978
Күй кеуде мен ән жүректің әуені
Күй кеуде мен ән жүректің әуені
Уақыт деген жүйрік тұлпардың жалына жармасқан адамның екі аяғы үзеңгіде, екі қолы тізгінде болатыны сөзсіз ғой. Межелі жері, соған апарар мақсатты жолы айқын болса, ғұмырдың ұзақ сапарлы етпегін Құдайдан тілеп, үміт шамын жағып, сенім шоғын үрлеп, көз ұшында көлбеңдеген алыс арман жағалауына қарай қамшы басары да анық.
Қашан да адам баласын алға жетелейтін әуелгі күш – ол үміт болмақшы. Әлмисақтан «үмітсіз тек шайтан ғана» екен. Әңгіме үміт дегеннен шығады, қазақтың талантты ақыны Жұмекен Нәжімеденовтің «Дала» деген өлеңінде мынандай бір шумақтар бар еді:
Жүріп келем қара жолда асығып,
(Осы жолдың аяғы – арман, басы – үміт).
Мен дайынмын
Тауық болып теруге,
Өз тағдырым тары болса шашылып....
Дала, дала тағдырыңа ортақпын,
Күй-жырыңды, сыйлығыңды мол таттым.
...Ай адасып, салды бұлтта «жортақты»,
Мен де адасып,
Енді ғана жол таптым...
Жұмекен ақын бейнелеп отырған «қара жол», ол – өмір жолы. Өмір жолы түзу болған емес, оның бұралаңдары, бұрылыстары, қиылыстары көп. Бағзыдан солай. Ал ол адам ақын болса ше? Онда тіптен оңай болмақ емес. Бойындағы дарынды күйшілік қабілетін алапаты зор ақындық қуаты жеңіп кеткен Жұмекен күй құдіретінен сусындаған нәрлі, уызды ойларын патша поэзияның құшағына әкеліп, құндақтап тастады. Содан сұрапыл, ғажап жырлардың іңгәлауы басталды да кетті. Күй мен қара өлең тайталасқа түсті де, Жұмекен Нәжімеденовті ғажайып ақын қылып алып шықты. Өлмеске, өшпеске!
Жол таппай адасып мүлдем кетсе не болар еді? Ол жол – өлеңмен өрілген өмір жолы болатын. Ондай жол көптің бәріне бұйыра бермесе керек-ті. Ол – туа бітті тағдырдан һәм әке күшімен, ана сүтімен келген дара дарыннан болмақ. Болмысында болмаған нәрседен ештеңе де шықпайды, ал талайына жазылған нәрсе болса, тепкілесең де кетпейді.
Негізінде, ақындық мұрат – табиғи болмыстан, қанмен келетін қасиеттен. Сондай ақындық қабілет Бақтықожаға да дарыған екен. Бақтықожа деп отырғаным белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, кезінде облыс әкімі, министр болған елге танымал, жұртқа әйгілі азамат Бақтықожа Ізмұхамбетов!
Тәуелсіздігіміздің тәй-тәй басып, қаз тұрған, сосын бойын тіктеген кезде алаштың қамы үшін атқа мініп, түн қатып жүріп, түс жортқан айтулы азаматтарымыздың бірі һәм бірегейі осы Бақтықожа Ізмұхамбетов екенін жақсы білеміз. Жақсы адамда жаттық жоқ. Парламент қабырғасында жүргенімізде сыйлас, пікірлес болдық.
Білікті басшы, іскер азамат ретінде жақсы білгенімізбен, оның ақындық қырынан хабарымыз жоқ екен. Алайда менің қолыма тиген «Қоршаса ойлар», «Жыр жолымен», «Шақырса шабыт» атты жыр жинақтары мені қайран қалдырды. «Өткір кездік қын түбінде жатпайды» деген осы.
Боламын су тартқандай шыңыраудан,
Шыға алмай қалған кезде жыр бұғаудан.
Құдығымды жастықта бітей жаздап,
Көзін аштым кезінде қырдан ауған, – деген ақын Бақтықожаның осы бір жыр шумағы біраз нәрсені аңғарта керек-ті. Ақынның тұспалдап отырған «жастықта бітей жаздаған құдығы» не? Сөйтсек, ақынның «құдығы» бала жастан талаптанып, талпынған өлең-жыр өлкесі екен. Бала, оқушы Бақтықожаның тырнақ алды өлең-жырлары, мақалалары кезінде «Қазақстан пионері», аудандық «Малды өңір» газеттерінде жиі жарияланып тұрыпты. Соған қарағанда ақындық қасиет Бақтықожа Салахатдинұлының сүбесіне туа біткен екен.
Тегінде ақынның «бітей жаздап» қайнардың тұмасындай тұнық кәусар көзді кеш те болса, қайта аршып алып, мөлдір суын тапқаны әрине қуанышты жағдай. Туа да біткен қандай бір қасиетті дер кезінде әлпештемей, әлдилемей, әспеттемей енжар қалдырса, ол тұншықпақ, тұраламақ. Хакім Абай жарықтықтың «Жасымда ғылым бар деп ескермедім, қолымды мезгілімнен кеш сермедім...» дегені осыған саяды.
Бақтықожа ақынның кіндік қаны тамған жері – кең кеудесі Ақ Жайықтың алқабына әрең сыйып, Каспий теңізінің иініне ұмсына құлап жатқан азуы алты қарыс Атырау өлкесі. Құрманғазы ауданы. Атырауға анықтаманың керегі жоқ. Әйтсе де, осы бір өлке баһадүр батырлардың, адуынды ақындардың, дәулескер күйшілердің мекені екендігі шындық. Біз осы өңірдегі ақындық мектеп туралы айтқанда Махамбет Өтемісұлын, Мұрат Мөңкеұлын, Әбу Сәрсенбаевты, Меңдекеш Сатыбалдиевті, Жұмекен Нәжімеденовті, Фариза Оңғарсынованы бірден ауызға аларымыз бар.
Жөңкіле көшкен бұлттай, ұйтқи соққан дауылдай, аласұрған теңіздей, жайыла аққан Жайықтай айшықты, адуынды, алапаты зор өлең жырлар осыларға тиесілі. Шөп те шығатын жеріне шығады. Таланттар да солай. Ол бізге көріне бермейтін бір тылсымның заңдылығымен реттеліп, сол топырақта тамыр жайып, әр шағылдың түбінен бүр жарып, көктеп шыға бермекші. Бақтықожа да – сол өскіннің бірі. Сол себепті де оның өлең жазбасқа қақысы жоқтай болатын!
Тамырын тереңнен тартқан тағдыр Бақтықожа ақынның анасын тарлан ақын Жұмекенге жуық еткен екен. Дұрысы Жұмекенді жуық еткен. Туыстық, тамырластық һәм көрші-қолаңдық. Бізге беймәлім «Ақшағылдағы» күндер. Сонау жылдары алыста қалған ескі бұлдыр суреттер, бейнелер, тіршілік көріністері. Әрине ыстық бейнелер. Бақтықожа үшін де, біз үшін де. Біз үшін де дейтінім, ақын – көпке ортақ. Бақтықожаның «Анам мен Жұмекен» деген өлеңі кімді болса да, бейжай қалдырмайды.
Жұмекен елге ақын, аға маған,
Менің де «Ақ шағылда» ізім қалған.
Жұбайына сан рет деген екен,
Әсима апам мені арқалаған.
Анамнан естігенмін мен де мұны,
Арқалағам дейтінді Жұмекенді.
Көрші болып, өскенін бір ауылда,
Еске түсіріп, айтатын сол күндерді...
Дина күйші сол кезде күй тартыпты,
Қона жатып, маңайдан жиып жұрты.
Анама да қоныпты сондай өнер,
Ел білген күйші болды құдіретті...
Аталған жас кезінде күйші келін,
Арқалаған қазақтың Жұмекенін.
Динаны көре қалған домбырашы,
Анамның білсін дедім кім екенін.
Өлеңде асыра мақтану, алды-жұтты пафос жоқ, мейілінше қарапайым өмір шындығы. Анаға деген сүйіспеншілік, ұлы күйші мен тарлан ақынға деген зор құрмет көрініс тапқан. Тегеуірінді күй мен текті жырды бауырына басқан «Ақ шағылдағы» аяулы, асыл адамдар, алысқа кеткен жылдар. Әсілі, анасы Әсима бала Жұмекенді емес, қазақ өлеңінің тарлан талантын арқалап жүрген екен ғой! Ғажап!
Ақынның «мені» әрдайымда өзі туралы болмақ. Кешегі сұрапыл Қасым да «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда...» деп жырлап кетпеп пе еді?! Ол – оқырманнан жасыра алмайтын, сыр қылып ақтаратын, бүкпесіз ішкі ойы болмақшы. Сол баяғы Абай айтқандай, «өлең шіркін өсекші жұртқа жаяр сырымды» ғой. Сол арқылы ақынның кісілік келбетін, азаматтық тұғырын аңдайсың, адамдық келбетін байқайсың. Сол сияқты Бақтықожа ақын да өзі туралы ашық, риясыз бір таза көңілмен айтады.
Жылауық өлең, жат мінез жүрсем көрсетпей,
Ол менің көңілім, шығатын бойдан еш бүкпей.
Тағдырдан талай жүрсем де көріп тауқымет,
Сақтадым іште сырымды сыртқа естіртпей.
Кінәлады деп айтқанды уайым көбірек,
Қалсаңыз ойлап, бұл жігіт сонда не демек?
Жиналып іште, айналып өкпе ашуға,
Азамат кейде кетпесе деймін төмендеп.
Көрмедім өтіп қиындықтардан бұқпақтап,
Жағынған жоқпын біреуді көзге құр мақтап.
Қалағам жоқ үнсіз, айтатын жерде ойымды,
Сөйлеген жоқпын
арамдық ойлап, жұмбақтап...
(Өзім туралы)
Ақын өзінің азаматтық бейнесін, ішкі толғанысын ақындық шабытпен қарапайым формада жеткізіп отыр. Иланымды. Бүкпесіз. Өзі туралы айта отырып, өзгелер үшін де қам жейді. Әйгілі неміс ақыны Гете айтқандай, «жер бетіндегі барлық жақсы-жамандық ақынның жүрегі арқылы өтеді». Жүрек –көңілдің айнасы, ақылдың суаты. Анығында ашу мен өкпе жинағанның алысқа бармайтындығы жайында бұрында айтылған. Әлі де айтылады.
Азаматтың атына сай емес төмендеуі осы кесепаттардан болса керек. Ол – рухани ергежейлінің белгісі. Азамат ердің баласы ұсақ нәрселерден биік тұрмақ дүр. Мұндайлар қазір аз ба? Ойланарлық дүние. Әртүрлі әлеуметтік ортада болып, көп ішінде жүрген, ел басқарған азаматтың «жағынбауы», «құр мақтамауы», «үнсіз қалмауы» – айтуға оңай, ал іс жүзінде «кесекті ердің сойының» қолынан ғана келетін ерен іс. Ақын мұны өзінің адалдығына сенген соң айтып отыр.
Біздің «менің айналам, ортам» дегеннің өзі – турасын айтқанда біреулер. Біз біреулер арқылы өмірдің не екенін сезіп, байқаймыз, бағамдаймыз, соған баға береміз. Мені қоршаған «біреулер» не істеп жүр? Әрине, әрқилы. Бұл – өмір! Ақын «Біреулер жүр...» деген өлеңінде былай дейді:
Біреу жүрсе жаныңда жанамалап,
Біреу тұрар сыртыңнан қадағалап.
Біреу жүрер біреуге тілек тілеп,
Біреу тұрар біреуге сынай қарап.
Біреулер жүр біреуден күдіктеніп,
Біреулер өкпе айтады кіріп келіп.
Біреулер жүр біреуді кінәлаумен,
Біреулер уайым айтып мың бүктеліп...
(Біреулер жүр)
Иә... расында адам деген солай! Олар – «біреулер». Өмір сонысымен – өмір. Әйгілі түрік ойшылы Эрсин Тезджанның мынандай бір афоризмі еске түседі: «Люди похожи на книги. Если смотришь только обложку, ошибаешься». Біреулер біреулерге ұқсамайды немесе ұқсайды. Әсіресе, сыртқы қалпы. Киім киісі, жүріс-тұрысы, әдеті, дағдысы дегендей. Ал ішкі жан дүниесі ше? Ұлы Абайдың адамдықтың алды ғадлет пен махаббат дейтіні сондықтан.
Ақынның оқырманмен сырласуы, мұңдасуы – поэтикалық заңдылық десек де болады. Мұны сыршылдық дейміз. Ақын өз «менін» көрсетеді, ой бөліседі. Ақындық қуат – Тәңірден! Ол да болжаусыз шабыттың әсерінен болса керек. Әсерленгіш, сезімтал ақын жүрегі әсте тыншымақ емес. «Алыстан сермеп, жүректен тербейтін» (Абай) сөз құдіреті оның санасын үнемі мазасыз күйде ұстайды. Ақынның қалғып кетуі – әлемнің ұйқыға батуымен бірдей.
Кей сәтте келсе шумақ бұрқасындай,
Асығып, ойлануға мұрса қалмай.
Қарсылап жыр жолдарын жаңа буын,
Жазамын, оқшауланып, үн шығармай.
Адамда кездер болар ара-кідік,
Қалатын оң-терісті азар біліп.
Мүмкін біреу түсінбес дегеніңді,
Мазаң кетер ойыңа алаң кіріп....
(Жыр жолымен)
«Оқшаулану», «үн шығармау» – тыныштықтың суреті. Ал өлеңнің өзі буырқаныс. Осы туралы неміс философы Гегельдің былай деп айтқаны бар: «Самоевозвышенное и великолепное заключено не в том, что невыразмио –как если бы поэт сам себе был выше своих стихов, – но именно стихи его представляют лучшее, что есть в нем».
Жұмекен Нәжімендов өлеңнің табиғилығы туралы кезінде былай депті: «Шындығында өлеңнің табиғилығы дегеніміз не? Орыс сыншысы Аполлан Григорьев «Өнердегі шынайылық пен табиғилық туралы» атты мақаласында біреудің басындағы қайғысын өз жүрегінің сүзгісінен өткізе білетін адамнан ғана шынайы суреткер шыға алатынын жазыпты». Сол сияқты америкалық ақын Томас Элиот та өлең жазатын кезде нағыз ақынның образ сомдайтын актердың бейнесіне ұқсайтынын айтқан. Мұқағалиша айтқанда. «Өлең деген тумайды жайшылықта». Ақын Бақтықожаның өлеңдеріндегі әлгі шынайлықтан өрілген шытырман ойлары бізді қызықтырды. Соған риза болдық. Ақын өлеңдері әсіре қызылды-жасылды бояудан, жасанды пафостан ада. Бар болмысымен қарапайым өмірдің өз суретін берген. Пәлсапалық астарлары бар. Шымыр ойлары бар!
Ақын «Ойтұмар» атты өлеңінде былайша ақ жарылады. Өткенге өкпесі жоқ, келер күннің игілігінен үмітті.
Ұстатпай уақыт
Атқанда талай ақ таңым,
Кей жырым әлі
Жазылып, ән боп айтылар.
Балапан жырдан
Басталған сол бір шақтарым,
Бойыма менің
Ілінді болып ойтұмар!
Ақынның жыр жолы әлі де алда көсіліп жатыр. Қоршаған ойлары мен шақырған шабыты Бақтықожа ақынды тағы бір мақсатты биіктерге бейне бір ақ қанат құстай көтере берері де сөзсіз. Ой тұмарыңыз және де күмбірлеген күй кеудеңіздің шертер күйі мен жыр жүрегіңіздің сырлы әуені үзілмесін де, әманда таусылмасын! Шынайы көңіл тілегі де осы!
Жабал Ерғалиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері