Киік саны реттеле ме?

Көздің қарашығындай сақтаған ақбөкендердің санын реттеу бүгінде басты мәселеге айналды.

Киік саны реттеле ме?
ашық дереккөз
1785

2000 жылдары саны сиреп, жойылуға шақ қалған ақбөкендер бүгінде көбейді. Соңғы 8 жылда олардың саны 12 есе өскен. Көктемгі санақ бойынша киік басы 2 миллионға жуықтаса, күзде 2 миллион 600 мыңға жетеді деген болжам бар. Бүгінде саны көбейген бөкендер шаруалардың жайылым және шабындық жерлеріне зиян келтіріп, шығынға батыруда. Сайын даланы еркін мекендеп, судың тұнығын ішіп, ауаның тазасын жұтып, жердің құнарлысына көшіп-қонып жүретін түз тағысы егіс алқаптарын таптап, көпшілікке зиянын тигізе бастады. Шаруалар алдағы қыста жем-шөпсіз қаламыз деп дабыл қағады. Осылайша, көздің қарашығындай сақтаған ақбөкендердің санын реттеу бүгінде басты мәселеге айналды. 

1990 жылдан бастап елімізде киік аулауға заңды түрде тыйым салынған. Өткен ғасырдың соңғы 10 жыл­дығы мен 2000 жылдардың басында түрлі аурулар мен бра­коньерлер салдарынан киік саны бір миллионнан 21 мыңға дейін азайып кеткен болатын. Жайық по­пуля­ция­сының саны 10 мыңға әрең жететін. 2005 жылы тұяқ­ты жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлері мен киіктерді сақтау жөнін­дегі алғашқы бағдарлама қабылданды. Көбейіп келе жат­қан жануарлар 2015 жылы белгісіз себеппен жаппай қы­рылып, 200 мыңнан астамы өлді. Ең саны көп Бет­пақ­дала популяциясы (1971 жылы миллион басқа дейін жеткен) 242,5 мыңнан 36,2 мыңға дейін азайып кетті. Ал Үстірт по­пуляциясына жататын бөкендер саны 
1 270-ке дейін азайды. Сол себепті 2015 жыл­дан бастап 2019 жылға дейін киіктерді атуға мораторий жария­лан­ды. Киіктерді атуға тыйым салынғандықтан үш по­пуля­цияның да саны 2016 жылдан бастап қалпына келе бас­тады. Жануарлардың санын көбейтіп, оларды сақтау мақ­сатында енгізілген мора­торий 2023 жылға дейін ұзар­тылған бола­тын.

Киіктен келер шығын көп

Киік атуға жарияланған мораторий түз тағысының санын көбейтуге ті­ке­лей әсер еткені анық. Нәтижесінде, бүгінде әлем­дегі киіктің 90 пайызы Қазақстанды ме­кендейді. Киік санының көбеюімен қатар олар­дың адамға әкелетін экономикалық шы­ғыны да артты. Әсіресе, БҚО шаруалары кө­бейіп кеткен киіктің зардабын тартып отыр. 2021 жылы төтенше жағдай кезінде фер­мерлер далаға шыға алмай қалғанда киік­тер қаптады. Егінді таптап, шөпті тып-ти­пыл еткен тағылар несие алып күнелтіп жат­қан ауыл халқын тақырға отырғызды. Олар егінді жайпағанымен қоймай, мал жая­тын жайылымды да «иемденіп» алған. Қысқа қам­данып шөп жинай алмай қиналған шар­уа­лар министрлікке «Аулауға рұқсат етіңдер» деп ұсыныс айтқалы қашан. Соны ескерген был­тырғы Экология және табиғи ресурстар ми­нистрі Серікқали Брекешев оларды атуға рұқ­сат бермек болды. Алайда шенеуніктің бұл батыл қадамы қатал сынға ұшырады.  
Президент киік санын реттеу мәсе­ле­сін шуға айналдырған министрге сө­гіс жариялады. Көп өтпей министр қыз­ме­тінен босатылды. Бейнетпен еккен егіннен өнім ала алмай, малын жая алмай, шығынға бел­шеден батқан шаруалар министр Зүлфия Сү­лейменованың тұсында «Мәселені шешіп жа­тырмыз» дегеннен басқа жауап ала алма­ды. 
Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақ­паратына сүйенсек, биыл 122 мың гектарға жуық егістікке (Қостанай, Қарағанды, Ақ­мо­ла, Ақтөбе, БҚО) зиян келген, шығын көлемі ша­мамен 12 млрд теңгеден асады. 
Мәселенің тереңдеп бара жатқанынан қауіп­тенген жаңа министр Ерлан Нысанбаев киік­терді атуға рұқсат берілуі мүмкін екенін ашық айтып, қоғам талқысына шығарды. Осы аптада киік мәселесіне қатысты өткен дөң­гелек үстелде киікке қатысты мораторий жыл соңына дейін жалғасатыны және оның ары қарай созылмайтыны белгілі болды. Яғ­ни, келесі жылдан бастап киік атуға рұ­қ­сат берілуі мүмкін. 

– Ақбөкендерді жаппай ату ұсынылып отыр­ған жоқ. Керісінше, өзге жануарларды ұстауға арналған тор қақпан пайдаланылмақ. Бұл әдіс әдетте зоотехникалық және вете­ринарлық өңдеу үшін қолданылады. Осы­лайша, біз олардың нақты санын да білетін боламыз, – деді Орман шаруа­шы­лығы және жануарлар дүниесі комитеті төра­ғасының орынбасары Андрей Ким 

Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық бақылау және қадағалау ко­митеті төрағасының орынбасары Самат Тө­легенов елімізде ақбөкендер санын азайту мәселесі нақты шешілсе, киік етінен консерві дайындап, көпшіліктің пайдалануына шы­ғару мүмкін екенін айтты.  Жануардың өзге ағзаларын өртеу немесе арнайы орынға көму жағы әлі де қарастырылып жатыр дейді. Бұдан бөлек, киіктердің мүйізі мемлекет меншігіне өткізілмек. 

Киіктің көбеюі – экожүйенің бұзылуы

Табиғат жанашырлары киіктер санын қолдан реттеу қысқармерзімді нәти­же­ге қол жеткізгенімен, мәселені түбегейлі шеш­пейді деп санайды. Экобелсенді Лаура Мә­лікова мұ­ның себебі табиғи тепе-теңдік­тің бұ­зылуы­нан дейді. 

– Мемлекеттік реттеуде заң бойынша аң­­­­шылық әдіс қолданылады. Ал дамыған ел­­дерде табиғи реттеу әдісі қолданылады. Мә­­селен, соңғы жылдары елімізде қасқыр са­­ны күрт төмендеп кетті. Өйткені аңшылар да, шаруалар да қасқырларды атты. Эк­о­ло­гия­­лық жүйеде жыртқыштар азайса, тұя­қ­ты­­лар көбейіп кетеді. Бұл – табиғи тепе-тең­дік­тің бұзылуы. Сондықтан киіктерді атқан­нан гөрі, табиғи жүйеде өзі реттеп отыратын әдіске ден қойғанымыз жөн. Экожүйедегі ауыт­­қуды болдырмау үшін қасқыр аулауға тыйым салу керек, – дейді «Тәжірибелік эко­лог­тар қауымдастығының» төрайымы Лаура Мәлікова.

Зоология институтының мамандары киік саны құлдыраудан кейін бірден жыл­дам өсетінін әуелден-ақ ескерткен. Инс­титуттың биоценология және аңшы­лық­тану зертханасының меңгерушісі Константин Пла­хов киік санының күрт өсуіне дайын­дық­тың болмағанын айтады. Бұрын Орта­лық Қазақстан аумағын мекендейтін Бет­пақ­дала популяциясының саны көп болатын, ал 2015 жылы 200 мың ақбөкен қырылғаннан кейін басымдық Батыс Қазақстандағы Жайық популяциясына ауысқан. Қазір бұл по­пуляцияның саны қалыпты межеден әлде­қай­да жоғары. Бұл – киіктерді сақтау, қорғау бойынша қабылданған шешімдердің оң нә­тижесі.  Алайда киік санының шектен тыс өсуі мемлекетімізді жаңа шешімдер қабыл­дауға бастап отыр. 
Экобелсенді Сәкен Ділдахмет киікті қырудан бұрын, олардың мигра­ция­лық жолдарын қалпына келтіру мәселесі кө­­терілуі қажет екенін алға тартады.  

– Киіктер мекен ететін жердің біраз бө­лі­гі ауыл шаруашылығы мақсатында беріліп кет­­кен. Биылғы болжам бойынша 2 млн бас киік деген – ол көп емес. Ал санын реттеу бойын­­ша Экология министрлігі айналысып жа­­тыр. Бірақ оны қалай іске асыру қажет? Сол сияқты киіктің дериваттары нарыққа қа­лай шығарылады? Міне осындай мәселелер әлі шикі күйінде қалып отыр. Түйткілді проб­лемаларды ең алдымен шешіп алып ба­рып, санын реттеу мәселесін қозғау қажет, – деді белсенді.

Соңғы жылдары Қазақстанда көптеген жер жыртылып, егін егіле бастады, су шаруашылығы дамыды. Тек киіктер жайы­ла­тын жерлерде фермерлік учаскелер пайда бол­ды.  Киіктің қорегі болған жайылымдарда мал жайылады. Барар жері, жейтін қорегі, іше­тін суы азайған киіктер  егістіктер мен ша­бындықтарға шығып жайыла бастады. 

– Қазақстанда киіктер су ішетін су қой­ма­лары жекеменшікке көшті, жаңа қо­жайын­дар оны қоршап, киіктер суатына жер қал­дырмады. Ақбөкендердің миграциялық дә­ліздерін автомобиль және теміржолдар ке­сіп, бөгеп тастады. Оларды тұрғызу кезінде мем­лекет жабайы аңдарға арналған өтпелер жаб­дықтауды қарастырмаған. Сонымен бірге жыл­да атуды ұйымдастыру салдарынан қас­қыр­лар саны жаппай кеміді. «Киік–Қасқыр» тан­демі бұзылды, – дейді Константин Пла­хов.
Табиғат қорғаушылары киіктердің көшу жолдары жабылып қалған дей­ді. Тасжолдар, үлкен магистральдар олардың кө­шіп-қонуын қиындатады. «Жабайы жануарлар қиналмай қозғалуы үшін эко­ло­гиялық жолдар салынуы керек. Әдетте, мұн­дай өткелдер жолдың үстімен, не астымен са­лынуы қажет. Ең алдымен киіктердің ары-бері қозғалуы үшін жолын ашып беруі­міз қажет. Ішкі миграциялық жолын қал­пына келтірсе, былтырғыдай проблема бол­майтын еді», – дейді Сәкен Ділдахмет. 

Ақбөкендердің көбеюінен келетін тағы бір қауіп – індеттің таралуы. Түз тағысының ара­сынан ауру шықса, оның үй жануарына жұғуы оңай. Елімізде киіктердің ауруы зерт­теліп жатқан жоқ. «Егер 2015 жылғыдай киік­тер жаппай қырылып қалса не болмақ? Са­ны өсіп кетті деп қырғаннан бұрын олар­дың ауруын зерттеу үшін тиісті қаржы бөлу мәселесін қозғағандары жөн» дейді белсенді. 
Киіктің күрт көбеюі қуаңшылықпен тұс­па-тұс келгендіктен олардың ер­кін жайылуы да біршама қиындаған. Ал ға­лым­дар киік санының көбеюі түптің түбінде түз тағысының соры болады деп отыр. 

– Бір ересек киік күніне 7 килограмға дейін жем жеп, шамамен 5 литр су ішеді. Яғ­ни, Орал популяциясының 1,13 млн бас киігі, олардың көктемгі көбеюін ескерсек, күн сайын 8 мың тоннаға дейін жем және 6 мың тоннаға жуық су ішеді. Әрине, бұл жағ­дай жайылымдар мен суаттарға айтарлықтай әсер етеді, – дейді Константин Плахов. 

Әзірге елімізде киіктерді атуға рұқсат жоқ. Алайда келесі жылдан бастап киік санын заңмен реттеуге рұқсат етілуі мүмкін. Мамандар популяцияны реттеудің амалдарын кешенді қарастыру керек деген пікірде. Ал табиғат жанашырлары даланың еркесін қырып-жоюға түбегейлі қарсы. Олардың пікірінше, қазақ жері бұл жануарлардың бірнеше миллионын еркін асырайды. Не десек те, киіктер санын реттеу еліміз үшін экология мен экономиканың қайсысы маңыздырақ екенін ашып көрсететін болады. 

 

Серіктес жаңалықтары