Маңғыстау облыстық ауруханасынан түнде 470 адам эвакуацияланды
Оқиғадан зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.
Маңғыстау облыстық ауруханасында өрт шығып, ғимараттан 470 адам эвакуацияланды, деп хабарлады turkystan.kz.
Бұл ақпаратты облыстың құтқару қызметінің ресми көздері растады.
20 қыркүйекте сағат 22:38-де полицияға аталған медициналық мекемеде түтін шыққаны туралы хабарлама келіп түскен.
«Дереу құтқару бригадалары қоңырау шалған жерге жөнелтілді. Олар келгеннен кейін аурухананың 6 қабатты ғимаратындағы урология бөлімінің үшінші қабатында орналасқан желдету жүйесінде түтін шыққаны анықталды», - делінген хабарламада.
Нәтижесінде 470 адам эвакуацияланды, оның 150-ін төтенше жағдайлар қызметінің күші шығарды. Оқиғадан зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.
Құтқарушылар тобы тұтанған өртпен күресіп, сағат 23:31-де сөндірді. Қазір түтіннің шығу себебін анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Маңғыстау облыстық ауруханасы жұмысын штаттық режимде жалғастырғаны хабарланды.