51438
Үш буын ұстаздар отбасы
Үш буын ұстаздар отбасы
Ақтөбе облысында жетістіктерімен жұртшылыққа танылған, отбасы құндылықтарын қатаң сақтаған, ұрпақтар сабақтастығы жалғасқан өнегелі әулеттер көп. Солардың бірі – Нұрмановтар отбасы.
Біз саналы ғұмырын білім беру ісіне арнап, ата жолын жалғаған Нұрмановтар отбасының мүшелерімен әңгімелесіп, ұстаздар әулеті жайында мол мағлұмат алған едік. Сонымен...
Ақтөбе облысында Ырғыз деп аталатын қаймағы бұзылмаған қазақы ауыл бар. Бұл мекеннің тұрғындары бүгінде тату-тәтті тұрады. Аудан облыс орталығынан шалғайда орналасса да мұнда соңғы жылдары халыққа барлық жағдай жасалып жатыр. Тұрғындардың 98 пайызы ауызсумен, 70 пайызға жуығы көгілдір отынмен қамтылған. Екі-үш жылда бірнеше елді мекенге интернет желісі тартылды. Биыл онға жуық әлеуметтік нысан күрделі жөндеуден өтті. Бұлардың ішінде Нұра ауылдық округі де бар.
Біздің кейіпкеріміз, ел ағасы Меңдібай Нұрманов осы елді мекенде көп жыл ұстаздық қызмет етіп, бүгінде зейнеткерлікке шыққан. Қатардағы ұстаздан мектеп директорлығына дейін көтеріліп, ұзақ жылдар бойы білім беру саласында еңбек еткен Меңдібай аға о баста әке жолын таңдаған.
Оның айтуынша, әкесі Жұмабай Нұрманов кеңес заманы тұсында саналы ғұмырын ұстаздық жолына арнаған кісі болыпты. 20 жылдай педагог болып, халықтың баласына білім мен тәрбие берген.
– Әкем Жұмабай 1936-1939 жылдары Ырғыздағы Ыбырай Алтынсарин атындағы бастауыш мектептің директоры, кейін Иосиф Сталин атындағы орта мектептің директоры болды. 1942 жылдан бастап әскери бөлімде хатшы қызметін атқарды. Ал соғыстан кейінгі жылдары аудандық партия комитетінде хатшының көмекшісі болды. Әкеміз өте білімді, сауатты, өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын жан-жақты кісі болатын. Анам Сақыш Нұрманова да өмір бойы ұстаз болып еңбек етті. Ырғыз өңірінде Кеңес үкіметі кезінде үш адам «Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі» атағын алса, соның бірі менің анам еді. Ол кісі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген, – дейді Меңдібай аға.Меңдібай Нұрмановтың ұстаздық жолды таңдауына отбасында ата-анасының берген ақыл-кеңесі, көпке үлгі болған еңбек жолдарындағы жетістіктері ерекше әсер етіпті. Ол 1969 жылы орта мектепті бітірген соң сол кездегі Ақтөбе педагогикалық институтының орыс тілі мен әдебиеті мамандығына оқуға түседі. Оқуын жақсы аяқтап, одан кейін әскери борышын өтеп келген соң, туған жері – Нұрадағы Темірбек Жүргенов атындағы орта мектепке жұмысқа қабылданады. Бұл мектепте ол 1995 жылға дейін көп жыл ұстаздық етеді. Бұдан кейін 1995-2014 жылдар аралығында осы округке қарасты Белшер ауылындағы негізгі мектепті басқарады. Қазір ол осы Белшер ауылында тұрады. Мұнда 40-тан астам түтін бар. Елді мекенде негізгі мектеп пен клуб, дәрігерлік амбулатория мен кітапхана жұмыс істейді. Бұл ауыл түгел ауызсумен қамтылған, дегенмен мұнда көгілдір отын әлі келмей жатыр. Нұра мен Белшердің арасы 30 шақырым. Биыл Нұра ауылына газ құбыры тартылуда. Белшерліктер де газдың жуық арада келуін тілеп отыр. Меңдібай ағаның айтуынша, ол мектепті басқарған тұста елде тоқырау болып, ұстаздар уақытымен еңбекақысын ала алмаған, мұғалімдер жетіспеген. Соған қарамастан, шағын ауылдағы білім ордасы жабылмай, бүгінге дейін мұнда халықтың баласы білім алып келеді.
– Мен мектепті басқарған кездер заманның қиын кезі еді. Ол кездері біз төрт-бес айға дейін жалақысыз жүретінбіз. Соған қарамастан, ұстаздық жолды тастап кетпедік. Қанша қиындық болса да, мектептің жұмысын жолға қойып, кадр мәселесін шешуді басты мақсат еттік. Ол кезде біздің мектебімізде пән мұғалімдері жетіспейтін. Қазір еске түсірсем, 1995-2000 жылдары Белшер негізгі мектебінде 80-нен астам бала оқыпты. Бала саны аз болғанымен, білім сапасы, мұғалімдердің біліктілігі жоғары болды. Ол кезеңде электронды ақпарат алу мүмкіндігі болмады. Соған қарамастан, мұғалімдер сабаққа үлкен ізденіспен келіп, өз жұмыстарын аса жауапкершілікпен атқаратын. Талабы қатал ұстаздар шәкірттерінің де оқуға деген ынтасын оятып, оқушылардың жан-жақты болып шығуына барын салды. Мұғалімдер де, оқушылар да ауылдағы қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып, күн сайын мектепте оқу-тәрбие жұмысы «қайнап» жататын. Міне, осындай қиын шақтарды бастан өткізсек те, әлі күнге дейін сол кезеңде ұстаз болғаныма қуанамын, – дейді кейіпкеріміз.Оның айтуынша, ұстаз үшін шәкірт тәрбиелеп, олардың кейін сан түрлі салада еңбек етіп, жетістікке жетуі – зор бақыт. Бүгінде Меңдібай Нұрмановтың шәкірттері еліміздің әр өңірінде өз мамандықтары бойынша абыройлы еңбек етуде. Шәкірт тәрбиелеп қана қоймай, ұстаздардың да жан-жақты өсуіне, жоғары жетістікке жетуіне қамқорлық жасаған оған бүгінде әріптестері де дән риза. Ауылдың тұрғындары Меңдібай ағаны «ардагер-ұстаз» деп ерекше құрметтейді. Білім күнінде өтетін мәдени іс-шараларға шақырады. Ал Нұрмановтар отбасын «ұстаздар әулеті» деп таниды. Меңдібай ағаның зайыбы Сәбила Диханова да ұзақ жылдар бойы мектепте мұғалім болып қызмет етіпті. А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын бітірген ол 20 жыл бойы Темірбек Жүргенов атындағы орта мектепте, 18 жыл Белшер негізгі мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген. Өз қызметінде «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» атағын алған. Меңдібай, Сәбила Нұрмановтар – бүгінде білім беру саласына өзіндік үлес қосып қана қоймай, шаңырақтарында отбасылық құндылықтарды қастерлеп, салт-дәстүрді берік ұстанған, ұрпағына тағылымды тәрбие берген ардақты жандар. Олар – отбасында төрт бала өсіріп, қазір солардан тараған ұрпақтарының қызығын көріп отырған ардақты әке, ақ жаулықты ана. Бұл отбасында ұрпақ сабақтастығы жалғасқан. Олай дейтініміз, Меңдібай ағаның әкесі салған дара жолды бүгінде оның балалары да таңдаған.
– Қазақта: «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің», – дейтін нақыл сөз бар. Осы ұлағатты сөздің мағынасын түсінсе керек, менің балаларым да ұстаздық жолды таңдады. Үлкен ұлым Ермек бүгінде Белшер негізгі мектебінде тарих пәнінен сабақ береді. Екінші ұлым Ғайса облыс орталығында тұрады, Ақтөбе гуманитарлық колледжінде тарих және құқық пәнінің оқытушысы болып қызмет етеді. Сондай-ақ қыздарым Әнел мен Ақнұр да мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Бір сөзбен айтқанда, балаларым ата, әке жолын жалғастырып келеді, – дейді Меңдібай аға.Ең қызығы, Меңдібай ағаның келіндері де ұстаздық жолды таңдаған. Үлкен келіні Гүлдина он шақты жылдан бері Белшер негізгі мектебінде директор болып қызмет атқарса, кіші келіні Эльмира – бастауыш сынып мұғалімі. Міне, ұстаз ұлағаты, ұрпақтар сабақтастығы деген осы шығар!
– Ауылдағы шаңырағыма ұл-қыздарым, немерелерім жиналғанда кіл ұстаздар әулеті екенімізді, балаларыма осы жолды абыроймен көтеріп жүру керегін айтып отырамын. Жалпы, адамның ғұмыры қанша жыл өмір сүргенімен емес, бойындағы абзал қасиеттерімен, үлгі-өнегесімен, ұрпағының абырой-жетістігімен таразыланады ғой. Сондықтан немерелеріме ата жолын қуса, болашағы жарқын, жолдары ашық болатынын әрдайым ескертіп отырамын. Жоғарыда айтқандай, біз ұстаздық еткен кезеңде ауыл-аймақтарда көптеген қиындық болғаны рас. Ал қазір елді мекендерде жаңа мектептер, балабақшалар салынып, оқушылардың сапалы, заман талабына сай білім алуына жағдай жасалып жатыр. Қазіргі бастауыш сыныптың балалары интернетті шемішкеше шағады, ауыл болса да әр үйде бір-бір компьютерден бар. Міне, осылайша еліміз өркендеп, шалғай ауылдарға қамқорлық көрсетілуде, – дейді ұлағатты ұстаз.Меңдібай ағаның айтуынша, соңғы жылдары ұстаздардың жалақысының көбеюі, ауыл балаларына ерекше жағдайдың жасалуы бұл осы салаға деген Мемлекет басшысының ерекше қамқорлығының арқасында болып жатыр. Соның нәтижесінде, қазір ауыл балалары халықаралық, республикалық байқауларда топ жарып, үлкен оқу орындарына түсіп, зор жетістіктерге қол жеткізуде.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арнаған Жолдауларында мәдениет пен білім саласына үнемі ерекше көңіл бөліп отырады. Соның арқасында бүгінде, әсіресе, ауылдық жерлерде тұратын өнегелі отбасыларды насихаттауға айрықша мән берілуде. Мәселен, соңғы жылдары елімізде, оның ішінде Ақтөбе өңірінде отбасылық құндылықтарды жаңғыртуға және отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын біз де осы байқауға қатысып, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде 27 отбасының арасында І орынды жеңіп алған болатынбыз. Менің айтпағым, міне, осындай іс-шаралар облыста алдағы уақытта көбірек ұйымдастырылса, өңір халқы өнегелі, ұлағатты отбасылар туралы көп мағлұмат алар еді. Жалпы, қай кезде болса да отбасы – береке-бірліктің қайнар көзі. Кез келген адам үшін өз отбасынан артық құндылық жоқ. Өкінішке қарай, қазір қоғамда ажырасу көбейіп кетті. Егер біз жастарға үй болудың, отбасы құндылықтарын сақтаудың, жауапкершіліктің жүгін арқалаудың мән-маңызын түсіндіріп айтар болсақ, қоғамда мұндай жағымсыз оқиғалар азаяр еді, – дейді кейіпкеріміз.Бір әулетте үш буын ұстаздық жолды таңдаған, ісі көпке үлгі болған Нұрмановтар отбасының жеткен жетістіктері осындай. Ұлағатты ұстаздардан құралған бұл әулеттен әлі талай мұғалім шығары сөзсіз.
Данагүл ҚАЗИХАН, Ақтөбе облысы