Бетінің сау жері жоқ, құлағы жұлынған: есірткіге тәуелді анасы жылдар бойы ұрып келген қызға ота жасалды

Оған Алматыдағы үздік клиникалардың бірі тегін ота жасады.

Бетінің сау жері жоқ, құлағы жұлынған: есірткіге тәуелді анасы жылдар бойы ұрып келген қызға ота жасалды
сурет: stan.kz

Алматыда есірткіге тәуелді анасы ұзақ жыл бойы балғамен ұрып, бет-жүзін зақымдаған Диана Ивановаға пластикалық операция жасалды. Бетінде көптеген тыртық қалған 18 жастағы бойжеткенге дәрігерлер 10-нан астам операция жасаған, деп хабарлады turkystan.kz КТК арнасына сілтеме жасап. 

Қыздың мұрны сынып, құлағының бір бөлігі жұлынған, ерні зақымданған, басқа да жарақаты болған. Қызды бұл күйге анасы мен әжесі түсірген. Туыстары оны қатыгездікпен мазақ етіп, балдақпен және кілтпен ұрған. Оған Алматыдағы үздік клиникалардың бірі тегін ота жасады. 

“Операция алдында қобалжу болды. Отадан соң оянғанда сәл ауырсынғанын сездім. Кейін бәрі тез жазылды. Ауруханада төрт күн болдым, бірақ мен үшін бұл өте тез өтті. Дегенмен тезірек үйге барғым келді. Үйде мен тез қалыпқа келдім. Бірақ айнаға алғаш қарағанда өзімді танымадым”, – деді Диана. 

stan.kz жазуынша, операциядан кейін қалыпқа келу үшін бір жыл керек екен. Дәрігерлер оны бақылауда ұстайтын болады.

“Мұндай операция Қазақстанда алғаш рет осындай ауқымда жасалды деп ойлаймын. Өте қиын болды. Себебі біз әрбір бөлікті жинадық. Сүйек-шеміршек – бәрі сынған. Біз команда болып жұмыс істегенде әр операция жасаған сайын органдарға тексеру жүргіземіз. Таңқалғанымыз сол – оның анатомиясы толығымен бұзылған”, – дейді пластикалық хирургия клиникасының негізін қалаушы Мохаммед Шбаир.