«Мерейлі отбасы - 2023» байқауының лауреаттары марапатталды
«Мерейлі отбасы - 2023» байқауының лауреаттары марапатталды
Бүгін Отбасы күні қарсаңында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлады turkystan.kz.
Жыл сайын өткізу игі дәстүрге айналған үлгілі отбасылар байқауы – елімізде жанұя құндылықтарының рөлін арттырып, отбасы мен некенің оң имиджін дәріптейтін ауқымды да маңызды оқиғалардың бірі. Конкурсқа 10 жыл ішінде Қазақстанның барлық өңірінен 20 мыңнан астам отбасы қатысты.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаева салтанатты шараның ашылу барысында байқау жеңімпаздарына Мемлекет басшысының құттықтауын оқыды.
«Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздарын шын жүректен құттықтаймын! Бұл - төл құндылықтарымызды дәріптеп, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға жол ашатын маңызды жоба. Әр аймақтары өнегелі отбасылардың байқауға белсене қатысуынан елімізде береке-бірлігі жарасқан құтты шаңырақ иелері аз емес екеніне көз жеткіздік. Олардың арасында белгілі бір мамандықты ата касіпке айналдырған азаматтардың көп болуы - қуантарлық жайт. Осындай үлгілі әулеттер қоғамда ұрпақтар сабақтастығын сақтауға ықпал етеді. Халқымызда «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген жақсы сөз бар. Отаншылдық, білімпаздық, еңбекқорлық, үнемшілдік, жанашырлық, әділдік сияқты «Адал азаматқа" тән қасиеттер, ең алдымен, отбасында қалыптасады. Әділетті Қазақстанды осындай жандар құрады. Мемлекет отбасы институтын дамытуға, ана мен баланы қорғау мәселесіне әрдайым айрықша назар аударады. Осы бағытта ауқымды істер атқарылып жатыр. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады. Әр шаңырақтың ырысы артып, мерейі таси берсін! Баршаңызга зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!», - делінген құттықтау хатында.
Биыл аталған байқауға 3 344 отбасы қатысты. Олардың 40%-ы - қалалық және 60%-ы - ауылдық отбасылар.
Түрлі кәсіп пен еңбек әулеттерінен құралған 20 отбасы – өңір жеңімпаздары атанды. Олардың қатарында ұстаздар, қолөнершілер, металлургтер, әскери қызметшілер, кәсіпкерлер, агроөнеркәсіп саласының мамандары бар.
Отбасының әрбір мүшесі – ауылдастарының, қала тұрғындарының, әріптестерінің, көрші-қолаңның құрметіне бөленген, Отанына адал қызмет етіп жүрген еңбек адамы, ауылдың, қаланың қарапайым еңбеккерлері.
Марапаттау рәсіміне Мемлекеттік органдардың өкілдері, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері қатысты.
Лауреат отбасылар дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Марапаттау рәсімі қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен мерекелік концертпен жалғасты.