«Қарызсыз қоғам»: Алматы облысында 5 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды

Жыл соңына дейін 9 мыңға жуық азаматтың қаржылық сауатын арттыру жоспарланған.

«Қарызсыз қоғам»: Алматы облысында 5 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды
531

Қазір миллионнан астам қазақстандық несиесін төлей алмай жүр. Мемлекет басшысы тұрғындардың кредитті шамадан тыс алуы қатты алаңдататынын айтып, азаматтарды жаппай қаржылық сауаттылыққа оқытудың ауқымын кеңейтуді тапсырған еді. Осыған байланысты жыл басында «AMANAT» партиясы Halyk Bank-пен бірлесіп, «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосқан болатын. Аз уақытта жақсы нәтиже көрсеткен жобаға Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Маңғыстау облыстары қатысып жатыр.

Аталған бағдарлама бойынша Алматы облысында жыл соңына дейін 9 мыңға жуық азаматтың қаржылық сауатын арттыру жоспарланған. Қазір Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Іле, Қарасай, Кеген және Талғар аудандарында 5 мыңнан астам адам бұл курсқа қатысты.

Алматы облысы бойынша «Қарызсыз қоғам» жобасының менторы Зәмзәгүл Сламбекованың айтуынша, ауыл азаматтары қаражатты үнемді әрі тиімді жұмсауды бірте-бірте үйреніп келеді. Курс қатысушылары кіріс-шығысты есептей білуді, қаржыны ұтымды жоспарлауды, дұрыс мақсат қою жайлы пайдалы мәліметтер алады.

Айта кету керек, осы уақытқа дейін оқуға қатысқан тұрғындардың 95 пайызында банктер мен микроқаржы ұйымдары алдында берешектері бар. Олардың көпшілігі бірнеше несие өтеп жатқаны анықталды. Тіпті арасында 12 несиесі бар отбасы да болған. Алайда, жоба аясында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, оңтайлы шешімдер ортаға салынды.

«Курсқа орта жастағы азаматтардан бөлек ақ жаулықты аналар мен қазыналы қарттар да қатысып жатыр. Мәселен, С.Т. есімді зейнеткердің 22 жастағы баласы соңғы екі жылда құмар ойынға тәуелді болып, онлайн микроқаржылық ұйымдардан 6 несие рәсімдеген. Ұлында тұрақты табыс болмағандықтан несие төленбей коллекторлық компаниялар ата-анасына қысым көрсете бастаған. екі Сөйтіп, екі зейнеткер ұлдарының берешектерін өз мойындарына алып, зейнетақысынан төлеп жүрген. Баласының шоттары бұғатталып, несие тарихы бұзылғанына байланысты ешқандай кәсіппен айналысуға мүмкіншілігі болмай, тұрақты жұмыс орнына тұра алмаған. Ұлының болашағына уайымдаған қос қария бұл жайт олардың денсаулығына кері әсерін тигізіп, «көп ауыратын болдық» деп шағымданды», – дейді ментор.

Зәмзәгүл Сламбекова қаржы курсынан кейін несие төлемдері мен құжаттарын талдау нәтижесінде қос зейнеткердің 22 жастағы баласы 4 несиесін толық жабуға мүмкіндік алғанын атап өтті. Шоттары бұғаттан шығарылып, екі несиесі бойынша төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімі жүргізіліп жатыр. Жоба аясында, жұмыссыз жүрген азамат жұмыс орнын тауып, тамыз айында ортасында жұмысқа шығатынын мәлімдеген.

Зәмзәгүл Сламбекова «Қарызсыз қоғам» аясында аясында қаржы сарапшыларының көмегіне жүгініп, несиені уақытылы төлей алмағандардың да мәселесі оң шешімін тапқанын айтады.

«Мәселен, Еңбекшіқазақ ауданында тұратын 56 жастағы зейнеткердің екі несиесі бар. Біріншісі – 400 мың. Оны ұлы кешіктірмей төлейді. Содан соң 2019 жылдың қыркүйегінде қоғамдық тамақтану нүктесіне қажет жабдықтарды сатып алу үшін 2 400 000 теңге көлемінде несие алған. Алайда аудан тұрғыны арнайы тексерістен кейін оны мақсатсыз пайдаланған. 2020 жылы карантинге байланысты табыс болмағандықтан, несие уақытылы төленбеді. Зейнеткер 2022 жылдың күзінде емделу үшін Қырғызстанға бармақ болған, бірақ берешегіне бола елден шығуға тиым салынғанын хабарлаған. Іс жеке сот орындаушысына берілген. Сосын ол жобаның қаржы сарапшысы А. Жайлыбаевамен бірлесіп, мәселені ықтималды жолмен шешу үшін заңгерлер көмегіне жүгінді. Нәтижесінде медициналық қорытынды негізінде және жеке сот орындаушысына жүгінгеннен кейін емделу үшін шетелге уақытша шығуға мүмкін екені белгілі болды. Сондай-ақ, несиені жаңадан бөліп төлеу кестесіне өтініш берілді», – дейді ментор.

Жоба аясында жеке кәсіп ашуды көздеп, жоба заңгерлерімен ақыл-кеңес сұрау үшін келгендер де жетерлік. Соның бірі  – Ұлболсын Сейтқазиева. Ұлболсын бұрын пошта саласында қызмет еткен. Қазір денсаулығына байланысты үйде отыруға мәжбүр. Алайда ол үйде қол қусырып отырғысы жоқ. Жеке кәсібін ашуды көздейді. Сондықтан «Қарызсыз қоғам» жобасы арқылы қаржылық сауатын арттырып, кәсібі арқылы табысқа кенелуді көздейді. «Көзім ауырып үйде отырмын. Жеке бизнес ашқым келеді. Негізі, өзімді бұрын қаржылай сауатым бар деп ойлайтынмын. Алайда, білмейтінім көп екен. Бұл жобаны іске асырып жатқан ұйымдастырушыларға рахмет», – дейді Ұ. Сейтқазиева.

Сондай-ақ Талғар қаласындағы мектептердің бірінде қызмет ететін мұғалім балаларды дамыту орталығын ашу үшін жоба заңгерлерінен ақыл-кеңес сұрай келген. Нәтижесінде «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5 пайыздық несие қаражатын алудың жолдары мен шарттары түсіндіріліп, бизнес жоспар құратын болып келісілді.

Серіктес жаңалықтары