Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасы бір жылда 9,8 %-ға өсті

Қазақстанда фармацевтикалық өнім өндірісі азайды.

Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасы бір жылда 9,8 %-ға өсті
zhanaqorgan-tynysy.kz
993

Биыл қаңтар-шілде айларында елімізде негізгі фармацевтикалық өнімдер мен препараттар өндірісі бір жыл бұрынғы 90,7 млрд теңгемен салыстырғанда 86,7 млрд теңгені құрады. Ақшалай көрсеткіштің жылдық төмендеуі 4,4%, деп хабарлады turkystan.kz.

Өңірлер бойынша ең көп өнім көлемі Шымкентке тиесілі: бір жыл бұрынғы 32,7 млрд теңгемен салыстырғанда 26,9 млрд теңге. Екінші және үшінші орында Алматы облысы (25,3 млрд теңге) және Алматы (16,2 млрд теңге) қалалары тұр.

Energyprom.kz сайтының мәліметінше, 80,7 млрд теңгеге фармацевтикалық препараттар, 3,6 млрд теңгеге негізгі фармацевтикалық өнімдер, 2,4 млрд теңгеге ветеринарияға арналған дәрілік заттар өндірілді.

«2023 жылдың қаңтар–маусым айларында Қазақстан 694,2 млн АҚШ долларына 13,9 мың тонна дәрі-дәрмек импорттады. Физикалық мәнде өсім 11,9%, ақшалай керісінше, 3,7% төмендеген. ҚР-ға ТМД елдерінен 62,7 млн АҚШ долларына 4 мың тонна дәрі-дәрмек әкелінді. Ең көп Ресейден әкелінді: 2,9 мың тонна — былтырғыдан 14,7% аз. Негізгі бес жеткізушілердің қатарына Беларусь, Украина, Өзбекстан және Молдова кірді», – делінген хабарламада.

ТМД-дан тыс елдерден Қазақстанға 631,5 млн АҚШ долларына 9,9 мың тонна дәрі-дәрмек әкелінді. Мұнда жетекші жеткізушілер Қытай (2,2 мың тонна), Германия (1,3 мың тонна) және Үндістан (1,2 мың тонна).

«Биыл тамыздың соңында ҚР-да фармацевтикалық өнімдердің бағасы бір айда 0,3%, бір жылда 9,8% өсті. Ай сайынғы динамика бойынша бағаның ең көп өсімі Ақмола облысында (1,3%), ең азы Алматы, Жамбыл және Қостанай облыстарында (әр облыста 0,1% ғана) тіркелді. Тағы екі облыста — Абай мен Павлодарда баға бұрынғы деңгейде қалды, ал Батыс Қазақстан (0,3%) және Шығыс Қазақстан (0,7%) облыстарында баға арзандады», – делінген хабарламада.

Жылдық динамика бойынша бағаның ең көп өсімі Алматы (16,6%), Ұлытау (14,7%) және Қызылорда (14,4%) облыстарында, ең азы — Жетісу облысында (4,7%) байқалды. Ешбір аймақта бағаның төмендеуі немесе ең болмағанда бағаны бұрынғы деңгейде ұстап тұру байқалған жоқ.

 

Серіктес жаңалықтары