Ең төменгі жалақыны көтеру оң өзгерістерге алып келеді – Еркін Әбіл

Депутаттың айтуынша, ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгемен шектелмейді.

Ең төменгі жалақыны көтеру оң өзгерістерге алып келеді – Еркін Әбіл
1196

Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйек күні Қазақстан халқына «Әділетті мемлекет. Біртұтас Ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауындағы негізгі бастамалар мен нақты тапсырмалар жайлы пікір білдірді.

«Биылғы Жолдаудың үлкен ерекшелігі – Қазақстанның экономикалық моделін өзгертуге бағытталып отыр. Көп жыл бойы қалыптасқан  экономикалық жағдайды жүйелі түрде өзгертуге әрекет жасалып жатыр. Оның ішінде Қазақстан экономикасында өңдеуші өнеркәсіптің рөлін көбейту ерекше назарға алынды. Құпия емес – бүгінгі күнге дейін экономиканың негізгі драйвері кен өндіру өнеркәсібі, сауда, құрылыс салалар болды. Ал енді алдағы 5 жылдың ішінде өндіруші өнеркәсіптің рөлін арттыру турасында Президент тапсырма берді. Бұл біздің экономикамыз үшін үлкен өзгерістер алып келеді. Себебі оның әсерінен инфляция азаға тиіс. Қазір инфляцияның көбі сырттан келеді. Өзіміздің елімізде тауар өндірілмеген соң сыртқы инфляция бағаға әсер етіп жатыр. Мысалы, тұтынушы заттардың көбін шетелден аламыз. Алдағы уақытта өнеркәсіп саласы дамыса, өзіміз өнім шығаратын болсақ, онда сыртқы инфляцияның ішкі нарыққа әсері азаяды. Жоспар бойынша, бұл халықтың табысын да көтеруге септігін тизігеді», – деді Еркін Әбіл.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елдегі ең төменгі жалақы көлемі 85 мың теңгеге дейін көтерілетінін мәлімдеді. Бұл өзгеріс 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Парламент Мәжілісінің депутаты өз тарапынан жалақыны есептеуге байланысты бірнеше ұсыныс білдірді.

«Президенттің тапсырмасы бойынша, келер жылдан бастап ең төменгі жалақы 85 мың теңге болады деп бекітілді. Бұл көп пе, әлде аз ба деген сұрақ туындауы мүмкін. 85 мың көп ақша емес. Оны Үкіметте, депутаттар да түсінеді. Бірақ бірден халықаралық стандарттарға сай ең төменгі жалақыны біз қазір қоя алмаймыз. Себебі бұл экономикалық жағдай, бюджетпен байланысты. Жалпы соңғы 3 жылдың ішінде Президент осы мәселеге ерекше назар аударып жатыр. Статистикаға қарасақ, жыл сайын ең төменгі жалақы 7 пайызға көтеріліп отырған. 2019 жылдан бастап бірден 50 пайызға өсті. Ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді. Бұл тек әлеуметтік салдарға әсер етіп қоймай, экономикалық өзгерістерге алып келеді деп ойлаймын. Себебі бұл өзгеріс халықтың тұтынушылық мүмкіндігін арттырады. Жұрттың ақшасы көбейгеннен кейін, әрине, сауда саласына, шағын бизнес секторына ақшаны алып келеді», - деді ол.

Депутаттың айтуынша, ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгемен шектелмейді.

«Болашақта идеалды көрсеткішке жетеміз. Елімізде 2023 жылдың жазында медиандық жалақы мөлшері 240 мың болды. Сәйкесінше, идеалды түрде ең төменгі жалақы 120 мың болуға тиіс еді. Бірақ мемлекет 42 500 теңгеден бірден бұл сомаға көтеруі мүмкін емес. Бірте-бірте сатылап 3-4 жылдың көлемінде минималды жалақыны медианды жалақының 50 пайызына жеткізуге болады. Халықаралық тәжірибегі қарасақ, көп елде ең төменгі жалақы көрсеткіші – 50 пайыз. Ал Еуропа одағында орташа жалақының 60 пайызын минималдық жалақы құрайды. Сондықтан тұрақты экономика болуы үшін, кедейлік деңгейін азайту үшін және жалақы деңгейі әділ болуы үшін бізде де осы көрсеткішті жоспарлау керек. Әрине, бұл жұмыс бір жылда істелуі қиын. Орта және шағын бизнеске үлкен қысым көрсетеді», – деді Мәжіліс депутаты.

Сондай-ақ ол Қазақстандағы инфляция жалақы деңгейімен тікелей байланысты емес екенін айтады.

«Мысалы, биыл жарты жылдың ішінде инфляция 13 пайызға өсіп кетті, бірақ жалақы өсімі болған жоқ. Сондықтан біздің Қазақстандағы инфляцияға басқа факторлар әсер етіп жатыр.

Ең маңызды фактор – өнім шығару аз. Шетелден тауар алатын саудагерлер елімізде үстіне баға қосып сатады. Бұл инфляцияға әсерін тигізеді. Онымен күресудің жолдары бар. Ол үшін елімізде өнім шығару көрсеткішін ұлғайту керек. Президент өңдеуші өнеркәсіпті дамыту жөнінде нақты тапсырма берді. Бұл тапсырмалар орындалса, инфляция төмендейді.

Екінші жол – жоғары жалақы алатын топтардың да жалақысын реттеу керек. Әсіресе, квазимемлекет секторында, менеджменттің, банк саласының жалақысын реттеу керек деп ойлаймын. Жалпы квазимемлекеттік секторды мемлекеттік бақылауға алатын кез келді. Бақылау күшейтілсе, онда жалпы жалақы төлеу әділ болады деп ойлаймын.

Бұл шараларды бір жылдың ішінде іске асыру, әлбетте, мүмкін емес. Сондықтан 3 жылдық бюджетті бекіткен кезде және Жолдауды орындаудың жоспары жасалған кезде Үкімет осындай шараларды назарға алады деген ойдамын», – деді Еркін Әбіл.

 

Серіктес жаңалықтары