50349
Жасампаздыққа жетелейтін тарихи Жолдау болды – Ерлан Қошанов
Жасампаздыққа жетелейтін тарихи Жолдау болды – Ерлан Қошанов
Кеше Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Бұл халықты жасампаздыққа жетелейтін тарихи Жолдау болды.
Бұл Жолдау – елімізде кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқан ауқымды әрі маңызды реформалардың жалғасы. Жалпы, соңғы бес жылдағы Президент Жолдаулары бір-бірімен біте қайнасып жатыр. Өткен жылы бастау алған саяси жаңғыру жұмыстары үлкен экономикалық өзгерістерге ұласты.
Бұл Жолдаудың жөні бөлек. Себебі Президент осы Жолдауында елдегі экономикалық, әлеуметтік дамудың таяу жылдардағы эволюциясын айқындап берді. Ол заңды да. Өйткені халықтың тұрмыс сапасы, берекелі өмір сүруі - экономиканың дамуымен тікелей байланысты. Мемлекет басшысының Жолдауы осы саладағы күн тәртібінде тұрған, халық, қоғам күткен өткір мәселелердің шешімін тап басады.
Әлемдегі геосаяси ахуалға қарамастан Қазақстан экономикасы тұрақты дамып келеді. Негізгі бағыттар бойынша оң көрсеткіштерге қол жеткіздік. Алайда жаһандық экономика өзгеріп жатыр. «Түбегейлі өзгерістер дәуірі басталды», – деді Президент.
Осындай сын-қатерлерге қалай төтеп бере аламыз, технологиялық бәсекеге дайынбыз ба, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, орнықты даму сияқты өзекті мәселе көп. Қасым-Жомарт Кемелұлы бүгін осы және жұртшылықты алаңдатқан өзге де сұрақтардың бәріне нақты жауап берді.
Ең бастысы, осынау маңызды кезеңде үлкен экономикалық серпіліс жасауға мемлекетімізде толық мүмкіндік бар. Ресурс та жеткілікті. Экономика дегеніміз – ең әуелі тұрақты жұмыс, лайықты табыс. Халыққа керегі де осы. Бұл орайда, әділдік, инклюзивтік және үнемшілдік жаңа экономикалық бағдарымыздың өзегіне айналады. Мұны Мемлекет басшысы дөп басып айтты.
Осы орайда, мен бірнеше жайтқа тоқталғым келіп отыр.
Біріншіден, Президент қазіргі күрделі жағдайда елдің экономикалық моделін қайта қарауды ұсынды. Қазақстанның қай салада да әлеуеті зор. Мұнай-химия, шикізат өңдеу, машина жасау, ауыл шаруашылығы және т.б. Біздің экономикамыз тиімді болуы керек. Сапалы өнімдермен өзімізді-өзіміз толық қамтамасыз етуге тиіспіз. Ол үшін экономиканы әртараптандыру маңызды. Мемлекет басшысы осыған ерекше мән берді.
Екіншіден, экономиканы қаржыландыру. Қазір экономикаға қаржы керек. Инвестиция жетіспейді. Бұл жерде отандық банктердің әлеуеті мен ресурсын молынан пайдалану маңызды. Қазір нақты секторды қаржыландыру азайып кеткен. Керісінше, банктердің дені тұтыну несиесіне көп көңіл бөледі. Мемлекет басшысы Ұлттық банк инфляциямен күресу үшін базалық мөлшерлемені жоғары деңгейде ұстап тұрғандықтан, банктердің мол пайдаға кенелгенін айтты. Алмақтың да салмағы бар. Енді банктер экономиканың нақты секторын қаржыландыруға күш салатын болады. Экономика жұмыс істеуі керек. Қаражат айналуы қажет. Бұл – үлкен әрі маңызды мәселе. Банктер экономиканы дамытудың қайнар көзіне айналуға тиіс. Президент осы жөнінде тиісті тапсырма берді.
Үшіншіден, көлік-логистиканы дамыту. Тоғыз жолдың торабында тұрған Қазақстанның бұл саладағы мүмкіндігі зор екені айтпаса да белгілі. Еуразияның қақ ортасында орналасқан мемлекетіміз арқылы ең маңызды жол тораптары кесіп өтеді. Біздің теңіз және құрғақ порттарымыз, автомагистральдарымыз арқылы Қытайдан Еуропаға, Ресейден Парсы шығанағына тауар тасымалдау әлдеқайда жылдам. Сондықтан көлік-логистика саласын экономиканың жаңа драйвері, күретамырына айналдыру – басты міндетіміз. Ол үшін Көлік министрлігі қайта құрылып, осы жұмыспен тікелей айналысатын болады. Жол инфрақұрылымын дамыту азаматтарымыздың тұрмысын жақсартып, табысын арттыруға зор септігін тигізеді.
Елімізде тағы бір министрлік – Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады. Өйткені бұл мәселе еліміз үшін аса өзекті. Судың сапасы мен халыққа қолжетімділігіне қатысты өңірлерде проблема көп. Енді суға қатысты барлық мәселені шешу осы ведомстваның мойнына жүктелгелі отыр.
Тағы бір маңызды мәселе – табысты өмір сүрудің кілті ақша табуда ғана емес. Сонымен қатар үнемдей білуде. Бұл баршаға аян. Қазір бүкіл әлем үнемдеуге бет бұрып отыр. Ол су ресурстарынан бастап, қарапайым отбасы табысын үнемдеуге де қатысты. Біз де осыны үйренуге тиіспіз.
Тұрғындардың кредитті шамадан тыс алуы да Президентті қатты алаңдатуда. Бүгінде миллионнан астам қазақстандық несиесін төлей алмай отыр. Мемлекет басшысы бұған да нақты жауап берді. Осы орайда, азаматтарды жаппай қаржылық сауаттылыққа оқытудың ауқымын кеңейтуді тапсырды. «AMANAT» партиясы бұл жұмысты бастап кетті. «Қарызсыз қоғам» жобасының алғашқы нәтижелері көңіл көншітерлік. Еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды. Президент бұл жобаны Үкіметпен бірлесіп іске асыруды тапсырды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы ел болашағына қатысты мәселелерге келгенде әрдайым халықтың пікірін ескереді. Бұған біз тағы бір мәрте көз жеткіздік. Мәселен, Атом стансасының құрылысы бойынша референдум өткізу жауапты әрі маңызды қадам болмақ. Халық өз болашағын өзі таңдауға құқылы.
Бүгінгі Жолдаудан түйген басты ой – тиімділік. Біз осы тапсырмалардың бәрін жүйелі әрі тиімді орындасақ қана нәтижеге қол жеткіземіз. Тиімді экономика қалыптастырып, игіліктеріміздің бәрін – жер, су, табиғи байлықтарды әділ де тиімді пайдалануымыз керек. Сонда ғана халықтың әл-ауқаты артып, мемлекетіміз өркендейді.
Ал біздің мақсатымыз – Жолдауда айтылған міндеттердің барлығының заңнамалық деңгейде сапалы әрі жедел орындалуын қамтамасыз ету.