Амангелді батыр рухына тағзым

Амангелді батыр рухына тағзым

Амангелді батыр рухына тағзым
ашық дереккөзі
51123
1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің бас сардары, халық батыры Амангелді Имановтың 150 жылдығына дайындық ерте басталды. 2023 жылдың алғашқы айында «Амангелді Иман» қоғамдық қоры батыр мерейтойына арналған брендбукты таныстырды. Бұл туралы ресми БАҚ пен әлеуметтік желіде жарыса жазылуын атаулы датаға арналған іс-шаралардың басталуындай қабылдадық.  Брендбуктың авторы – танымал  суретші, иллюстратор, дизайнер, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Алмас Сырғабай. Автор логотип  футболка, бас киім, блокнот және кітаптардың басты бетіне орналастыру үшін арнайы өлшем мен стильдік ерекшеліктерді ескере отырып дайындалғанын, оның негізіне қазақтың көрнекті суретшісі Әбілхан Қастеев салған Амангелді батырдың образы алынғанын айтты. Жиынға келгендер монументтік, графикалық, басқа да әдістер қолданылып, жүрек жылуымен  жасалған, баршамызға  бала кезден таныс батыр бейнесін жылы қабылдады. Мерейтойға байланысты атқарылатын жұмыстардың жоспар жобасы да осы жерде таныстырылып, толықтырылатын жаңа ұсыныстар айтылды. Мысалы, Қазақстан Композиторлар одағы Астана қалалық филиалының төрағасы Серікжан Әбдінұров осы тақырыпқа шығарма жазып жатқанын, тұсаукесерін екі оркестрді қосып, атаулы датаға орай жасамақ ойлары бар екенінен хабардар етті. Сонымен бірге  М.Төлебаев пен Е.Брусиловскийдің «Амангелді» операсын, басқа да танылмал композиторлардың батырға арнаған шығармаларын сахнаға алып шығару жоспарланыпты. Қоғамдық қордың төрағасы, батырдың ұрпағы Толқын Сұлтан да бірқатар іс-шараларды ұйымдастырумен және өткізумен айналысатын жұмыс тобы құрылғанын жария еткен болатын. Содан бері өткен уақыт бұл топтың Қостанай облысы Амангелді ауданының және облыс әкімдігімен тығыз жұмыс істеп, тұтас ел ауқымында мәдени, спорттық және рухани-ағарту бағытындағы іс-шараларды өткізуге мұрындық болғанын көрсетті. Біз қатысқан «Амангелді батыр рухына тағзым» («АМАНГЕЛДІ-150») автожорығы – сол іс-шаралардың бірі. Қыркүйектің 7-9 күндері батырдың туған жерінде барлық іс-шаралардың қорытындысындай  ұлан-асыр жиын өтпекші. Соған орай, батыр баба рухына арналған автожорық туралы оқырманға айтып бермекшіміз.

БАТЫР  ЖЫЛЫНЫҢ  БАСТАЛУЫ

3 сәуірде, Амангелді Имановтың дүниеге келген күнінде, Астанадағы  Ұлттық музейде «Батырдың биік тұлғасы: тарихы, зерттелуі, ақиқаты» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Алдымен Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорынан «Халық батыры» атты көрме салтанатты түрде ашылды. Онда қойылған 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске байланысты құнды жәдігерлер мен деректер келушілерді таңқалдырды. Көрме аралап, әр экспонатқа зер сала қарап жүргендердің ішінде бас сардардың Алматыдан, Қызылордадан, Тараздан келген ұрпақтары, немересі Амангелдиев Батырұлан Рамазанұлының болуы жиналған жұртқа қуаныш сыйлап, іс-шараға салмақ қоса түскені анық.  width=Әдетте, мұндай іс-шараларда ресми ашылуынан кейін қатысушылар біртіндеп есікке қарай сырғи бастайтынын талай көрдік. Бұл жолы ол әдет қайталанбады. Ғалымдар, батыр мен оның сарбаздарының ұрпақтары, зиялы қауым өкілдері, елордалықтар азаттықтың арыстаны А.Имановтың 150 жылдығына арналған көрмеден конференцияға, одан кейін концерт пен қонақасына қатарлары сиремей қатысуын көрудің өзі бір қуаныш еді. Елордадағы Е.Рахмадиев атындағы филармонияның концертінде симфониялық, үрлемелі аспаптар оркестрінің, хор капелласы әртістерінің кәсіби шеберліктері, «Қорқыт» этноансамблінің, «Наз» би ансамблінің өнері тыңдарманды тәнті етті. Осы орайда, «Қорқыт» этноансамблінің жетекшісі Шолпан Қорғанбектің ерен еңбегін атап айту парыз. «Ерен» деуіміздің де реті бар. Кезінде жазылып, заманның қитұрқы саясатының салқынынан архив сөрелерінде жатып, ұмыт болуға шақ қалған туындыларды сахнаға оралту, халқымен қауыштыру үшін Шолпан Ділдәбекқызы бастаған мамандар күн-түн демей еңбек етті. Нотаға түсірді, оркестрге лайықтап өңдеді, партитурасын жазды, сахнада орындалуы үшін сан рет репетиция жасады... Қайта өңделіп, түрленген дүниелер симфониялық оркестр мен «Қорқыт» этноансамблінің үндесе орындалуында көрермен назарына ұсынылды. Бұрынғыларға ұқсамайтын сипаты да, аспаптардың үні де, орындаушылардың шеберлігі мен тыңдаушылардың рухтануы да бір-бірімен астасып, Астана аспанында өзгеше бір әуен қалықтады.  width=Концертті батырдың туған күніне арналған  сол күнгі іс-шаралардың  кульминациясы деуге болады. Өршіл, рухты туындылар «Азаттық! Елдік! Бірлік!» деп ұрандап тұрғандай, залда отырғандардың делебелері қозып, ата-бабаларымен бірге атқа қонғандай рухтанғанын көзіміз көрді. Дәулескер күйші Анар екі оркестрдің сүйемелдеуімен тартқан әкесі Айтпай Мұздахановтың «Амангелді дүбірі» зал ішіне 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің атмосферасын алып келгендей әсер еткені рас. Концертте композитор Серікжан Әбдінұровтың алғашқы жиында айтқан уәделі жаңа симфониясын тыңдау сәті түсті. Басқа жаңа туындылармен бірге менің де шығармам тыңдарман назарына ұсынылды. «Амангелді – бар қазақтың ардағы» атты өлеңіме композитор Ертай Бәкіров шығарған әнді Мұратбек Хайролда орындады. Ол – өнер  сайыстарында топ жарып жүрген, қалың көрерменге «Қазақстан дауысы» телебайқауының үшінші маусымының жеңімпазы ретінде де танылған дарынды әнші. Жасыратыны жоқ, өлеңіме жазылған әнді тыңдау, оны жұрттың жылы қабылдауын өз көзіммен көру ерекше қуанышқа бөледі. Егер осы күнге сипаттама беру керек болса, 3 сәуірді ерлік пен батырлыққа үндеген, ел үшін жанпида болуды өзінің де, ұрпағының да өмірімен танытқан тұлғаның күні дер едім. Ол тұлға – Амангелді батыр. Ел жадында ол ұлтының  ұлдарын құлдыққа бермеймін деп бас көтерген батыр ретінде қала бермек. Біреулер  бұрмалап түсіндіретіндей «ақтың» да, «қызылдың» да шоқпарын соққан адам емес, ұлттың қамы үшін атқа қонған Бас сардар. Әуелдегі «қазақпен тату көршілікте боламыз» деген уағдасын бұзып, соғыс жүргізіп жатқан орыс патшасы 1916 жылы қазақтарды қара жұмысқа алу туралы «июнь жарлығын» шығарды. Міне, Амангелді батырдың атойлап күреске шығуына себепші болған да – осы жай. Ал қандай ел болмасын уағдаластықтан тайқығанды басынан сипамайтыны бесенеден белгілі.

БАТЫРҒА АРНАЛҒАН АВТОЖОРЫҚ

Қол бастап, ту көтерген Амангелді батырдың тұлғасын танытуға арналған іс-шаралар легі, міне, осы күннен бастап бүкіл ел ауқымында жалғасты. Қостанай облыстық әкімдігінің өлкетану музейі жасақтаған Амангелді батыр мен оның сарбаздарының өмірінен, ұлт-азаттық күрестің тарихынан сыр шертер бай экспозиция бір ай бойы жұмыс істеді. Мектептер мен жоғары оқу орындарында батыр ұрпақтарымен кездесулер болып, көптеген ғылыми-зерттеу мақалалар жазылды, тың деректер жария етілді. Батыр бейнесін ұрпақ санасында жаңғыртуға бағытталған түрлі мазмұндағы, форматтағы іс-шаралар елде бірінен кейін бірі өтіп жатты.  width=Сол іс-шаралардың бірі – «Амангелді батыр рухына тағзым» атты, ұлт-азаттық көтеріліс өткен өлкеге, батырдың туған жері Амангелді ауданына автожорық. Оны ұйымдастырушы – Торғай өңіріне белгілі азамат, кезінде Амангелді ауданының, Арқалық қаласының әкімі ретінде өңірдің дамуына үлес қосқан азамат Жомарт Түбекбаев. «Құрамында Торғай өңіріне белгілі азамат, білікті құрылысшы Жомарт Түбекбаев, белгілі жазушы Камал Әлпейісова, танымал журналист Анар Төлеухан, батырдың ұрпағы Еркін Сейітжанов, тағы басқа белсенді азаматтар бар автоколонна 6 мамыр күні таңғы 5-те елордадағы Амангелді Иманов көшесінен сапарға аттанады» деп жазды BAQ.kz. ақпарат агенттігі. Жомарт арнайы чат құрып, батырдың туған жеріне автожорықтың уақытын, бағдарын, мақсатын, егжей-тегжейін түсіндірді. Оның есебінше, жорық 4 күнге (6-9 мамыр) созылып, 1823 шақырым жол жүрмекші едік. Іс жүзінде біз елсізде екі рет адасып, 5 күн жүріп, 2300 шақырымды артқа тастап оралдық. Рухани байып, қанаттанып оралдық.  width=Жолбасшымыз Торғайдың көктемгі табиғатын тамашалай жүріп, негізгі тоқтайтын жерлеріміз ретінде Қойлыбай бақсының кесенесін, батырдың туған жері Терісбұтақты, «Дулығалы» мешітін, Бірәлідегі  Жәнібек Кенжебаевтың шаруашылығын, Бектас байдың кесенесін белгілепті. Одан кейін «Жалаулы», «Рахмет», Бегімбеттің Алакөлі, Жолоба, Борис Лузиннің шаруашылығы, Обалы, Көшімбек бидің кесенесі, Ағаштыкөлдегі Торғай геоглифі, Үрпек тұр. Соңғы күні Амангелді батырдың ескерткіші мен зираты, Сатыпалды ишанның кесенесі, Амангелдінің мұражайына автожорық туын тапсыру рәсімі  жоспарланған. Қайтар жолда Құтан әулиеге, Кейкі батырға дұға бағыштау, Колчак көпірін көрсету де ескеріліпті.  Арасында ат шалдыратын, дұға бағыштайтын басқа да жерлер белгіленген екен. Неше жыл дала кезіп, торғайдың ой-шұқырын жақсы білетін жиһанкездің әр нысанда болу, одан шығу уақыты, келесі нысанға дейінгі жол ұзақтығы – бәрі  есептелген жоспарын қоштап, жолға шықтық.

АҚСЕЛЕУ БИІГІ

6 мамыр. Таңмен таласа Астанадан аттанған «Амангелді батыр рухына тағзым» автожорығы Қарағанды облысының аумағымен тоқтамай жүріп, Жаңаарқа ауданына жеткенде аялдадық. Оң жақ қапталда «Ақселеу биігі» деген жол көрсеткіші орнатылған екен. Биік төбенің басында, алыстан «менмұндалаған» ескерткішке барып, халқымыздың аяулы перзенті Ақселеу Сейдімбектің рухына дұға бағыштадық. Қазағын орыстың озбырлығынан азат ету үшін атқа қонып, ту көтерген сардарға тағзым сапарында халқының рухани тәуелсіздігі үшін жан аямай қызмет еткен тұлғаның мәңгілік мекені арқылы өтуді символдық мәні бар нышан ретінде қабылдадық. Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында қатарымыз көбейіп, тобымызға батыр баба рухына тағзым етуге ниетті Бауыржан және Ердәулет атты жергілікті азаматтар қосылды. Жездіге қарай беттедік. Бірақ орта жолда соғуымыз жоспарлаған ерекше жер бар еді. Ол – ашаршылық  құрбандарына қойылған белгітас. Еліміз жиырмасыншы ғасырда екі үлкен ашаршылықты басынан өткерді. Болжалды деректерге сүйенсек, солақай саясаттың салдарынан 1919-1922 жылдар аралығында 1,5 миллион, ал 1931-1933 жылдары 2,5 миллионға дейін адам қырылған екен. Жыл сайын 31 мамырда атап өтілетін қаралы дата күндерінде сол нәубетті еске түсіріп, ескерткіштер ашылады, тақталар қойылады. Біз, ұлт-азаттық көтерілістің бас сардары А.Имановтың 150 жылдығына арналған автожорыққа қатысушылар, сондай тақталардың бірінің жанына аялдап, ашаршылық құрбандарының рухына дұға бағыштадық. Бізге жеткен әңгіме бойынша бұл жерде Батпаққарадан шыққан 30 шақты адам жерленген екен. Жандары жәннатта болғай!

ЖЕЗДІДЕГІ ҒАЖАЙЫП

Түс ауа Жездіге жеттік. Бұл жерге ат басын тіреу әуел бастан жоспарланған-ды. Себебі мұндағы тау-кен және балқыту ісі музейі жорық жоспарындағы негізгі объектілердің бірі еді. Музейдің негізін қалаған Мәкен Төрегелдин туралы аңызға бергісіз әңгімелер көп. Соңына көпшілікке өнеге боларлық айшықты із қалдырған азамат – осы өңірде туып-өскен, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, басқыншының жеріне шейін барған жауынгер. Алайда, ел ішінде беделді, кезінде түрлі басшылық қызметтер атқарған, талай марапаттарға ие болған ағамыздың атын мәңгілік еткен – зейнетке  шыққаннан кейін қолға алған ісі дер едік. Ол – Жездідегі өзі ашқан металлургия және кен балқыту ісі музейі. Кезінде Мәкен Төрегелдиннің музей ашу туралы идеясын Өзбекәлі Жәнібековтің өзі қолдайды. Министрліктен мамандар жіберіп, көмек көрсетеді. Ал өзі Мәдениет министрі болған кезінде музейдің 11 бөлімнен тұратын тақырыптық-экспозициялық жоспарын жазып берген дегенді естідік. Белгілі ғалымдар Кемал Ақышев, Манаш Қозыбаев та ақыл-кеңестерін беріп отырған екен. Сөйтіп, Жездідегі музей 1994 жылдың 15 шілдесінде салтанатты түрде ашылады. Бүгінде оны Зейпін Қазанбаева басқарып, қосағының ісін алға оздырып отыр. Музей экспонаттарының сақталып қана қоймай, көбейіп, келушілер саны артуына да, оның «М.Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы музейі» деп аталуына да Зейпін Зікірқызының сіңірген еңбегі зор. Бүгінде тақырыптық экспозициясы, зерттеу нысаны жөнінен бұл – Қазақстандағы және Орта Азиядағы бірден-бір музей. Оның залдары мен ашық аспан астындағы экспозициялары тұтастай тау-кен және металлургия ісінің өткені мен бүгінінен сыр шертеді. Мұнда ата-бабаларымыз жаугершілік замандарда өздері балқытып, дайындаған жебелер мен найза ұштарынан бастап бүгінгі ғарыш кемесін жасауда пайдаланылатын металлургия өндірісінің жетістіктері қамтылған. Тағы бір жақсы жағы музейде оның негізгі тақырыбына қоса өлкенің тарихы, оның ішінде халқымыз бастан өткерген оқиғаларды айғақтайтын материалдар, жәдігерлер көп жинақталған. Сондай оқиғаның бірі – 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы. Біздің Жезді музейіне арнайы баруымыздың себебі де – оның  автожорық тақырыбымен ұштасып жатқандығы.  width=Ұлт-азаттық көтеріліс тақырыбы «Қаражар шайқасы» атты диорамаға өзек болған, сарбаздардың қару-жарақтары, Амангелді батырдың ас ішкен табағы, Балым ана қолданған келі бірден көзге ыстық көрінді. Тарихи деректер бойынша қазақ даласына алшаңдай басып кірген жазалаушылардың әрекетіне дәл осы жерде тойтарыс беріледі. Музейде жинақталған жәдігерлер: садақтың және шашақты найзаның ұштары, кісе-белбеу, Амангелді Имановтың ағасы Бектепберген ұстаның көрігі… шайқас тарихынан сыр шерткендей. Шіркін, оқушылар мен студенттерді әкеліп, жер байлығы, оны игеру тарихы, әр экспонат туралы небір қызық ақпарат айтатын Зейпін апайды тыңдатса ғой! Мына музейді көріп, қанша жас металлургия саласына қызығар еді?! Музейдің іші-сыртына, ауладағы экспонаттарға қарап жүргенімде «Қазақстан металлургиясы тарихынан мол ақпарат беретін бұл музейді «Қазақмыс» неге өз қамқорлығына алмайды екен?» деген ой келді. Әрі-беріден соң, бұл – солардың  тарихына тікелей қатысты емес пе?

ЖОЛДАН АДАСУ және «СПАСИБО!» ДЕГЕН КЕЛІН

Жездіден шыққан соң жолдан адастық. Маршрут құрылғанда Қойлыбай әулиенің басында құрбандық шалып, бір түнеп, әрі қарай Торғай асамыз деген жоспар болған. Ұлытау жері бізді жібергісі келмеді-ау, сірә. Түні бойы біраз жерді шарладық: толған Ай біресе оң жағымызда, біресе сол жағымызда қалады. Біресе тура алдымызда толықсиды, біраз жүрген соң желкемізде тұрады... Адасқанымызды түсіндік. Палатка құрып, далада түнейтін болдық (Бұдан кейін тағы бір рет түнде Жыланшық бойын жағалап, өткел таба алмай далада қонуға тура келді). Айтқандай, осы сапарда жолдан адасуларымыз зерттеушілердің назарынан тыс қалған жұмбақ белгілерге, ғимараттарға кезіктірді. Соның бірі - Ұлытау даласында, қыр  басында тұрған, саман кірпіштерінің өрілуі де өзгеше ескі ғимараттың құландысы. Зират па, қоныс па, ғибадат орны ма деген сұрақтарға жауап таппадық. Картада «Развалины Уркум» деп тұрған бұл жердің тарихымызға қосар сыры бар сияқты.  width= Амалсыз түнеген жерімізден 7 мамырда күн шыға аттанып кетіп, сол маңайда шаруасын дөңгелентіп отырған Қанат есімді азаматтың үйінде ат шалдырдық. Күнге тотыққан жүзіне күлкі үйірілген бауырмал жігіт екен. Жағдайымызды естіген ол елпілдеп, бұл жердің Тоқсанбай деп аталатынын, біраздан бері осы қонысты мекен ететінін, құрбандыққа шалатын қойды да тауып беретінін, Қойлыбай әулие кесенесіне, «Дулығалыға», Терісбұтаққа да бастап апаратынын айтып үлгерді. Сәлемдесіп, жөн сұрасқан Жомарт маған қарап: «Апай, сіздің туысыңыз екен, төлектің жиені көрінеді», - деді күлімдеп (Біздің өңірдің адамдары «төлек» десе бір қисық сөз айтқысы келіп, ауыздары «қышып» тұратынын білетін мен бұл жолы да сондай бір сөз айтылып қалар ма екен деп ойлап үлгіргенім рас). Бірақ Жомарттың жайдары жүзін, Қанаттың ақсия күліп тұрғанын көріп, менің де жүрегімді қуаныш кернеп, «Келе ғой, айналайын!» деп жиенді бауырыма бастым. - Қойлыбай баба біздің қамымызды ойлап, әрі жолбасшы тапсын, әрі құрбандыққа мал іздеп әуре болмасын деп бірден Кәмекеңнің жиенінің үйіне алып келді емес пе? - деп қалжыңдады Анар. Қанаттың топ адамды ертіп келе жатқанын көрген келіншегі даланың салтымен дастархан жасап жүгіріп жүргенін бірден байқадым. Және өзі сондай сүйкімді екен. «Төрлетіңіздер. Демалып алыңыздар» деп бәйек болғанына риза болған мен: «Ой, айналайын, бақытты, ғұмырлы бол!» дедім табалдырықтан аттай беріп. «Спасибо! Спасибо, апай!» - деді ол. Төбемнен біреу қойып қалғандай қалт тоқтадым. - «Спасибоң» не, шырағым-ау? Рахмет деуге тілің келмей ме?» - дедім жаратпай. Түрім де бұзылып кеткен шығар... Келіншек жайдары қалпынан танған жоқ. Әдемі жымиып: «Бізге олай деуге болмайды, апай. Атамыздың аты ғой...», - деді. Сонда ғана алдымда халқымыздың «ат тергеу» деген ғажап салтын берік ұстанған келін тұрғанын түсініп, көңілім алабұртып қоя берді. Бір ғасырдан астам уақыт бұрын өмір сүрген Рахмет болыстың атын атамай, әдеп сақтаған келінді барып құшақтай алдым.

ҚОЙЛЫБАЙ ӘУЛИЕ, ТЕРІСБҰТАҚ, БАЛЫҚ ҚАРАСУЫ

Бұлар – әуел баста-ақ барамыз деп белгіленген жерлер болған соң, алдымен Қойлыбай бақсының кесенесіне барып, құрбан шалдық. Ішіне «әйел заты кірмейді» деген ұстанымнан аттамай, Анар екеуміз сыртта қалдық. Көз алдымызда өзіміз құлдыраңдап жүгіріп өскен кең дала көсіліп жатты. Сәл әріректе  өзен ағып жатыр, зиярат етушілер аялдайтын үйге кіріп көрдік: тап-таза, төрге төсейтін көрпешелер жиналып тұр. Ми айналып жерге түсердей ыстықта қоңырсалқын үйде жата кеткің келеді екен. Бірақ алда жол күтіп тұр – мөлшермен әлі осынша шақырым жүретін шығармыз. Батырдың балалық шағы өткен Балық Қарасуына барып тағзым еттік, ол жерден Амангелді Имановтың кіндік қаны тамған жер – Терісбұтақ  алыс емес. Тобымыздағы Амандық Әмірхамзин «Осы маған «Терісаққан», «Терісбұтақ» сияқты жер-су атаулары қызықты көрінеді», - деді. Қызығушылықпен ақпарат іздестірсе,  Терісбұтақта ағаштар әуелі тік шығып, кейін теріс қарай өсетін көрінеді. Табиғаттың осындай кереметін көріп, жер-суға лайықты ат қоятын ата-бабаларымыз не деген байқампаз десеңізші! «Терісбұтақтағы» биік стелла (биік бағана) анадайдан көзге түседі. Айналасында қоныс жоқ, айдала. Білмейтін адам телеантенна деп ойлауы да  мүмкін. Бұл – ұлт-азаттық көтерілісінің бас сардары осы жерде дүниеге келгені туралы жазылған тақтайша ілінген бағана Жездідегі металлургия және кен балқыту ісі музейін құрған Мәкен Төрегелдиннің бастамашылығымен 2020 жылы 17  маусымда орнатылған екен. Арада өткен жылдар, қыстың аязы мен жаздың аптабы, жел мен жаңбырдың әсерінен тақтайшадағы жазу көрінбей қалыпты. Сол жерде ақылдасып, оны ауыстыруды топ мүшесі, батырдың ұрпағы Еркін Сейтжанов өз міндетіне алды.

БАТЫР БАТА АЛҒАН ЖЕР

Автожорықтың жолындағы негізгі аялдаманың бірі –  ұлт-азаттық көтеріліске қатысушылар қасиетті жорыққа шығарда арнайы жиналып, бата алған «Дулығалы» мешіті. Заманында өзіндік өркениет орталығы болған жер. Орыс патшасының майдандағы қара жұмысқа қазақты жегу жөніндегі жарлығы Торғай өлкесінде өте қатты қарсылыққа кездескені белгілі. Күреске шыққан Аманкелді бастаған сарбаздар бір байламға келіп, серттескен жері «Дулығалы мешіті» екенін көп адам біле бермейді. Алмағайыпта алыс сапарға батасыз аттанбайтын қазақ осы мешіт басына жиналып, құрбандық шалып, көтерілісшілерге жеңіс тілеп, аттандырған. «Дулығалы мешіті» Құлмұхаммед ишанның кесенесі мен қызыл үйін және Бұқара үлгісімен салынған тоғыз күмбезді мешіт пен медресені қамтыған кешен болған. Бүгінде бұл тарихи кешеннің жұрнағы ғана қалғаны өкінішті. Және ел аузында біресе «Терісбұтақ мешіті», біресе «Бердікей мешіті» не «Құлмұхаммед ишан мешіті» деп аталып, қолжазбаларда да осы атаулар алма-кезек кездеседі. Құлмұхаммед әкесі Арыстанбай ашқан діни сауатты қанағат тұтпай, 11 жасында ауылға сауда-саттық жасап келген саудагердің керуеніне ілесіп, алыстағы араб еліне аттанады. Содан 16 жылдан кейін «қари» және «ишан» атанып, елге оралады. Келген соң жат жерде жиған өнерін жұртшылыққа, әсіресе, балаларға үйретуге ұмтылған. Ғұмырын елдің рухани қазынасын еселеуге, көңіл көкжиегін кеңейтіп, кемелдендіруге бел буған ишан имандылық үйі – мешіт, білім ошағы – медресе салған. Өзі басы артық дүние-мүлік жимаған, мал ұстамаған жан болыпты. Біз көрген мешіт – қилы  заманның талай сынына ұшырап, жұрнағы ғана қалған ескерткіш. Ел онда дала комиссары Әліби, сардар Амангелді сауат ашқанын айтады. Мешіттің  жобасын Бұқара үлгісімен Құлмұхаммед ишан өзі сызғаны оның жан-жақты білімі бар болғанын айғақтайды. Қалыбын жасатып, бетіне арабша жазу, әртүрлі ою-өрнек түсірілген кірпіш құйып, оны күйдіретін пеш салған. Бұл кірпіш тақтайшалардың да жұрнақтары қалған. Мешіттен кейін 24 бөлмелі медресе салады. Төбе жабатын ағашты, едендік тақтайды өгіз арбамен Аманқарағай, Наурызымнан тасиды. Құрылыс 1920 жылы аяқталғанға дейін балалар мешітте оқиды. Тоғыз күмбезді мешіт, сырты өрнекті қызыл кірпішпен өрілген жиырма төрт бөлмелі медресе, Құлмұхаммед ишанның келісті кесенесі мен қызыл үйі – «Дулығалының» кезінде тұтастай бір рухани-мәдени кешен болғанын айғақтайды. Кейбір деректерде бас сардардың анасы Қалампыр – ишанның  қызы, кейбіреуінде Құлмұхаммедтің туысы, өзі аса қадірлеп, ақылдасып отыратын Сүгірбай бидің қызы делінеді. Қалай болғанда да Дулығалы жері – Амангелдінің  нағашы жұрты екені даусыз. Киелі орынға, қашықтығына қарамастан, қазір де тәу етіп жан-жақтан жұрт келіп жатады екен: зиярат етіп келушілерге арналып салынған үй – соның дәлелі. Мешіттің іргесінде сардардың ағасы Бектепбергеннің ұстаханасы, Құлмұхаммед, Қази ишандар отырған үйлердің орны бар. (Тобымыздағы Еркін «Дулығалыдағы» соңғы ишан Қазиды бала кезінде көргенін әңгімелеп берді). Мешіттен сәл әріректе үлкен қорымның болуы бұл жер кезінде ірі қоныс болды ма екен деген ойға жетелейді. Аралап жүргенде рулас ағайындар жердің шалғайлығына қарамастан, қайтыс болған адамдарды осы атақорымға алып келіп жерлейтінін байқадық. Қос ишанның басына қызыл кірпіштен мазар тұрғызылған екен, ішіне кіріп, дұға жасадық. Сыртынан ақ жабын жабылған тастабытта екі ишан қатар жатыр, араларын 2-3 аттам ғана жер бөліп тұр. Құлмұхаммед ишанның табытының үстіне қошқардың басы қойылған екен, оны бәтуә жасағанда сойылған ақсарбас малдың басы десті бізге.

МЕШІТТЕГІ ҚОС БЕСІК

«Дулығалы» кешені туралы деректер тарихи құжаттарда бар, интернетте де көп кездеседі. Осындай құнды мұрамыздың қазіргі күйі адам жыларлықтай. Қайбір жылы мәдениет ескерткіші ретінде қамқорлыққа алынатын болған екен. Бірақ бөлінген қаражат орталық мұнара мен сол тұстағы қабырғаны жөндеуге ғана жетіпті. Мешіт бөлмелерін аралап, оның жобасын жасап, сызбасын сызған Құлмұхаммед ишанның біліміне, кесегін құйып, тасын өрген шеберлердің біліктілігіне таңырқап келе жатқанымда жігіттердің біреуі әлдебір жайды хабарлап, басқалары сол нұсқаған бөлмеге бас сұғып, әрі-сәрі боп, сыбырлай сөйлесіп тұрғандарын байқадым. Жаңа ғана ғимараттың сәулеттік ерекшеліктерін талқылап, таңдана, дабырлай сөйлесіп жүрген жандардың үндерін бәсең тартқызған не екен деп ойлап, мен де солай беттедім.  width=Табалдырықтан аттай бере қалт тоқтадым. Осы жасыма дейін мұндайды көрген емеспін: бөлменің төргі бұрышында жасаулы екі бесік тұр! Біреуінің жапқышы жасыл-көк түсті матадан, екіншісінікі қызғылт түсті матадан жасалған. Екеуі сыртынан қалыңдау мөлдір қағазбен (целлофан) мұқият қапталып, жіппен шандып байланыпты. Жігіттердің неге үрпиісіп қалғанын енді түсіндім. «Неге бұлай істеген?» деп Анар Төлеухан екеумізге жалтақ-жалтақ қарайды. Біз үлкендерден естіген әңгімелер, оқыған аңыз-ертегілер негізінде неліктен бұлай болатыны туралы өз нұсқаларымызды айтып, аз-кем ақпарат бердік. Дегенмен бұл жерде бізге белгісіз бір ғұрып бар ма деген ой маза бермей жүр.

ДУЛЫҒАЛЫ РУХЫМЕН СУҒАРЫЛҒАН ТУ

Жүрген жерлерімізде қаз-қатар тұра қалып, алып шыққан туымызды жайып жіберіп суретке түсіп жүрдік. «Дулығалыда» да сол әдетпен біресе мешіттің, біресе қос ишанның кесенесінің қасында суретке түстік. Батырдың бейнесі салынған туымыз жеңіл, сусылдақ матадан жасалған. Жоспар бойынша ұлт-азаттық көтеріліс болған жерлер мен батырдың кіндік қаны тамған топырақты басып өткен соң Амангелді кентіндегі А.Иманов музейіне тапсыруымыз керек. «Дулығалыдан» шыққан соң туымызды таппай қалдық. Әрі іздедік, бері іздедік, көліктеріміз, сөмкелеріміз неше рет қаралды, таппадық... Жігіттер біресе бала сияқтанып, «ұрсатын болды» деп Жомартқа жалтақтап қарайды.  Біресе, «қай жерде жоғалттық?» деп күбірлеседі. Ойлана келе «Дулығалыда» түсіп қалған болар деп шештік. ...«Тоқсанбайдан» шыққан жол «Дулығалы» арқылы өтеді екен. Жүрегіміз дүрсілдеп, мойнымызды созып келеміз. Бағана көлігіміз тұрған жерде бірдеңе ағараңдап жатыр екен. Жақындай бере анық көрдік: біздің ту! «Бұл – кездейсоқ емес» деген ой келді. Сірә, туымыз намысы көрік отындай жалындаған бабаларымыз бата алған топырақта бір аунауы керек болған шығар!

МЕН АРМАНДАҒАН САПАР

8 мамыр күні Ұлытау өңірінің аумағынан шығып, Торғай жеріне жеттік. Мұны төбелі, қыратты жер рельефінің сонау көкжиекпен түйісіп жатқан жазық далаға ауысқанынан да байқауға болатын еді. Бала кезден есте қалған, жылдар бойы көзімді жұмып елестеткеннің өзінде жүрегімді дүрс-дүрс соқтырып келе жатқан картина бұл... Бойымды ерекше сезім, ерекше толқу биледі.  width=...Әкем Әбілқасым жуас бие жегілген жеңіл арбаға әжем екеумізді отырғызып, анам Балажан құрт-майын, қаймақ-қымызын салып, мына дала, мына ирелеңдеген жолдармен «Рахмет» ауылына келіп тұратынбыз... Бұл жақтан көшкенде мен 6-7 жасар бала едім. Араға 60 жыл салып, кіндік қаным тамған қасиетті топырақ – Ұлы Жыланшық бойына табаным тиді. «Шүкір! Аллаға тәубе!» деп күбірлеймін қайта-қайта. Ғажабы сол – бүлдіршін кездегі көп жайлар менің жадымнан өшкен жоқ, тіпті туыстарым ұмытқан кейбір оқиғалар әлі күнге есімде. Ал туған жерге жақындаған сайын әке-шешем араласқан адамдардың, тұрған қыстақ, ауыл, жер-су аттары жадымда жаңғыра бастады. Бұған өзім де таңмын. Бәлкім, сапарластармен жол бойғы әңгімелер де әсер еткен шығар деп ойлаймын. Мысалы, экипажымыздағы Еркін біздің шаңырақта төрт қыздан кейін інім туғанда анамды босандырып, балаға АҚАН деп ат қойған дәрігер Әбдіразақ ағайдың немере інісі болып шықты!

ТОЛҒАҚ. ТҮСІНІКСІЗ ҒҰРЫП.  

Арада 62 жыл өтсе де інімнің дүниеге келуі есімде жатталып қалғаны – сол  күні бастан кешкен жайдың тым қатты әсер еткендігінен де болар. Ол маған әлі күнге дыбыссыз, ақ-қара түсті қорқынышты кино сияқты көрінеді. Менің 5-тен асқан кезім, алдымдағы балалар «Рахмет» ауылындағы мектепте оқитын. Біз әжем, әке-шешем және сіңлім бесеуміз ол заманда «қоржын үй» деп аталатын, ортасында екі қабырғаға жабыстыра пеш салынған ортақ ауызғы бөлмесі бар үйде, бір қойшымен көрші тұратынбыз. Бір күні үйде әлдебір әбігер басталды: әкем үйге бір кіріп, бір шығып жүр. Әшейінде сабырлы әжем шымылдықтың ар жағында қинала ыңырсыған апама жыламсырай «қарағым, қарағым» деп, ара-тұра жаулығының ұшымен көзін сүртіп, үһілейді. Сіңлім екеумізді әлдекім биік жиналған төсектің үстінде шығарып, «түспеңдер!» деп кетті. Сол жерде үрпиіп отырдық та қойдық. Осылай өң мен түс сияқты түсініксіз екі күн өтті. Үшінші күні селт етіп оянып кетсем, әжем бір түсініксіз нәрсе жасап жүр екен: қорада тұрған ала сиырдың бас жібін мойнына орап, жыламсырай сыбырлап, апамды қайта-қайта айналуда... Босағаға сүйеніп тұрған әкем де көзін сүртіп қояды – бұл  мен үшін біртүрлі қорқынышты көрініс еді. Апамның даусы мүлде естілмейді, басқаларда да үн жоқ... тек уһілей береді. Қас қарайғанда трактордың гүрілі естіліп үйдегілер сүріне-қабына сыртқа ұмтылды. Бұл - алай-дүлей боранда «Рахметтен» жеткен дәрігер екен. Үйге асыға кірген кісі тізерлеп отыра кетіп, апамның тамырын ұстап, әкеме бірдеңе деп сыбырлады. Кейін білдім, «бір сағатта босанбаса, қам жасай беріңіз» депті. Сосын үйіріліп тұрған әйелдерді бөлмеден шығарып жіберді. Үрпиіп отырған бізді де көтеріп алып, әкемнің қолына бергені есімде. Үрейленіп, көзімді қатты жұмып алғам, сірә, көзімді ашқанда бәрі жақсы болады деп ойласам керек, ұйықтап кетіппін. Жұрттың у-шу болып, қуана дабырлаған дауыстарынан ояндым. «Інілі болдың» деді әжем көзі мөлтілдеп. Балаға ат қою құрметі өзіне берілгенде, Әбдіразақ аға сәби сал-серілердей ерке болып өссін деді ме екен, інімді АҚАН деп атапты. Әбдіразақ ағаны одан кейін көрмесем де оның сұлу жүзі, шуақты жанары, маңдайына төгіліп түсе беретін шашы есімде қалыпты. Сол бейнені суреттегенімде Еркін таң қалды. Сосын суретін салып жіберді. Енді мен таң қалдым! Айтқандай, ағаның жары Зоя апамыз да дәрігер болғанын, қанша баланың кіндік шешесі, сол өңірдегі аяғы ауыр әйелдер Алладан кейін сиынатын жан болғанын кейінірек білдім. Қазір екеуі де «Рахмет» маңында мәңгілік мекендерін тауыпты. Жандары жәннатта болғай.

100 ТҮП КӨШЕТ

Тобымыздың мүшесі Болат Тілегеновтың бір керемет әдеті бәрімізді таң қалдырды: ол 100 мың ағаш отырғызамын деген мақсат қойыпты. Айтуынша өзі тұратын аула, үйі тұрған көше жасыл желекке малынып тұр. Бұл  жорыққа да біраз көшеттерді дайындап, тамырлатып алып шыққанын естідік. Біз мінген HILUX көлігінің екі жақ бұрышында кішкентай жапырақтары желбіреп, 100 көшет те біраз саяхаттады. Алғашқы үш күнде жер-анамен қауышар күнін күткен көшеттерді отырғызудың орайы келмеді. Мына ыстықта жас өскіндерді айдалада отырғыза салса, қурап қалары анық, сондықтан өзендерді жағалай жүргенімізде, Болат жүзі жайнап, «Көшеттерді отырғызамыз ба?» деп бірнеше рет ұсыныс жасады. Бірақ алда жол ұзақ болған соң, діттеген жерге тезірек жету үшін саялы, сулы жерлерге көп аялдай алмадық. Қойлыбай бақсыға құрбан шалған жерде кесене түбінен ағып жатқан өзенді көріп бір оқталған, бірақ кеш батпай тұрып жол жүру керек болып, кейінге қалды; «Дулығалы» мен Бас сардар дүниеге келген Терісбұтақ су көзінен алыста екен. Жәнібек Кенжебаевтың шаруашылығына келгенімізде көшеттерін ыңғайлай бастап еді, жолбасшымыз осы маңайда жерленген Бектас, Бірәлі сынды бабалардың басына барып дұға бағыштаймыз деген соң, кейінге қалды. Бірақ, қазақтың «Бектас жылқысы» деген тұқымын өсірген Бектас бабамыздың, «Мың айдаған Бірәлі» атанған, Амангелді сарбаздарын мінер атпен қамтамасыз еткен Бірәлі бабамыздың рухына арнап құран оқып, олар туралы Жомарттың әңгімелерін тыңдап, кешенге оралғанымызда қараңғы түсіп кеткен еді – тал  тағы егілмеді. Үшінші күні Болат «Топырағы құрғап кететін болды» деп бір уайымдаса, «Алда баратын жерлерімізде өзен болар ма екен?» деп тағы алаңдап жүріпті. «Бірәлідегі» Жәнібектің шаруашылығынан шығып «Рахметке» беттедік. Жолда Кейкі мерген шейіт болған «Жалаулыға» соғып, батыр бабаға дұға бағыштамақпыз. Қатыгездікпен, айуандықпен өлтіргеннен кейін жауыз  басқыншылар мергеннің денесін әбден қорлап, жүкті әйелі мен ішіндегі шарананы да аяусыздықпен шауып тастағаны туралы естудің өзі ауыр! Шашылып қалған сүйегін ағайындары осы жерге арулап қойған екен. Араға талай жылдар салып, туған елге оралған бас сүйегі Арқалық-Амангелді тасжолындағы кесенеде жерленген. Мерген қаза тапқан сайдан өтіп, зиратқа жаяулап келе жатырмыз. Жақындай бергенімізде көк сырмен боялған қоршаудан бір үлкен құс ұшып шықты. «Бүркіт!» десті жігіттер. Жақындап кеп қарасақ, қоршаудың ішіндегі ұяда 4 жұмыртқа жатыр. Қасиетті құстың ақылына таңырқадық: бүркіт болашақ балапандарын даланың жыртқыштарынан қорғау үшін ұя басуға мергеннің зиратын паналап келгендей көрінді маған. Заманында қазақ азаматтарын орыс патшасының құлдығынан, шонжарлардың зорлығынан қорғау үшін ұйқы-күлкіден айрылып, тау-тас кезіп, арпалысып өткен мерген о дүниелік болса да туған жердің аң-құсына сая болып жатқандай... Болат анадайда майда тал, қамыс көмкерген өзенге көз тігіп тұр екен, ағаштарды осы жерде отырғызу туралы ойын ортаға салды. Әдетте алды-артымызға

Серіктес жаңалықтары