Азиада – 2023: Қазақстан құрамасының нәтижесі қандай?

Азия ойындарында Қазақстан құрамасының қоржыны үш қола медальмен толықты.

Азиада – 2023: Қазақстан құрамасының нәтижесі қандай?
Фото: ашық дереккөз

25 қыркүйектегі нәтиже бойынша, Азия ойындарында Қазақстан құрамасының қоржыны үш қола медальмен толықты, деп хабарлады turkystan.kz Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Дзюдо:
Дзюдодан 81 келі салмақ дәрежесінде Абылайхан Жұбаназар мен 63 келіде сынға түскен Эсмигүл Куюлова Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.

Спорттық ату:
Оқ атудан 25 метрге жылдам атылатын тапаншамен сайыс финалында Никита Чирюкин қола медаль жеңіп алды.

Бокс:
Сәкен Бибосынов пен Наталья Богданова Азия ойындарын сенімді жеңіспен бастады.

Су добы:
Су добынан Қазақстан әйелдер құрамасы бірінші ойында Сингапур командасын 12:6 есебімен ұтты.

Шахмат:
Шахматтан 3-ші және 4-ші раунд ойындары өтті. Жекелей сында Бибісара Асаубаева
мен Жансая Әбдімәлік 2 жеңіске жетті. Ал ерлер бәсекесінде Ринат Жұмабаев бір матчта жеңіске жетті, ал Қазбек Нөгербек бір рет тең ойнады.

Теннис:
Үлкен теннистен Гозаль Айнитдинова/Жібек Құламбаева жұбы алғашқы раундта қатарлық Сафия Эл-Зани/Шайха Халифаны 6:0, 6:0 есебімен ұтты. Дәл осындай есеппен Денис Евсеев те жекелей сында екінші айналымда Шығыс Тимор спортшысын жеңді.
Аралас сында Жібек Құламбаева мен Григорий Ломакин Оңтүстік Кореядан келген қарсыластарын 7:6, 7:5 есебімен жеңіп, жарыстың үшінші кезеңіне өтті.

Жағажай волейболы:
Ерлер арасындағы жағажай волейболынан Қазақстан командасы жартылай финалға өтті.

Гандбол:
Қазақстандық гандболшылар 31:27 есебімен Өзбекстан командасын жеңді.

У-шу:
Аширов Абдусамат пәкістандық М.Рехманды айқын басымдықпен жеңіп, келесі кезеңге шықты.