұған көктем кезіндегі вакцина науқанының дұрыс жүргізілмеуі де себеп болуы мүмкін дейді.

«Температурасы 41-ге барады. Егер де білмей қалсаң, өледі. Қолымыздан градусник түспейді», - дейді ауыл тұрғыны Бақтыбай Есенбаев.

Ал аудан билігі бұл сары ауру тектес кеселдің бірі болуы мүмкін екенін айтқан. Өлекселер мен олардың азығынан сынама алып, Алматыға жіберген. Нәтижесі келмейінше, мал дәрігерлері диагноз қойып, шешім шығара алмайды.

«Жамбыл облысы ветеринария зертханасына жібереміз. Олар теріс деп береді. Қандай диагноз қоярымызды білмей отырмыз. Лептоспироз ауруына күдікті деп беріп жатырмыз. Бірақ нақты емес. Ал референц орталықтың айтуынша, дәрі-дәрмек салынбасын, сол кезде анықталады деп отыр», -  деді Талас ауданы ветеринария стансасының директоры Жарқын Қалмаханов.

Қырылған малдың нақты қанша екені белгісіз. Себебі ресми хаттама жасалмаған. Ал Алматыда қаралып жатқан сараптама қорытындысы бір-екі аптада шығуы тиіс.

Серіктес жаңалықтары