Петропавл тұрғыны 1 жасар баласын терезеден лақтырмақ болған (ВИДЕО)
Қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр.
Петропавлда әйелімен жанжалдасып қалған соң бір жасар баласын терезеден лақтырмақ болған ер адам ұсталды, деп хабарлайды turkystan.kz polisia.kz-ке сілтеме жасап.
20 қыркүйекте сағат 17:49 шамасында Петропавл қаласында «ПБ Маяковского, 93» мекенжайында орналасқан жатақхананың 5-қабатындағы бөлмеде төбелес болып жатқаны туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына келген полицейлер бөлменің ішінде есікті құлыптап алған және нәрестені терезеден лақтырып жіберемін деп қорқытқан ер адам бар екенін анықтады. Жатақхананың жанына учаскелік полиция инспекторлары, ТЖД, медицина қызметкерлері келді.
ТЖД қызметкері өзін шатырға байлап, терезе арқылы ішке енді. Ер адамды еденге құлатып, есікті ашқан соң ішке СҚО ПД ЖҚАЖ қызметкерлері кіріп, бөлменің иесін қолға түсірді.
2023 жылы туған қыз бала, алдын ала мәлімет бойынша, зардап шекпеді. Нәресте медицина қызметкерлерінің қарауында.
Ұсталған азамат — СҚО-ның 23 жастағы тұрғыны, өзі масаң күйде болған. Бірге тұрып жатқан 21 жастағы әйелі екеуі жанжалдасып қалған. Ер адам өз баласын терезеден лақтырамын деп қорқытқан.
Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.