50507
«Ауыл аманаты» бағдарламасының өңірлерге аса қажет екені дәлелденді
«Ауыл аманаты» бағдарламасының өңірлерге аса қажет екені дәлелденді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауын өнеркәсіптік негізді қалыптастыруға басымдық беруден бастады. Өйткені экономиканы әртараптандыру өте маңызды. Президенттің пайымынша, ел экономикасының тірегі – өндіріс. Біз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету үшін өңдеу саласын жедел дамытуымыз қажет. Бұл ретте металды терең өңдеу, мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер және тыңайтқыштар шығару сияқты бағыттарға айрықша назар аударылды. Облысымыз металлургия, химия және мұнай-газ салаларын дамыту үшін айтарлықтай әлеуетке ие екенін айта кеткен жөн. Партияның сайлауалды бағдарламасы аясында мұнай-химия реагенттерін өндіретін және жылжымалы бұрғылау қондырғыларын шығаратын зауыттар ашылды.
Президент ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдаудың маңыздылығын атап өтті. Облыс халқының 26 пайызы ауылдық жерлерде тұратынын, олардың негізгі табыс көзі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру екенін ескерсек, «Ауыл аманаты» бағдарламасының өңірімізге аса қажет екені тағы бір мәрте дәлелденді. Жобаны жүзеге асыруда Президент атаған болашағы зор бағыттарға басымдық беріліп отыр. Мәселен, облысымызда жылыжай шаруашылықтарын дамыту мақсатында 68 жылыжай салынды, шағын және орта бизнестің 385 жаңа жобасы ашылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласы өкілдерінің мәселесін дөп басты. Өйткені техникалардың тозғанын немесе жаңа техниканың шаруашылыққа сәйкес келмейтінін айтқан шаруалардың жанайқайына куә болып жүрміз. Ақтөбелік шаруалар партияның ұйымдастыруымен өткен онлайн жиында вице-министрлер мен Мәжіліс депутаттарына өзекті мәселелерін айтқан болатын. Президенттің ауыл шаруашылығы саласына басымдық беруі шаруаларды өнім өндіруге ынталандыра түсті деп ойлаймын.
Сондай-ақ Жолдауда «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» қанатқақты жобасына оң баға берілді. Бұл жоба ауыл тұрғындарының несиесін өтеп, тұрмысын түзеуге септігін тигізіп жатыр. Бүгінге дейін еліміз бойынша 20 мыңнан астам, ал облысымызда 5 мыңға жуық адам қаржылық сауатын арттырды. Олардың көпшілігі – бірнеше мәрте несие алған адамдар. Қазір қаржылық сауатсыздық салдарынан үстемелеп несие алған немесе қаржы пирамидаларының арбауына ілігіп, барынан айырылған жандар көбейіп кетті. Партиямыз осы ушығып бара жатқан күрделі мәселенің алдын алу шарасын қабылдап отыр. Президент жобаның өміршеңдігіне және қоғамға қажеттілігіне баса назар аударып, Үкіметпен бірлесе аясын кеңейтуге тапсырма берді.
Сонымен қатар Президенттің ұлттық бизнестің мүддесін қорғауға екпін қойғаны дұрыс деп ойлаймын. Өйткені түрлі кездесулер арқылы отандық өнім өндірушілердің мәселелерінен хабардар болып жүрміз. Ұлттық бизнестің мүддесін бірінші орынға қою экономикамыздың дамуына сеп болары сөзсіз. Аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығын берілуі де оң шешім. Партиялық бақылау кезінде куә болғандай, жергілікті бюджетке тірелетін мәселе көп. Аудан әкімдері жергілікті бюджетті басқарса, мәселелердің тез шешілуіне септігі тиер еді.
Қорыта айтарым, алдағы уақытта Президентіміздің елді дамытуда, халық игілігі үшін құрған жоспарларын орындауға әрқайсысымыз үлес қосуымыз қажет.
Ербол ДАНАҒҰЛОВ,
«AMANAT» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының атқарушы хатшысы.