Әзербайжан сапары: оккупация жаңғырығы

Әзербайжан сапары: оккупация жаңғырығы

Әзербайжан сапары: оккупация жаңғырығы
Ділда Уәлибек

Іссапардың екінші күні ертемен жолға шықтық. Бағытымыз – Қарабақ аймағы. 30 жыл оккупацияда болған аумақтағы қалалар мен ауылдардың қазіргі жай-күйі, тыныс-тіршілігімен танысып, соғыс зардабын көзбен көру үшін Бакуден батысқа қарай жол тарттық. Көздеген меже – Шуша қаласы. Бірнеше елді мекенді аралап, қас қарайғанша сол жаққа жетіп үлгеруіміз керек. Ұйымдастырушылар жолдың алыс әрі оңай болмайтынын бірден ескертті.

Жүзім алқабынан – мина даласына

Тақтайдай түзу жолмен зымырап келеміз. Қаладан біршама алыс­та­ғаннан кейін айналадағы көрініс, пейзаж өзгере бастады. Көк теңіз, жасыл желек, дымқыл ауа шөлейт дала мен құрғақ, ыстық лепке ауысты. Жолға шыққанымызға бір сағатқа жуықтағанда, жол бойындағы дәм­ханаға аялдадық. Елдегі қай дәмханаға барсаңыз да, шай мен тосап ұсы­нады екен. Және шайды кесемен емес, түріктер секілді шыны ста­қанмен ішеді. Айырмашылығы – көлемі үлкендеу. Әзербайжандар бұл стақанды пішініне байланысты «армұд», яғни алмұрт деп атайды екен. Бұл жолы грек жаңғағынан қайнатылған тосап ұсынды. Әлі піспеген, сыр­ты қатаймаған жаңғақты жинап алып қайнатады екен, құрманың ішіне жаңғақ салып қойған секілді көрінеді. Жаңғақтан қайнатылған то­сап дегенді алғаш көріп тұрған көбіміз сәл таңырқағанымызды жа­сыр­мадық. Сәл әлденіп алған соң, қайтадан жолға шықтық. Алда – 7-8 сағат­тық ұзақ жол. Біз жүріп бара жатқан жолдың біраз бөлігі Иранмен шекараны бойлай салыныпты. Одан әрі қарай бағыт елдің орталығына қарай бұрылды. Қат­пар-қатпар тасты аласа таулар бірте-бірте жазық­қа ұласты. Жол да ойлы-шұңқыр бола бастады. Айна­ла – құм, құрғақ ағаштар. – Бұл қайта бүліне қоймаған жолдар ғой, соғыс бол­ған аумақта жол мүлде нашар, – деді бізді бастап апа­ра жатқан ресми өкіл. – Одан әрі қарай мүлде жол­сызбен, тау-таспен жүреміз, – деп сөзін жалғады ол. – Оккупацияда болған аймаққа жеткенде, бірден ай­тасыз ғой, – деді арамыздағы бір журналист. – Ол жақтарға жеткенде, өздеріңіз-ақ айтпай-ақ бі­ле­тін боласыздар, – деп жауап берді ресми өкіл. Осыдан-ақ оккупацияда болған аймақтардың қандай халде екенін алдын ала аңғардық. Ал жолдың қазір біз келе жатқан бөлігін жүк көліктері тоз­дырған екен. Жалпы, Армения оккупациясында Тау­лы Қарабақ аумағы және оған іргелес 7 әкімшілік аудан болған. Сол аймақтардың барлығын басып өтіп, көбісіне соғу бағдарламамызда жазылған. Қазір ал­ғашқы аудан – Ағдамға апаратын жолдамыз. Жол бойында шейіт болғандарды еске алу үшін қойылған құлпытастар жиі кездеседі. Көліктің терезесінен өзіміз бұрын болмаған, еш­қ­а­шан көрмеген жерлерді мұқият шолып келеміз. Қыр­ғыз елінен келген оператор көліктегі музыканы ауыс­тыруды «өз міндетіне алған». «Той әндері» ата­лып кеткен әндердің біресе өзбекшесін, біресе қыр­ғызшасын, біресе қазақшасын тыңдап келе жа­тыр­мыз. Аударма деген аты ғана, тек әріптік-дыбыстық айыр­машылық, кей сөздері басқаша демесеңіз, сол сөз, сол ән. «Бір-бірімізден ала беріппіз-ау» деген ой ке­­­леді. «Кірме әндер» туралы біраз әңгіме айтылды. Содан соң Өзбекстаннан келген журналист жол қыс­қарсын деп өздерінің «Хорезм биі» туралы да әңгі­ме­леп берді. – Бұл Құдайдың адамды жаратуын бейнелейтін би, – деді ол, – бидегі барлық қимыл адамның кеу­де­сіне жанның қалай таралғанын көрсетеді, әр­қай­сы­ның мән-мағынасы бар. Дегенмен осындай фи­ло­софиялық астары барын көбі біле бермейді, – деп сө­зін жалғады. Содан соң Әзербайжандағы «Қазақ» ат­ты қала туралы сөз болды. Дегенмен бұл қаланың не­ліктен бұлай аталғанын ешкім дәл айта алмады. Сол сәтте бір елді мекенге келіп жеттік. Теле­фон­да­ғы карта біздің Ағжабәдіде екенімізді көрсетіп тұр. Ауыл шағын, әдемі екен. Түзу көшеде қаздай тізілген қызыл шатырлы, қызыл қақпалы үйлер. Қақпалардың бі­рі гүлдермен, түрлі маталармен безендіріліпті. Бұл – үйде той болғанының белгісі екен. Әзербайжан халқы да тойшыл, тойға ерекше мән беретін халық көрінеді. Бізді бастап апара жатқан ресми өкіл тойға ша­қырылатын қонақтардың саны мыңнан асып кет­се, қалыпты жағдай болып есептелетінін айтты. Ағжабәдібен ары оккупацияда болған аумаққа кір­дік. Бізді сол жерде Әзербайжан Президентінің Қа­рабақ экономикалық аймағындағы арнайы өкілдігінің аға кеңесшісі Араз Иманов қарсы алды. Ағдам – 1993 жылғы 23 шілдеден бері оккупацияда бол­ған, аумағы 1 154 шаршы шақырым болатын ау­дан екен. 2020 жылы Әзербайжанға қайтарылған. 

Ағдам ауданы, окоп (фото: Ділда Уәлибек)
Ағдам ауданы, окоп (фото: Ділда Уәлибек)

Шаңы бұрқыраған маң дала. Айтқандай-ақ тоз-тозы шығыпты, көз тоқтатып қарай­тын­дай ештеңе көрінбейді. Сену қиын, бірақ бұрын бұл жер жүзім алқабы болған екен. – Бұл қайта жанданған аумақ, қазір біраз жүр­геннен кейін тоқтап, мина қойылған аумақты көр­се­те­міз, барлығы тас-талқан болған, өз көздеріңізбен көре­сіздер. Бұл аудан бұрын Әзербайжандағы ең жа­сыл аумақ болған, қазір мүлде түк қалмаған, – деді аға кеңесші. Сапарымызды одан әрі жалғастыру үшін жолға қайта шықтық. Тексеру постынан өтіп, құ­жат­тарымызды көрсеттік. Ресми өкіл әрі қарай мұндай пост­тарға жиі тоқтайтынымызды айтты. 18 жасқа тол­­маған азаматтарға кіруге рұқсат жоқ екен, ересек­тер­дің өзі қатаң тексерістен өтеді, себебі артық қа­дам жасаудың өзі – қауіпті.

Ағдам ауданы, мина алқабы (фото: Ділда Уәлибек)

Сол жерге тоқтап, көліктен түстік. Жолдан бір қа­дам аттап шықпау керек екенін қатаң ескертті. Бая­ғы жүзім ағаштарының орнында «Бұл жерде мина бар» дегенді білдіретін таяқшалар самсап тұр. Әр жерден бұрын окоп болған қазулы шұңқыр үңірейіп көрінеді. Келетін судың бәрі бұрылып, ирригациялық жүйе бұзылған.

Әзербайжан Президентінің Қа­рабақ экономикалық аймағындағы арнайы өкілдігінің аға кеңесшісі Араз Иманов (фото: Ділда Уәлибек)
2020 жылы соғыстың нәтижесінде, үшжақты ке­лісімшарт негізінде Ағдамды қайтардық. 30 жыл бойы оккупацияда болды. Қазір біз тұрған жер – ми­на алқабы. Мина бүкіл Қарабақ аумағына қойылған. Жер­ді қайтарып алғаннан кейінгі ең алғашқы қиын­дық осы миналар болды. Мина қойғанда ешқандай ере­же, тәртіп сақталмаған. Әртүрлі миналарды бірі­нің үстіне бірін қойған, каналдар мен құбырларға жа­сырын миналар тастаған. Қайдан шығатынын бол­жап-білу өте қиын, біз оларды «тосын сый» деп атап кеттік. Арменияға біраз қысым көрсетіп, ақыры ми­наға қатысты бірқатар жазбаларды алдық. Бірақ бұл мина картасы емес, жекелеген әскерилердің өз бе­тінше жазған жазбалары болып шықты. Яғни, рес­ми құжат емес. Сол жазбалардың өзінде 400 мыңға жуық мина қойылғаны жазылған. Бірақ жазба бүкіл аумақ­ты қамтымайды. Екіншіден, жазбалардың тек 24 пайызы шындыққа жанаспайды, олар белгілеген әр­бір төрт минаның тек біреуі ғана табылды. Сон­дық­тан біз оны іздеу жұмыстарына пайдаланбаймыз, – дейді Араз Иманов.

Біз көріп тұрған дала ғана емес, жалпы окку­па­ция­да болған барлық аймақ, тіпті ауылдар мен үй­лер­ге де мина тасталған. Қазір ел үкіметі жағдайды рет­теуге барынша күш салып жатқанымен, аумақты оңал­туға әлі ұзақ уақыт қажет екен.

– Минаны жою агенттігі, Қорғаныс министрлігі, Тө­тенше жағдайлар министрлігі және Шекара қыз­меті минадан тазарту жұмыстарына жұмылған. Қазір 800 миллион шаршы шақырымнан асатын аумақ ми­надан тазартылды. Бірақ бұл мина қойылған ау­мақ­тың 10 пайызы ғана. Қарап тұрсақ, Катар, Ливан сияқ­ты бір елдің аумағы. Сонымен қатар зират, діни объек­тілер, ауылдар мен үйлерге де мина қойылған. 2020 жылдан бері 300-дей адам минадан зардап шекті, – дейді аға кеңесші.

Оның сөзінше, минаны жою үшін түрлі әдіс қолданылып жатыр. Соның ішінде, дрон да бар.

– Әзербайжан дронды мина іздеуге пайдаланып жат­қан алғашқы елдердің бірі болып отыр. Біз бұл технологияны шетел ғалымдарымен бірігіп жүзеге асырдық, уақыт өткен сайын жетілдіріп келеміз. Бұл жер қауіпсіз деп толық сеніммен айту үшін әлі 25-30 жыл уақыт қажет. Сонымен қатар қажет қаражат та аз емес. Барлығы 20 миллиард АҚШ доллары ша­ма­сында қаражат керек, – дейді Араз Иманов.

Әрі қарай жолымызды жалғастырып, ауданның әкім­шілік орталығы болған Ағдам қаласына бет ал­дық.

Ағдамның елесі

Көп ұзамай Ағдамға да жеттік. Қала деген аты бар, заты жоқ. Төңіректің бәрі топырақ, шаң, қиран­дылар мен үйінділер. Түк қалмаған. Тек әр жер­дегі құламай қалып қойған үйлердің жарты қа­быр­ғалары мен кезінде орталық көше болған ұзын жол­дың орны бұрын бұл жерде тіршілік болғанын аң­ғартатындай.

Ағдам қаласындағы үйлердің қирандылары (фото: Ділда Уәлибек)
Ағдам қаласындағы үйлердің қирандылары (фото: Ділда Уәлибек)
– Тек қана мешітті, мұнараларын қиратпаған, се­бебі мұнарадан Ағдамды алақандағыдай көруге бо­­­лады. Яғни, қарауылдау нүктесі ретінде стра­те­гия­лық мақсатта пайдаланған. Мешіттің бірінші қа­ба­тын­да мал, шошқа ұстаған. Нақты фактілеріміз бар. Екін­шіден, бұл өте әйгілі тарихи жәдігер болған­дық­тан, халықаралық ұйымдар алдында жауапты болмау үшін қалдырған. Бірақ жағдайы өте мүшкіл болды. Қа­зір қайтадан қалпына келтірдік, – дейді Араз Има­нов.

30 жыл елсіз жатса да анар ағаштары нарттай қы­зыл жеміс беріп тұр екен. Бұл жерде бұрын тірші­лі­гі қыз-қыз қайнаған қаланың орталық көшесі бол­­ған дегенге сену аса қиынға соғады. Кеңес одағы ке­зінде үлкен өндіріс орны болған танымал болған қа­ла қазір – қиранды. Сонымен қатар Кавказ айма­ғы­ның мәдени және тарихи ескерткіштерінің орта­лы­ғы да болған. Ағдам базарларынан не іздесең, сол та­былатыны туралы айтылатын деректер де бар. Жал­пы, ашық дереккөздерде оккуппацияға дейінгі Ағдам туралы мәлімет көп.

Ағдам қаласы, орталық көшенің 1970 жылдардағы көрінісі (фото: ашық дереккөзден)
Ағдам қаласы, орталық көшенің 1970 жылдардағы көрінісі (фото: ашық дереккөзден)

 

Ағдам қаласы, орталық көшенің қазіргі көрінісі (фото: Ділда Уәлибек)
Ағдам қаласы, орталық көшенің қазіргі көрінісі (фото: Ділда Уәлибек)

Ағдамның қирандыларын артқа тастап, са­пары­мызды жалғастырдық. Бір кездері үй болған, бір кездері қала болған үйінділерге қайтадан өмір орала­ты­ны анық. Дегенмен тастанды, елсіз қаланы көзбен көру өте ауыр екен, «көшкен жұртта қалғандай» деген сөздің мағынасын шын ұғынғандай боласың... Аға кеңесшінің сөзінше, қазір аумақты біртіндеп қал­пына келтіру жұмыстары басталып кеткен. Құрылыс жүріп жатқанын біз де байқадық. – Бұл жердегі қирандылардың бәрін тазартып, ор­нына үлкен кешен, Жеңіс музейін салатын бола­мыз. Сонымен қатар қала тұрғындарының игілігіне де­малыс орындары да ашылатын болады, – дейді ол.

Ағдам қаласы, құрылыс жұмыстары (фото: Ділда Уәлибек)
Ағдам қаласы, құрылыс жұмыстары (фото: Ділда Уәлибек)

Қарабақта өмір қайта басталып жатыр

Әрі қарай Физули ауданына беттедік. Жолда тағы да қираған мешіттер ұшырасты. Солар­дың біріне тоқтап, жағдайын көрдік. Ағдамдағыдай мал ұстап, жазулардың бәрін тегістеп, қиратқан екен. Араз Имановтың сөзінше, бұл да көне тарихи жәді­гер­лердің бірі. Сонымен қатар жақын маңда тура осын­дай халдегі көне албан шіркеуі де бар екен. 

Физули ауданы, зақымдалған көне мешіт (фото: Ділда Уәлибек)
Физули ауданы, зақымдалған көне мешіт (фото: Ділда Уәлибек)
Физули ауданы, зақымдалған көне мешіттің ішкі көрінісі (фото: Ділда Уәлибек)
Физули ауданы, зақымдалған көне мешіттің ішкі көрінісі (фото: Ділда Уәлибек)

Физули ауданы 1993 жылы 23 тамызда ок­купа­ция­ланған, аумағы – 1 112 шаршы шақырым. Қазір Ағ­дам мен Физулидің арасында жол салынып жатыр. 2021 жылғы 17 қазанда құрылысы басталған тас жол­дағы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр.

Физули ауданы, зақымдалған көне мешіт (фото: Ділда Уәлибек)
Физули ауданы, зақымдалған көне мешіт (фото: Ділда Уәлибек)

  width=Бұл Ағ­дам, Ағжабәді және Физули аудандарының аумағы ар­қылы өтеді және Қарабақ пен Шығыс Зангазур эко­номикалық аудандарының аумағында жүзеге асы­рылып жатқан жобалардың бірі екен, оккупа­ция­дан босатылған қалалардың, аудандар мен ауылдар­дың әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды рөл атқарады деген сенім бар. Жол ұзақтығы да қыс­қарады дейді. 

Физули халықаралық әуежайы (фото: Ділда Уәлибек)
Физули халықаралық әуежайы (фото: Ділда Уәлибек)

Қас қарая бастағанда 2021 жылғы қазанда ресми ашыл­ған Физули халықаралық әуежайының алдына ке­ліп тоқтадық. Қаншама шақырым жадау көріністен соң жарқыраған, көк шынылы әуежайды көру көңіл қуантады екен. Әуежайдың тура алдына «Қарабаққа қош келдіңіз!» деген үлкен жазу жазылыпты. Соны­мен қатар Физулиге халық қайтадан көшіп келіп жа­тыр. Оларға жаңадан үй берілген. Бір топ жаңа қо­ныс иелеріне біз де кез болдық.

Физули халықаралық әуежайының алды (фото: Ділда Уәлибек)
Физули халықаралық әуежайының алды (фото: Ділда Уәлибек)

Айта кету керек, Қасым-Жомарт Тоқаевтың ше­ші­­мімен салынып жатқан Құрманғазы атындағы шы­­­ғармашылықты дамыту орталығы – осы Физули қаласында. Шығармашылық орталық 2023 жылғы жел­тоқсанда пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Орталық музыка және музыкалық аспаптар, за­манауи технологиялар: жұмыс жабдықтары, 3D мо­дельдеу, веб-дизайн, фото және видео курстар бағытында жұмыс істемек. Сонымен қатар кілем тоқуға, қолөнерге, түрлі спорт пен хореографияға бау­литын сыныптар ашылады. Бұл нысан қазақ хал­қының атынан жасалған сыйлық, екі ел достығының, бауыр­ластығының және өзара қолдаудың тағы бір ны­шаны болатыны орталықтың іргетасы қаланған сәт­те айтылған болатын. Сонымен қатар Өзбекстан рес­публикасы салып жатқан мектеп те бар.

Физули ауданы, мина алқабы (фото: Ділда Уәлибек)
Физули ауданы, мина алқабы (фото: Ділда Уәлибек)

Физулиге ұзақ аялдаған жоқпыз, уақыт ты­ғыз­дығына байланысты Шушаға жедел жолға шықтық. Теңіз деңгейінен бірнеше мың метр жоғары ор­наласқан қалаға тау ішімен түнделетіп бір-ақ жет­тік. Осылайша, бағдарламадан сәл кешіккенімізге бай­ланысты Шуша қаласын аралауды ертеңгі күнге қал­дырдық. Жалғасы бар...

Баку-Ағдам-Физули