Тарихтың Ақтұйғыны

Тарихтың Ақтұйғыны

Тарихтың Ақтұйғыны
ашық дереккөзі
51286
Мамандығымыз журналист, жазушы болған соң әр саланың адамдарымен жиі араласамыз. Солардың ішінде өте бір жақын тұтатынымыз – тарихшылар қауымы. Солардың ішінде мүйізі қарағайдай Манаш Қозыбаев, Кеңес Нұрпейісов, Мәлік Асылбеков, Мәмбет Қойгелдиев, Талас Омарбеков сияқты көрнекті тарихшылардан бастап орта мектепте сабақ беретін тарихшы мұғалімдерге дейін бірқатарын білетінбіз. Арасында ешқандай шиеленіске бармайтын конфликтке жоламайтын, оқу орнында дәрісін беріп тыныш жүре беретін момын мінезділері қаншама? Бірақ бұл «момын мінез» тіркесі көне тарихтың білгірі, тарих ғылымының кандидаты Әлімғазы Дәулетхан ағаға еш қатысы жоқ. Ол өзі әділетсіздікке, жалғандыққа жаны қас, ұлт мүддесін жанынан жоғары тұтып, ақиқат үшін арыстандай арпалысқа түсе алатын күрескер тұлға. Тарих ғылымының кандидаты дегенімізбен білімі академиктерден артық болмаса кем емес. Үлкен маман. Докторлығын қорғайтын кезде докторлық диссертациялық кеңестер таратылып, ғылыми деңгейлер басқа өлшемдерге көшіп кетті. Әлекеңмен оншақты жылдан бері таныспын. Жастық шағы туралы, Қы­тай еліндегі мәдени ревоюция, қазақ, ұй­ғыр сияқты саны аз ұлттарға жасалған қы­сым, бірнеше ұлтшыл азаматтың Қа­зақстанға қашып өтуі, кеңестік режим қыс­пақтары, оқуға деген ынта, өмірден өз ор­нын табуы жайында шерткен сырлары әлі күнге жадымда. Әлімғазы Дәулетхан аға 1943 жылы қыркүйек айында Қытай жерінде, Іле Қазақ ав­тономиялы облысы Күнес ауылында дү­ниеге келген. Шынжаң университетінің қы­тай тіл-әдебиеті факультетін, Шымкент мем­лекеттік педагогика институтының қа­зақ тіл-әдебиеті факультетін бітірген. Қа­зақ теле-радио комитетінің «Алатау» те­леарнасында редактор, «ZAMAN-Қа­зақстан» газетінде аудармашы, тілші болып істеді. Бірқатар ғылыми еңбектерімен көзге түскен соң 1997 жылы Ұлттық Ғылым ака­демиясының Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтына қыз­мет­ке қабылданды. Қысқа уақытта «Ежелгі жә­не орта ғасыр» бөлімінде жетекші ғы­лы­ми маманға айналды. Оның «Ежелгі жә­не орта ғасырлардағы түркілер» атты кө­лемді зерттеу еңбегін ұзақ жылдардағы ғылыми ізденістерінің жиынтық жемісі ретінде бағалауға болады. Монографияда біздің жыл санауымыздан бұрынғы мың жыл­дық пен б.д. VІІІ ғасырына дейінгі та­ри­хи оқиғалардың маңызын зерделеуге ар­налған. Әйгілі Талас-Атлах соғысы ту­ра­лы тұжырымды пікірлер сонда айтылған. Көзі қарақты оқырман Әлімғазы Дәу­­­летханұлының қазіргі Қазақ­стан тарих ғылымының танымал өкілі еке­нін біледі. Ғалымның негізгі ғылыми зерттеу жұмыстары Түркеш қағанатының (692-766 жж) құрылуы, түркештердің этни­калық құрамы, ежелгі руникалық түркі жаз­баларындағы Түркеш қағанатына қа­тыс­ты деректерді қарастыруға бағытталған. Ол қазақ тарихының ғасырға жуық ақтаң­да­ғын айқындап, түркештердің этникалық құ­рамы, этноаумағы, ел билеу үрдісі, дип­ло­матиясы, сондай-ақ әлеуметтік-эконо­ми­калық, шаруашылық және мәдени жағ­дайына қатысты көптеген тың және нақ­тылы мәліметі келтіреді. Әрі қазақ хал­қы­ның рухани-мәдени дамуын да үнемі на­зарда ұстап отырады. Ғалым сонымен бірге әлденеше оқу құралы мен оқулықтардың авторы. Әлімғазы Дәулетханұлы қарап отырсақ, Отан тарихының ежелгі және орта ғасыр­лар­дағы өзекті мәселелеріне қатысты бес монография, 200-ге жуық ғылыми және ғы­лыми-көпшілік зерттеу мақалаларын жа­риялапты. «Түргеш қағанаты», «Ғұн-тү­рік-қазақ тарихы зерттеу мәселелері», «Шығыс Түркістан халықтары ұлт-азаттық дәуір әдебиеті», «Ежелгі түркілер» атты мо­ног­рафиялары түркітану ғылымына қо­сыл­ған айтулы үлес болды. Бұлардан өзге «Тар­ту» атты әңгіме, повестері, сын-зерт­теу­лері топтастырылған көлемді жинағы да бар. Мерзімдік баспасөзде тарихи тұлғалар мен тіл, діл мен дін мәселелеріне қатысты ондаған ғылыми мақаласы оның ізде­ністері мен азаматтық қайраткерлігінің кө­рінісі. Қазақ тарихының көкейкесті та­қырыптарына арналған республикалық жә­не халықаралық ғылыми-тәжірибелік кон­ференцияларда жасаған мазмұнды баяндамалары бір төбе. Сексеннің сеңгіріне шыққан ғалым­ның қайраткерлігінің бір көрінісі ре­тінде мен оның «оқыс оқиға – тосын жаңа­лыққа» тосқауыл қойған бір ерлігін ес­ке алайын. 2009 жылы жарыққа шығайын деп жатқан кітабымның корректировкасын қа­рау үшін «ҚазАқпарат» баспасына бас сұқ­қаным бар. Бас директоры, марқұм Қо­ныс­бек Ботпайдың алдында жатқан «Елі­бай – Ли Бай. Ли Бо» атты көлемді кітапты көріп таңырқап, рұқсат сұрап қолыма ал­дым. Алғысөзін сенатор Өмірбек Бәйгелді, кіріс­песін филология ғылымының докторы Сауытбек Абдрахманов жазыпты. Ли Бай өлең­дерін Мұқтархан Оразбай, Мұрат Сұл­танбек, Мұратжан Сәрсен деген азаматтар қазақшалаған. Кейін теледидардан осы кі­таптың тұсаукесерін де көрсетті. Бұл кі­тап тек мен ғана емес қалың оқырман қауым­ды да екіұдай күйде қалдырды. Қытай ақынының қазақ болып шық­қаны күмән туғызды. «Ол Орталық Азиядан, ғұндардан шыққан екен, Шу өзенінің бойында, Шу қаласында дүниеге келіпті-мыс». «Қытай елінің бүкіл тарихындағы ең ұлы, ең биік, әлемге әйгілі болған Ли Бай де­ген ақынын зерттей келгенде біздің қа­зақ халқының төл ұрпағы екені дәлелденіп анықталыпты-мыс». «Ақын өзін «Дулат ба­­­­ба­ның тоғызыншы ұрпағымын» депті-мыс». Ақынның сақталған шежіресі бойын­ша: «Бесінші атасы түрік қағанатының қа­ғаны болған» дейді-мыс». Мұның бәрін бұ­рын неге естімегенбіз? Мұндай көре­ген­су­дың пайдасы қаншалықты? Әлдебір ішкі түйсік сөйтіп қабылдатпай-ақ қойғаны. Өстіп жүргенде көп ұзамай «Қазақстан» га­зетінің 2009 жылғы қазан айындағы бір санында Әлімғазы Дәулетханның «Тарих түйінін Сізше тарқату – күнә!» деген ма­те­риалы көзге түсті. Онда алғысөздегі әлгін­дей пікірлердің авторы сенатор Өмірбек Бәйгелдіге қарата мәселенің ақ-қарасын ұсы­нады. Жаны күймей қайтеді? Өзі Шын­жаң университетінің қытай тіл-әдебиеті фа­культетінің түлегі болса! Қытайдың көр­ші елдерге қатысты саясатына бір кісі­дей қанық болса! Бойында ұлтшылдық қа­ны тулап тұрса! Қытай ақыны Ли Баоны қазақтандыр­ған­сып «Елдібай, Елібай» атап жұртты о бас­та шатастырған Мұхтархан Оразбай де­ген кісі екен. Ол 2007 жылы көктемде «Қа­зақ әдебиеті» газетінде Елдібай ақын ту­ралы көлемді мақала жариялайды. Ар­тынша «Елімен қауышқан Елдібай ақын» атты кітап шығарады. Ли Бао біздің қазіргі жыл санауымыз бойынша 701 жылы туып, 762 жылы қайтыс болған. Оның қытай ті­лінде 25 том шығармасы сақталынған дей­ді. «Шу қаласы маңында туыпты, арғы аталары дулу тайпасынан шыққан екен» дейді. Дулу тайпасы туралы болжам кенет Ду­лат тайпасына айналып кетеді. «Елібай­дың – Ли Баоның арғы тегі Дулат тайпасы­нан шыққаны» туралы жаңсақ хабар бір­қатар адамдарды желіктіреді. Олардың ара­сында өкінішке қарай сенатор Өмірбек Бәй­гелді ағамыз да болады. Ли Байды қазақ етушілер Астанада өт­кен дүбірлі басқосуында Ли Байды наси­хат­тауға байланысты бірқатар жоспарлар жасайды. Оған қазақ жерінде мәрмәр тас­тан ескерткіш орнату ойластырылыпты. Шу жерінде мұражай ашу жоспарланған. Ли Байдің 25 томдық өлеңдер жинағын тү­гел қазақ тіліне аударып, жарыққа шы­ғару үшін бюджеттен қаржы бөлдірту мә­селесі ортаға қойылған. Астана не Алма­ты­дан Ли Байтану институтын не болмаса ор­талығын ашу көзделген. Қытайда Ли Бай­ға қатысты түсірілмек 38 сериялы теле­фильм­нің алғашқы бес (Ли Байдың бала­лық шағын) сериясын Шу-Тараз жерінде тү­сіртпек болады. Мәселенің саяси астары­на мән берместен Мұхтарханның жаңсақ тұжырымдарын жалаулатқан топ ақиқатқа мүлде үйлеспейтін осындай адасуларға ұры­нады. Бұл жалғандыққа тосқауыл қойыл­маса, салдары еліміз үшін аса қауіпті бо­л­а­тыны айдан анық еді. Әлімғазы Дәулетхан болса, 1961-1966 жылдары Шынжаң универси­те­тінде оқып, Қытай тарихы мен әдебие­ті­нен жүйелі білім алған адам ғой. Сондықтан Ли Байға қатысты белең алып бара жатқан саяси, әдеби арандату жөнінде өз көз­қа­ра­сын білдірмей тұра алмады. Оның үстіне, Ли Бай өмір сүрген дәуірге тікелей қатысты жо­ғарыда айтылғандай Батыс Түрік қаға­наты мен Түркеш қағанаты (692-766 жж) та­рихын зерттеп, ол туралы ондаған мақа­ла мен арнауы монография жазған тарих­шы ғалым екені тағы бар. Әлімғазы Дәулетхан майдан даласына шық­қан қас батырлардай алдымен жағ­дай­ды ақыл таразысымен бір сүзіп шығып, мә­селенің төркінін бірден таныды. Бұғып қал­мады, пікірін ашық айтты: «Ли Байдың Елі­бай аталуы «қытайтанушылардың» әре­кетінен туындап отыр, қазір біздегі Ли Бай ту­ралы айтылып жатқанның бәрі – көз­бояушылық! Бірінші көзбояушы қытай­лар­дың өздері. 1969 жылы қытайлар КСРО Сырт­қы істер министрлігіне нота тапсыр­ған. Онда: «Балқашқа дейінгі Жетісу аймағы – біздің жеріміз. Көне Қытай аумағы осын­ша­ма алқапқа созылып жатқан» деп лаққа­ны бар. 1985 жылы ұйғыр тілінде жария­лан­ған оқу құралында «…ХІХ ғасырдың ор­та­ларында патшалық Ресей басып алу­дан бұрын, еліміздің Батыс шекарасы Бал­қаш көлінде еді» деген жымысқы ойларын тағы жылжытады. Әлекең осы деректерді алға тарта отырып, біздің «қытайтану­шы­лардың» кімнің диірменіне су құйып отыр­ғанын көрсетеді. «Ли Бай Шуда туыпты, ол қазақ екен» деген жаңалықсымақтың аста­рын­да қандай саясат жатқанын енді аңғар­дыңыз ба?! Әлекең әрі қарай: «Ли Байді «Елдібай, Елі­байға», әкесі Ли Кыны «Алқа­би­ге», 9-атасы Ли Хауды «Дулат бабаға» айнал­дыру жолындағы әрекеттердің ғылымға, т­а­рихқа, шежіреге мүлде қатысы жоқ бос әу­решілік, тіпті, мұның халықты аранда­тып, адастыруға бастайтын жат қылық еке­ні басы ашық әңгіме» деп тұжырымдай­ды. Әлімғазы Дәулетхан бұдан кейін іле-ша­ла «Ақиқат пен аңыз», «Қытай ақыны Ли Бай шынында қай жерде туған?», «Аңқау ел­ге арамза молда немесе Мұхтарханның 15 өтірігі» атты көлемді мақалалары, «Жал­ған тарих жасау – жалған ақша жаса­ғанмен бірдей сорақы қылмыс», «Қамшы» пор­талына берілген сұхбат» деген интер­вью­лары жариялады. Ондағы басты мақ­саты – ниеті қалыс, ақыл-есі дұрыс адам­дар­дың «Ли Бай – Елдібай» елесі жөніндегі шаты­сып-бытысқан ұғым-түсініктерін айқын­дап, тарихи шындыққа көздерін жет­кізу еді. Автор мақсатына жетті де. Тарих­шылар мен зиялы қауым өкілдері Қазақ­станның түк­пір-түкпірінен Әлекеңді қол­дап-қуат­таған мақалалар мен қысқа қайы­рымды пікірлерін тоғытты дейсің. Осы­лардың ара­сында тарихшы Талас Омар­бековтің «Қа­зақстан» газетінде жарық көр­ген «Жал­ған ғалымның жетегінде кет­пейік» деген аса байсалды, әрі шамырқана ашынған ма­қаласын айта кеткен орынды. Шағын мақаласында Талас зиялы қауымды Мұхтархан тәрізді жалған зерттеушінің шимай-шатпақтарынан сақтандырады. А дегенде-ақ бұл тақырыпта дауыс кө­тер­ген белгілі қытайтанушы ғалым Клара Хафизова болатын. Ол «Алаш айнасы» га­зе­тінде (16.09.2009 №160) «...сондай дүмше, ұрын­шақ қытайтанушылардың» кесірінен Қа­зақ мемлекетінің абырой-беделі мен тұ­тастығына аса қауіп төндіретін саяси аван­тюраға жол ашылып жатқанын» ашы­на айтты. Бұл дау-дамайды құлағы шалған қы­тайтанушы, аудармашы Әбдеш Дайыр­баев та үнсіз қала алмады. Ол Уаң Яу деген кісі жазған «Ли Бай» деген кітапқа сіл­теме жасай отырып Ли Байдың 701 жы­лы туып, 762 жылы дүние салғанын рас­тай­ды. Әрі Ли Байдің «өміріндегі маңызды іс-әрекеті, жалпы, Таң Шуәң Зұң билеген сол 40 жыл ішінде болды» дейді. Ары қарай «Шу әрі мемлекеттің, патшалықтың аты, әрі өлкенің аты болған. Хуаң Хы – Сары өзен­нің солтүстігі. Бейжіңнен алыс емес. Бұл ШУ-дың біздің Шуға, қазақтың, оның ішін­де Дулаттың Шуына еш қатысы жоқ. Екі «Шу» – бір-біріне омоним сөздер. Ды­быс­­талуы бірдей, мағынасы мүлде басқа географиялық атаулар. Екеуінің арасы 10-15 мың километр жер» дейді шегелеп. Жазушы-сатирик Ғаббас Қабышұлы «Өз аталарымызды былай қойып, тіпті, таза қытай Ли Байдан «Қазақтың жыр жұл­ды­зын» жасағанымыз, әнеки!» деп ашынса, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов «Шынында Ли Бо қазақ ақыны болмаған. Оны қытай қазақтарының зиялылары тамаша дәлел­деп шықты» дейді. Бұл дау-дамайға Рақым Айыпұлы, Қалман Кочигит, Нұр-Илия Ай­саұлы, Әбілдәбек Ақыштайұлы қатарлы зиялы қауым өкілдері пікірлерін білдіріп үн қосты. Араға біршама уақыт салып академик Мә­лік Асылбеков бастаған, Мекемтас Мыр­захмет, Мәмбет Қойгелдиев, Зардыхан Қи­наят, Клара Хафизова, Талас Омарбеков, Әб­деш Дайырбай, Ибраһим Қошқари сияқ­ты тарихшылар мен әдебиетшілер қол қойған «Тарихи сананың тазалығын сақ­тайық. Қазақстан Республикасының Білім-ғылым министрлігі мен БАҚ өкілдеріне Үн­деу» жазылды. Өкінішке қарай, ол Үн­деуді жетекші басылымдар жариялай қой­мады. Десек те, Үндеудің сәл кейінірек «Ай­қын» газетінде жарияланған нұсқасындағы: «Белгілі бір шығармашылық иесінің артына қалдырған мұрасы мен өзінің белгілі бір ұлт­қа тәндігін анықтау, ең алдымен ғы­лыми-зерттеу жұмыстары арқылы жүреді. Сондай-ақ ондай іс ұзақ жылдық әрі іргелі ізденісті талап етеді. Бұл – ғылым мен мә­де­ниетте қалыптасқан және қабылданған сан ғасырлық дәстүр. Бұл ғылыми этиканы мойындамауға не тәрк етуге ешкімнің ха­қысы жоқ! Осы жағдайларды ескере оты­­­рып, қазақ қоғамының ресми деңгейде өз та­рихына сыни көзқараспен қарай ала­тын­дығына сенгендіктен, біз, Қытай елінің ұлы ойшыл ақыны Ли Байды кейбір сауатсыз «тарихқұмарлар» мен «аудар­ма­шы­лардың» оп-оңай қазақ ұлтының мә­дениетіне жатқыза салуларын ешқандай ғы­лыми этикаға үйлеспейтін әрекет ре­тінде бағалай отырып, БАҚ құралдары мен бас­па орындарын қоғамның тарихи жа­ды­на жағымсыз, кері әсері болатын мұндай әре­кеттерге жол бермеуге, қоғамның та­рихи танымын қалыптастыру ісінде әлем­дік этикалық нормаларды сақтауға ша­қы­рамыз!» деген басалқалы пікір алаяқтыққа ергендердің үстінен суық су құйғандай әсер етті. Бұдан кейін толып жатқан бұлтартпас фактіні көлденең тартып, бірқатар басылымдарда орын алған жаңсақтықтарды тоқтатып, Ли Байдың талассыз қытай ақы­ны екенін дәлелдеп береді. Тарихшы ғалым Әлімғазы Дәулетхан бұ­дан соң Астана қаласына барып, бұрынғы се­натор Өмірбек Байгелдінің өзімен жо­лы­ғып, көкейіндегі сұрақтарға жауап алуға ты­­рысты. «Елібай – Ли Бай. Ли Бо» кіта­бын­дағы тұжырымдарды дәлелдейтін онда бір сөз жазылмағандығына таңданыс білдірді. Алайда кәрия «мен ашқан жаңалықтарды қабылдауға қазақ қоғамы дайын емес» деген желеумен дәлелдерін келтіруден бас тартты. Іс жүзінде ешқандай дәлел болуы да мүмкін емес еді. Бұл яғни өз тұжы­рым­да­рынан бас тарту деген сөз ғой. Іле Пар­ла­мент спикері Мәулен Әшімбаевтың билік аты­нан Ли Бай мәселесін тоқтату қажеттігі ту­ралы ресми мәлімдемесі бұл дауға жұ­дырықтай нүкте қойды. Сөйтіп, Әлімғазы Дәулетхан бір топ ға­лымдармен бірге қазақ елін жалған «қы­тайтанушылардың» саяси астары тереңде жат­қан авантюристік пайымдауларынан құт­қарып қалды. Бұл шынайы ғалым­дар­дың, шынайы патриот тұлғалардың ғана қолынан келетін шаруа болатын. Саятшылықта, құсбегілікте ерекше қадірленетін тұйғын деген құс бо­ла­ды. Қаршыға тұқымдастарына жататын саятшы құстардың ішіндегі ең ұшқыр, ең қы­рағы, ең шалымдысы. Солардың ең сүй­кімдісін ақтұйғын деп атайды екен. Әлекең маған ұлттық мүдде жолында қылт еткенді қағып түсіретін сол ақтұйғын сияқты елес­тейді. Сол ақтұйғын азаматымыздың мәр­те­бесі қашанда биік болсын!

Марат БӘЙДІЛДАҰЛЫ, жазушы-публицист, Қазақстан Педагогикалық ғылым академиясының академигі, профессор

Серіктес жаңалықтары