Өгей әкесімен тұратын балалардың отбасыларын тексеру туралы мәселе Бас прокуратурадағы ведомствоаралық кеңесте көтерілді, деп хабарлады turkystan.kz.
Бас прокуратура құқықбұзушылықтың алдын алу шараларының тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін «Е-превенция» жобасын таныстырды.
Жасөспірімдер қылмысының алдын алу мәселелерінде бағдарлама қиын жасөспірімдердің өмір сүру жағдайларын, бос уақытын, білім алу мүмкіндіктерін, әлеуметтік мәселелердің болуын зерттеуге мүмкіндік береді.
«Кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін прокуратура қызметкерлері қолайсыз отбасыларға, көпбалалы отбасыларға және балалар өгей әкесімен бірге тұратын отбасыларға барады», - деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.Бұл жоба елордада және Ақтөбе облысында сынақтан өтіп жатыр. Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева зорлық-зомбылық, қатыгездік, балалардың терезеден құлауы, балалар мекемелерін лицензиялау және буллинг мәселелері бойынша 50-ден астам түзетуді қамтитын заңнамалық сипаттағы ұсыныс жасады. Мемлекеттік органдар бұл ұсыныстарды жұмыс тобының отырыстарында талқылайды.