Сыпыра тігу сүйікті ісіне айналған жас ана

Жас ананың сыпыраны қалай тігу керек екені туралы түсірген видеосы 500 мыңнан астам қаралым жинады.

Сыпыра тігу сүйікті ісіне айналған жас ана

Сыпыра – ұн елеп, қамыр жайғанда астына қоятын тері жайма. Бұрынырақта бұл отбасының берекесін арттырып,  ынтымағын жарастыратын қасиетті бұйым саналған. Бала кезімізде әжелеріміздің қос білегін түріп, сыпыраның үстіне қамыр жайып жатқан сәтіне талай рет куә болғанбыз. Ал бүгінде қой-ешкінің иленген терісінен жасалған сыпыраны сирек кездестіреміз. Дегенмен арамызда ұмытыла бастаған асүй құралын заманға сай етіп тігіп жүрген шеберлер де бар. Соның бірі – Қарағанды тұрғыны Нұрила Икашева. Оның қолынан шыққан дүниелер үлкен сұранысқа ие. Жақында кейіпкеріміздің қолынан шыққан жұмысының видеосы әлеуметтік желіге таралып, 500 мыңнан аса қаралым жинады. Turkystan.kz тілшісі күнделікті тұрмысқа қажетті заттарды заманға, тұтынушы талғамына сай икемдеп, нарыққа ұсынып жүрген қолөнер шеберімен тілдескен болатын.

Нұрила Икашева – екі қыз тәрбиелеп отырған жас ана. Үлкені екі жаста болса, кішкентайы төрт айдан енді асқан. Соған қарамастан ол сүйікті ісінен қол үзбеген. Он саусағынан өнер тамған тігінші бүгінде үйінен шықпай-ақ кәсібін дөңгелетіп отыр.

«Қарқаралы ауданы Абай ауылында туып-өстім. Әкем Мейрам марқұм механизатор болды ауылда, анам үйде біздің тәрбиемізбен айналысты. Бала кезімнен іс тігуге қызықтым. Үйде көп нәрсе қолдан тігілетін. Анам екеуіміз қой жүнінен құрақ, жамылатын көрпе, түскиіз, балаларға желетке тігетінбіз. 5 сынып оқып жүрген кезімде әкем мен анам қызығып жүргенімді көріп, тігін мәшинесін алып берді. Әкем менің әр тіккен затымды достарына, туған-туысқа көрсетіп мақтап отыратын. Қалаға келіп басқа мамандыққа оқуға түсіп, оны жақсы бітіргеніммен, тігінге деген құштарлығым басымырақ болды. Бір жағынан жұмысқа тұру қиын, барлық жерде жұмыс тәжірибеңді қажет етеді. Содан базарда ательеге жұмысқа тұрдым. Сенесіз бе, бір күндік еңбегім 500 теңге ғана болатын», – деп еске алады кейіпкеріміз.

Қазір қыз-келіншектер аядай бөлме ішінде еттің қамырын қоятын жер таппай жататыны рас. Осыны білген Нұрила оқтаумен жазылған нанды жайып, кептіруге арналған сыпыра жасаған. Бұл көп орын да алмайды әрі жинап алып қоюға да ыңғайлы. Кейінгі кезде аналарымыз қазақ тұрмысында болған асүй құралының заманауи түрін қыз жасауына қосып жүр екен.

«Негізі құрақ құрап, киімнің барлық түрін тіге беремін. Бірақ кейінгі кезде сыпыраға көп тапсырыс түседі. Тіпті, Қырғыз Республикасынан арнайы тапсырыс беретін тұрақты клиенттерім бар.  Бұл –  жайма жаюға арналған, көп  орын алмас үшін мақта матадан тігілген бұйым. Шелпекке арналғаны да бар. Өте ыңғайлы, жаймаларды, шелпектерді  бірінің үстіне бірін қоя бересіз. Әзірге тек тапсырыспен осы затты тігіп жүрмін. Сыпыраны қыз жасауына қосып жатыр. Үйіміз кішкентай, бір ғана бөлме. Бір күні сыпыра жасауды құдағиымның «статусынан» көріп үйреніп алған едім. Содан әлеуметтік желіге  салған видеом көп қаралым жинап, қыз-келіншектердің қызығушылығын арттырды», – дейді тігінші.

Нұриланың үйде отырып бастаған ісін жолдасы да қолдап, барлық жағдайын жасап берген. Қолөнерші бүгінде мобилография курсын оқып, сурет, видео түсірудің де сырын меңгеріп алыпты.

«Адам ең алдымен өз ісін жақсы көруі керек. Тігін өнері тиянақты болуды талап етеді. Олай болмаса, заттарыңыз ұқыпты тігілмейді, ал оны клиент ұнатпайды. Сосын қайтып келмейтін болады. Ал керісінше жағдайда, тұрақты тұтынушыңызға айналады. Бір үлкен сыпыраны толығымен бітіруге бір күн уақытым кетеді. Матаны алдын ала жуып қоямын. Тігін өнеріне қатты берілгенімді байқаған жолдасым Арман керек заттың бәрін алып берді, басқа да түрлі курстар оқуыма қарсы болған емес. Сол үшін алғыс айтқым келеді.  Ендігі мақсатым – үлкен тігін цехын ашып, өз брендімді қалыптастыру», – дейді Нұрила Икашева.