Оңтүстік Кореяда комада жатқан қазақ жігітінің әйелі халықтан көмек сұрады
Төрт жыл бұрын Оңтүстік Кореяға жұмысқа кеткен Арман Ахметшаев биыл 4 қыркүйектен бері Тэгу қаласындағы ауруханада комада жатыр.
Қазақстандық аппаратқа таңулы. Сол елдің заңы бойынша науқастың жүрегі өзі тоқтағанша аппараттан ажыратылмайды. Ал оның әр секунды ақылы. Сондықтан Арманның әйелі халықтан көмек сұрайды, деп хабарлады turkystan.kz.
Алматы облысы Қарасай ауданы Үштерек ауылында тұратын Бану Жақсылықова шетелде комада жатқан жұбайын санавиациямен елге алдырту үшін шұғыл көмек сұрап отыр.
Менің жұбайым, екі баламның әкесі Арман Ахметшаев 2019 жылдың қазан айында тұрмыстық жағдайды жөндеу, кредиттерін жабу мақсатында Оңтүстік Кореяға жұмыс іздеп кеткен. Сол елде төрт жылға жуық құрылыс саласында жұмыс жасап жүрді.
Бізге 4 қыркүйек күні Оңтүстік Корея елінен қоңырау шалып, Арман Тэгу қаласындағы үлкен ауруханада жансақтау бөлімінде комада жатыр деген ақпарат берді.
Оңтүстік Корей еліндегі бас елшілік бізбен видеохабарлама арқылы мән-жайды толық түсіндірді. Арманның жүрегінің соғуын ұстап тұрған аппарат ақылы, әр секундына төлем жасауымыз керек.
Корей елінің медицина заңы бойынша аппараттан тоқтатуға рұқсат жоқ. Жүрегі өзі тоқтағанша, аппаратта таңылып тұрады. Қанша уақыт жататыны белгісіз: бір ай ма, бір жыл ма? Жүрек тоқтаған жағдайда аурухананың шығынын толықтай төлейсіздер және өз қаражаттарыңызбен санавиация ақысын төлеп, Қазақстанға жеткізе аласыздар, ал осының барлығын төлей алмаған жағдайда, Оңтүстік Корея елі кремация жасайды, сіздерге күлін ғана бере аламыз дейді. Әрине, біз бұған келіспейміз. Бізге шұғыл түрде Арманды аппараттан шешпей, санавиация арқылы Қазақстанға жеткізу керек! - дейді Бану Жақсылықова.
Оның сөзінше, қазіргі таңда аурухана ақысы 14 күннің ішінде 8 млн теңгеге жеткен. Одан бөлек, әзірге санавиацияның ақысы қанша болатыны белгісіз.