Қазақстандықтар тамызда 3 мыңнан астам алтын құйма сатып алды

Бағдарлама іске қосылғалы жалпы салмағы 4,8 тонна 138 255 алтын құйма сатылған.

Қазақстандықтар тамызда 3 мыңнан астам алтын құйма сатып алды
forbes.kz

Биылғы тамызда екінші деңгейлі банктер мен банктік емес жекелеген айырбастау пункттерінде жалпы салмағы 137,2 келі 3 072 алтын құйма сатылды, деп хабарлады turkystan.kz Ұлттық Банкке сілтеме жасап.

Халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын Ұлттық Банк 2017 жылы іске қосқан болатын. Ұлттық банк мәліметінше, бағдарлама іске қосылғалы жалпы салмағы 4,8 тонна 138 255 алтын құйма сатылған.

Алтын құймалар бес түрлі салмақта ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Сатып алушылар арасында ең көп сұранысқа ие түрі – 10 грамдық алтын құйма. Жалпы, сатылған құймалар арасында оның үлесі – 35 842 дана (26%). Одан кейін 5 грамдық алтын құйма – 31 325 дана (23%), 100 грамдық құйма – 29 381 дана (21%), 20 грамдық құйма – 25 050 дана (18%) және 50 грамдық құйма – 16 657 дана (12%). 2023 жылғы тамызда алтын құймалар ең көп көлемде мына өңірлерде өткізілді: Алматыда (1 527 дана, 55%), Шымкентте (693 дана, 25%) және Астанада (221 дана, 8%).