2443
Айтматов шыңындағы қазақ шұғыласы
Айтматов шыңындағы қазақ шұғыласы

Кез келген ұмтылыстың қозғаушы күші болады, ал биікке ұмтылғандардың арқа сүйері оның туған халқының рухани мәдениеті десек, Айтматовтың да Айтматов болуына қырғыз елінің атақты эпосы «Манастың» зор әсері болғанын ешкім жоққа шығара алмас. Алайда оған тағы бір тірек болған қазақ халқының бауырлас қырғыз еліне және Шыңғысқа деген туыстық, достық махаббаты екенін де атап айта кеткен жөн болар.
1952 жылдың 9-11 маусымы аралығында Фрунзе (Бішкек) қаласында өткен «Манасты» зерттеу мәселелері жөніндегі ғылыми сессияға қатысқан қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов қырғыз елінің алып мұрасының тағдыры сынға түскен кезде әділ пікірін айтып «Манастың» қырғыз мәдениетімен қайта қауышуына зор еңбек етті, оған әрине, күллі қырғыз халқымен бірге Шыңғыс Айтматов та куә болған-ды. Кейін сол Шыңғыс та үлкен жүректі Әуезовтің талай шапағатын көрді.
1958 жылы Ш.Айтматовтың «Жәмила» повесті Мұхтар Әуезовтің алғысөзімен Кеңес әдебиетінің үлкен тұлғасы, ақын А.Твардовский басқарып отырған «Новый мир» журналына басылды. Ізінше әйгілі жазушысы Луи Арагоның аударумен француз тілінде жарық көрді. 1961 жылы осы повесть КСРО-ның ең беделді Ленин атындағы сыйлыққа ұсынылғанда аталған сыйлықты беру комиссиясының белді мүшесі М.Әуезов жас қырғыз жазушысының туындысына жоғары баға берді (алайда сол жолы сыйлық «Жәмилаға» берілмей, кейін 1963 жылы Ш.Айтматовтың орыс тілінде шыққан «Повести гор и степей» атты кітабына бұйырды. Бұл кітапқа жазушының «Алғашқы ұстаз», «Жәмила», «Шынарым менің, шырайлым менің», «Ботакөз» атты повестері енген болатын). Дегенмен М.Әуезовтің тілектестігі мен қолдауын
Ш.Айтматов өмір бойы аузынан тастамай айтып, ұстазының алдындағы азаматтық парызын адалдықпен атқарды. Мәселен, ол кеңестік идеологиямен сыйыспай, сол себепті көзі тірі кезінде жарияланбаған Әуезовтің «Қилы заман» хикаятына (шығарма Ш.Айтматов туған жылы жазылған) алғы сөз жазып, «Новый мир» журналының 1972 жылғы №6 санына шығартты. Сонымен бірге өзінің әр жылдарда М.Әуезов туралы көптеген материалы жарық көрді, қарап көрейік: «Ответь себе» («Правда», 5.08.1967), «Мұхтар Әуезов туралы» («Қазақстан пионері», 9.12.1967), «Түркі әлемі және Әуезов» («Түркі әлемі», 2007,12.1967), «Слово об учителе» («Казахстанская правда», 27.12.1967), «Предисловие к повести М.Ауэзове «Лихая година» («Новый мир», 1972, №6, 17-19-беттер), «Әуезов әлемді шарлап кетті» («Лениншіл жас», 23.09.1977), «Әуезов туралы сөз» («Қазақ әдебиеті», 30.09.1977), «Слово об Ауэзове» («Простор», 1977, №12, 8-11-беттер), «Внутреннее солнце поэта» («Известия», 6.02.1982), «О рассказе М.Ауэзове «Лихая година»
(Ч. Айтматов. Ранние журавли. Берлин. 1983, 355-360-беттер), «Выступления на заседании, посвященная 90-летию со дня рождения М.Ауэзова. Алма-Ата, 23 сентября 1987 г.» («Мухтар Ауэзов и современная литература». А., 1989, 23-28-беттер), «Слово об Ауэзове: Выступление во Дворце им. Ленина на торжественном собрании, посвященное 80-летию со дня рождения» («Мухтар Ауэзов – классик советской литературы». А., 1989, 29-36-беттер), «Абай и Ауэзов: связь времен» («Мухтар Ауэзов: великий певец национального величия: Сборник материалов конференции, посвященная 100-летию М.Ауэзова, проведенной 4 июня 1997 г. в Париже. Париж-Алматы, 1998, 88-91-беттер), «Екі түрлі асылым бар» («Парасат», 1997, №8), «Ұлылар елдің ұстазы» («Алматы ақшамы», 26.09.1997), «Абайдың рухани інісі» («Абай», 14.11.2007), т.б. Бұл жарияланымдарға қарап отырып Ш.Айтматовтың М.Әуезов шығармашылығын насихаттауда бір қазақтан кем еңбектенбегенін көреміз.
Мұхтар Әуезов жоғары бағалаған қырғыз жазушысына қазақ қаламгерлері де ерекше құрметпен қарады. Сондықтан Шыңғыс Айтматовтың шығармаларының өзге тілдерге аударылуының басында қазақ қаламгерлері тұрады десек, шындықтан алыс кете қоймаспыз.
Даңқты қырғыз жазушысының қазақ тілінде алғаш жарық көрген шығармаларына келсек, олар: «Жәмила» повесі («Лениншіл жас» газеті, 6-27.06.1959), «Бетпе-бет» («Жұлдыз», 1959, №6). «Дүйсеннің мектебі» («Лениншіл жас» газетінің 1969 жылғы қаңтардың 3-інен 16-на дейінгі он нөмірінде жарияланды). «Алғашқы мұғалім» атты повестен үзінділер «Социалистік Қазақстан» газетінде жарық көрді.
Одан кейін «Құс жолы» повесі «Лениншіл жас» газеті (10.06.1963) мен «Жұлдыз» (1963, №6,7), «Қазақстан әйелдері» (1963, №7) журналдарында, «Ботагөз» повесі «Лениншіл жас» 1963 жылғы бірнеше санында басылды. Сонымен бірге «Қызыл алма» әңгімесі Зейнолла Қабдоловтың аудармасымен «Жұлдыз» журналының 1964 жылғы үшінші нөмірінде, «Арманым – Әселім» шығармасы Айқын Нұрқатовтың тәржімесімен «Лениншіл жасқа» (26.09.1964) шықты. Сондай-ақ оның КСРО-ның ең жоғарғы сыйлығын алған «Тау мен дала хикаялары» кітабы 1964 жылы қазақ тілінде кітап болып шықты. Бұл деректер Ш.Айтматовтың әрбір жаңа туындысының қазақ тіліне аударылып, алдымен мерзімді баспасөз бетінде басылып жатқанын көрсетсе керек. Бұлардың бәрі де соңынан жеке кітап болып шығып, қазақ оқырмандарының қолына тиіп жатты.
Шыңғыс Айтматовтың көптеген қазақ қаламгерімен рухани достығы оның қазақ арасында кең танымал болуына жол ашқаны мәлім. Белгілі қазақ драматургі, Қазақстан Халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов – Шыңғыс Айтматовпен түйдей құрдас, әрі дос еді. Ол Айтматовтың «Ана – Жер – Ана», «Арманым, Әселім» пьесаларын, «Ақ кеме» повесін қазақ тіліне аударып шығарды. Сонымен бірге Ш.Айтматов пен Қ.Мұхамеджанов «Көктөбедегі кездесу» атты пьеса жазып, ол көптеген театрда қойылып, үлкен табыстарға жетті, тіпті шетел сахналарынан да көрсетілді.
Акадамик-жазушы, әдебиеттанушы теоретик ғалым Зейнолла Қабдолов та Шыңғыс Айтматовпен сыйлас әрі әдеби байланыста болған тұлға. Бұл жайында деректерді сөйлетсек: Айтматов 1964 жылдың 12 ақпанында «Тың өлкесі» газетінде «Зейнолла Қабдолов туралы» мақаласы және сол жылы сол газеттің 12, 14, 15, 19, 20 ақпанда шыққан сандарында З.Қабдоловқа арналған «Қызыл алма» атты шығармасын жариялаған. Сондай-ақ «Жұлдыз» журналының 1964 жылғы №3 санына Қабдолов туралы «Оқушыларға екі ауыз сөз» атты мақаласын шығарған.
Ал тек қана қазақ емес, сол кездегі одақ көлеміндегі әдеби проблемаларға қалам тартып, танымал болған қазақ жазушысы, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақ және Қырғыз Республикаларының еңбек сіңірген ғылым қайраткері Зейнолла Қабдолов − Айтматов шығармашылығы туралы көптеген мақала жазды. Соның алғашқысы «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің (12 желтоқсан, 1978 ж) сол кезде атын кең танылып келе жатқан қырғыз жазушысының 50 жылдығына орай шығарған «Адамзаттың Айтматовы» атты арнаулы бетіне Әбдіжәміл Нұрпейісов, Бек Тоғысбаев, Олжас Сүлейменов, Евней Букетов, Қалтай Мұхаметжанов, Әзірбайжан Мәмбетовпен бірге арнайы мақала жариялайды және «Қазақстан мұғалімі» газетінің сол жылы 22 желтоқсанда шыққан санына Ш.Айтматов туралы «Мерей» атты мақаласын бастырады. Сонымен бірге Ш.Айтматовтың «Қызыл алмасын» орыс тілінен аударып жариялады. Айта кету керек, кезінде қырғыз жазушысы өзінің Қабдоловқа ауызша айтқан әңгімесін досының ұсынысымен көркем әңгімеге айналдырған екен.
Шыңғыс Айтматов шығармаларын қазақ тіліне табысты аударған қазақ қаламгерлерінің бірі − Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртаза. Ол Ш.Айтматовтың «Ботагөз», «Қош бол, Гүлсары», «Теңіз жағалап жүгірген тарғыл төбет» повестерін, «Боранды бекет», «Жанпида» романдарын қазақшалады. Сөйтіп Ш.Мұртазаның арқасында қазақ оқырмандары Айтматовтың көлемді де көркем туындыларымен ана тілінде танысуға мүмкіндік алды.
Жалпы, Ш.Айтматов шығармаларын аударуға еңбек еткен қазақ қаламгерлері аз емес, олардың қатарында кемеңгер қырғыз қаламгерінің «Жәмила», «Құс жолы», «Бетпе-бет», «Алғашқы ұстаз» повестерін Қалжан Нұрмаханов қырғыз тілінен тәржімелесе, Әбіш Кекілбаев «Ерте келген тырналар», Айқын Нұрқатов «Шынарым менің, шырайлым менің», Зейнолла Қабдолов «Қызыл алма», Қалтай Мұхамеджанов «Ақ кеме» атты туындыларын орыс тілінен аударған. Мұның бәрі бүгінде қазақ оқырмандарының рухани игілігіне айналып кетті.
Таза прозалық шығармаларын былай қойғанда, Ш.Айтматовтың драмалық шығармалары да қазақ сахналарында үлкен табыстарға ие болды. Оның «Ана – Жер − Ана» туындысын КСРО және Қазақстанның халық әртісі, атақты режиссер Әзірбайжан Мәмбетов 1964 жылы М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының сахнасына шығарды. Осы спектакль үшін сахналық қойылымның бас режиссері Ә.Мәмбетовке басты рөлдерді ойнаған Сәбира Майқанова мен Бикен Римоваға КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді. Бұдан соң
Ә.Мәмбетов «Ғасырдан да ұзақ күнді» 1983 жылы М.Әуезов атындағы қазақ драма театрында, 1984 жылы Мәскеудің Вахтангов атындағы орыс драма театрында қойды. Ал Ш.Айтматов пен драматург Қ.Мұхамеджановпен бірігіп жазған «Көктөбедегі кездесу» атты спектаклі 1974 жылы М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының сахнасына шығып, ұзақ уақыт репертуардан түспеді.
Сол сияқты, шығармалары әлемнің көптеген тіліне аударылған белгілі қазақ ақыны, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов пен Шыңғыс Айтматовпен бірігіп жазған «Сократты еске алу түні немесе миғұла терісі үстіндегі сот» пьесасы 1998 жылы қазақтың Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында қойылып, көрермендердің көзайымына айналды. Сонымен қатар бұл шығарма 1999 жылы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының сахнасында «Сократ түні» деген атпен қазақтың белігілі режиссері, Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымовтың сахналауымен сол жылы өткізілген «Айтматов және Театр» атты халықаралық театрлар фестивалінде көрсетіліп, фестивальдің «Ең үздік режиссура», «Ең үздік әйел образы», «Ең үздік екінші пландағы образ», «Ең үздік эпизод» номинациялары бойынша төрт бірдей жүлдені иеленді.
Және бір айта кететін нәрсе, бұлардан бұрын өмірден жастай кеткен талантты әдебиетші, шебер аудармашы,
М.Ломоносов атындағы Мәскеу университетінің түлегі Қалжан Нұрмахановтың Ш.Айтматовтың бір туындысы негізінде жазылған «Аңсаған менің әнімсің» пьесасы жарық көрген еді.
Айтматов шығармалары негіз болған түрлі жанрдағы туындылардың қазақ елінде өмірге келуінің өзі бір ерекше жаңалық деуге болады. Мысалы, қазақтың белгілі композиторы Ғазиза Жұбанова «Боранды Едіге немесе Айтматов аңыздары» атты операсын жазса, қазақтың белгілі композитор әрі жазушы, суретші Ілия Жақанов Шыңғыс Айтматовтың «Шынарым менің, шырайлым», «Жәмила», «Қош, бол Гүлсары» атты хикаяттарын оқығаннан кейін шабыттанып «Асылым», «Әсел», «Бибіжанның әні», «Даниярдың әні», «Жәмиланың әні» атты бес бірдей әнді дүниеге әкелді. Бүгінде бұлардың бәрі жиі шырқалатын әндердің қатарында. Ал танымал қазақ кинорежиссері Ардақ Әмірқұлов 2008 жылы Айтматовтың шығармасы бойынша «Қош бол, Гүлсары» атты көркем фильм түсіріп, көрермендердің ыстық ықыласына ие болды. Аталған фильм кино мамандарының жоғары бағасын алып, Астанада өткен Еуразия кинофестивалінің бас жүлдесіне лайықты деп танылды.
Сонау әдебиет майданына бел шеше кіріскен шақта қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің ізіне іні болып ерген Шыңғыс Айтматов өмірінің соңғы дәуірінде қазақтың тағы бір Мұхтарымен – ақын Мұхтар Шахановпен дос болып, соның нәтижесінде екеуі бірігіп «Құз басындағы аңшының зары» (Ғасыр айырығындағы сырласу) атты эсселер кітабын жазып шықты. Кітап алғаш рет 1997 жылы қазақ тілінде Алматыдағы «Рауан» баспасынан басылып шықты және соңынан бірнеше рет қайта басылым көрді, өзге тілдерге де аударылып жарияланды. Мұнда екі туысқан елдің қаламгерлері тарих, әдебиет және саясаттағы әлемдік үдерістің мән-мағынасына үңіліп, терең ойлар айтады және өздерінің шығармашылықтары туралы қызықты әңгіме өрбітеді.
2011 жылы Мұхтар Шаханов «Қырғыз Эвересті және мәңгүрттендірудің егеуқұйрықтық тәсілі» (Аға-дос Ш.Айтматов туралы эсселер) атты кітабын шығарды. Мұнда автор Шыңғыс Айтматовтай алып жазушы жайлы естеліктер айта отырып, оның қаламгерлік, азаматтық қасиетін барынша ашып көрсеткен.
Қазақ елінің Зейнолла Қабдолов, Қалжан Нұрмаханов, Тахауи Ахтанов, Қалтай Мұхамеджанов, Сейдахмет Бердіқұлов, Асқар Сүлейменов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Нұрлан Оразалин, Мұхтар Шаханов т.б. белгілі қаламгерлерімен шынайы достық шығармашылық байланыс орнатқан Шыңғыс Айтматов жайында қазақ баспасөзінде өте көп мақала жазылды. Солардың ішінде белгілі қаламгерлердің қазақ тілінде жарық көрген мақалалары: С.Әшімбаев. Жарқын жандар («Қазақстан мұғалімі», 9.05.1963). Ә.Дербісәлин. Ана туралы аңыз («Мезгіл және қаламгер», А., 1968). С.Асанов. М.Әуезов пен Ш.Айтматовтың творчестволық байланысы жайлы («Қазақ әдебиеті, 11.10.1974). Қ.Мұхамеджанов. Шабыттың ақ желкені («Социалистік Қазақстан», 12.12.1978).
А.Нысаналин. Саңлақ суреткер («Жетісу», 12.12.1978). Т.Тоқбергенов. Шоң мұзарттан көз тартқан («Қазақ әдебиеті», 16.10.1987). Ж.Дәдебаев. Әлемді таңқалдырған Жәмила («Лениншіл жас», 20.09.1988). С.Бердіқұлов. Құс жолы («Лениншіл жас», 9.12.1988).
Ш.Мұртаза. Шыңғыс және шындық. («Социалистік Қазақстан», 11.12.1988). Б.Тоғысбаев. Қырғыз перзенті – әлем әдебиетінің ақиығы («Өркен», 10.12.1988). Қ.Ергөбеков. Тау мен даланы туыстырған («Лениншіл жас», 21-26.06.1990). І.Жақанов. Шыңғыспен болған сұхбаттар («Өркен», 27.04.1991). К.Смайылов. Әлем биігіндегі азамат («Қазақ әдебиеті», 8.11.1991). Б.Бодаубай. Шыңғыс айтқан сыр («Заман-Қазақстан», 13, 20, 27.01.1995).
Р.Бердібай. Ғибратнама («Қазақ әдебиеті», 18.12.1997). С.Жұмабеков. Алатау мен Айсберг феномені («Алматы ақшамы», 11.12.1998). Ә.Кекілбаев. Алаштың Айтматовы («Жас алаш», 12.12.1998). Н.Оразалин. Азияға айбын болған суреткер («Қазақ әдебиеті», 21.05.1999). М.Қозыбаев. Шығыстың Шыңғысы түркі әлемінің жұлдызы («Заман-Қазақстан», 26.05.1999). Т.Нұрмағамбетов. Адам жанының үндері («Қазақ әдебиеті», 12.12.2003). Ғ.Есім. Шыңғыс Айтматов («Жыр жағасы», А., 2007). Ә.Нұрпейісов. Адамзаттың Айтматовы еді («Айқын», 12.06.2008), т.б. Бұл біздің баспасөзде шыққан материалдарды асығыс шолып шыққанда көргеніміз ғана, ал шын мәнінде Атматов туралы жазылғандар бұдан екі есе көп болуы мүмкін.
Қазақта «Шалқайғанға шалқай – ол Құдайдың ұлы емес, еңкейгенге еңкей – ол әкеңінің құлы емес» деген мақал бар. Бұл өзіңе құрмет білдіргенді сыйлай біл деген сөз. Жастайынан қазақтармен көп араласқан Шыңғыстай даңғайыр жазушы да осы бір халық даналығының мәнін терең сезініп өскендіктен болар, ол өзіне әрдайым зор құрметпен қараған қазақ халқының алдында қарыз болып қалған жоқ. Ылғи да қазақ әдебиетінде болып жатқан жаңалық-өзгерістерге сергек қарап, түйінді ойын айтып отырған. Содан болар, ол қазақ қаламгерлерінің жылт еткен жетістігіне назар аударып, дер кезінде бағалап отырды. Мәселен, Шыңғыс Айтматовтың 1964 жылы 21 ақпанда «Тың өлкесі» газетіне жариялаған «Зейнолла Қабдолов туралы», қазақтың бас әдеби журналы «Жұлдызда» басылған (1964, №3) «Оқушыларға екі ауыз сөз» атты мақалаларында З.Қабдолов туралы жазса, Ә.Кекілбаевтың алғашқы әңгімелерінің бірі «Ең бақытты күн» туралы одақтық «Вопросы киноискусства» атты кино сыны альманағында пікір білдірген. Сондай-ақ ««Лениншіл жас» газетінің 1966 жылдың 14 сәуірінде шыққан нөмірінде қазақтың көрнекті жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов жайында «Қан мен тер» атты мақаласын жарияласа, «Қазақ әдебиеті» газетінің 1969 жылдың 12 сәуірінде шыққан санында жазушылар Шоқан Әлімбаев пен Сәтімжан Санбаев «Сәт сапар!» айтқан. Бұдан кейін С.Мұқанов жайлы «Незабвенный образ» («Казахстанская правда», 20.04.1973), досы Қалтай Мұхамеджанов туралы «Сирек ұшырасатын дарын» («Қазақ әдебиеті», 05.01.1979), Б.Тоғысбаевқа арнаған «Байырғы дос – Бек Тоғысбаев» («Аққу көлі» әңгімесіне кіріспе ретінде, «Простор» 1982, №3), Мұхтар Шаханов жайында «Ақын зердесі» («Мәдениет және тұрмыс», 1984, №11), Шота Уәлиханов турасында «Дара тұлға» («Білім және еңбек», 1985, №11), Жамбыл Жабаев шығармашылығына арналған «Асқақ үнді алып ақын» («Егемен Қазақстан», 23.08.1996) атты мақалаларын жариялады. Әрине, мұның бәрі қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері туралы Ш.Айтматов қаламынан шыққан материалдардың бір парасы ғана, оларды толық қамту үшін арнайы био-библиографиялық жинақ қажет.
Кеңестік кезеңде Шыңғыс Айтматов шығармаларының қазақ елінде қалай дәріптелгенін жоғарыда аз-кем айтып өттік, ал тәуелсіздіктен кейінгі дәуірде де даңқты қырғыз жазушысының туындылары оқырмандарға жиі ұсынылып келеді. Мысал ретінде айтсақ, 2005 жылы «Атамұра» баспасынан Ш.Айтматов «Жәмила», «Ақ кеме», «Қызыл алма», «Ғасырдан да ұзақ күн», «Жанпида» бес бірдей кітабы көп таралыммен жарық көрді, сонымен бірге осы кітаптардың орыс тіліндегі түпнұсқадағы («Джамиля», «Белый пароход», «Красное яблоко», «И дольше века длится день», «Плаха») бес кітабы да басылып шықты. Солайша еліміздегі қазақтілді және орыстілді оқырмандар жазушының кеңестік кезеңде жазған әңгіме, роман-повестерімен толық танысуға мүмкіндік алса, 2017 жылы белгілі жазушы, майталман аудармашы Нұрлан Қамидің тәржімелеуімен Ш.Айтматовтың өмірінің соңғы жылдары жазған шығармаларынан құралған (кітапқа «Тау құлаған», «Кассанндра таңбасы» романдары және «Шыңғысханның ақ бұлты» повесті топтастырылған) «Тау құлаған» атты бір томдығы жарық көріп, жұртшылықтың қолына тиді. Сондай-ақ 2023 жылы белгілі әдебиетші ғалым Дандай Ысқақұлының «Адамзаттың Айтматовы» атты монографиясын Алматыдағы Абай институты басып шығарды. Бұл – Қазақстанда Айтматов шығармашылығының әлі де кең түрде насихатталып жатқанының дәлелі болса керек.
Адамзат баласына ай мен күн ортақ десек, сол сияқты ұлылардың өнегесі де ортақ. Ал Шыңғыс Айтматовтың рухани дүниесі ғана емес, оның жеке өмірінде де қазақ халқымен ортақ жерлер баршылық. Шыңғыс Айтматов әлі дүниеге келмей жатқан кездің өзінде оның әкесі Төреқұл Айтматовтың қазақ-қырғыз достығына қызмет етіп, ұлының болашақ тағдырының қазақ елімен байланыстыруға жол ашқан секілді. Қазақтың белгілі ғалымы Бейсембай Кенжебаев пен Шыңғыстың әкесі Төреқұл Мәскеуде И.Сталин атындағы Күншығыс еңбекшілері коммунистік университетінде бірге оқыған. Екеуі өте тату дос болған. Сонда олар болашақта үйленіп балалы болсақ: алғашқы перзентіміз қыз болса Шолпан, ұл болса Шыңғыс қояйық деп уәделесіпті. Сөйтіп Төреқұлдың да, Бейсембайдың тұңғышы ұл болып дүниеге келгендіктен екеуі де балаларының атын Шыңғыс деп атаған екен. Төреқұлдың перзенті – әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматов болса, Бейсембайдың баласы − Мәскеудегі В.Суриков атындағы Көркемсурет институтын бітірген талантты суретші Шыңғыс Кенжебаев.
Шыңғыс Айтматов орта мектептің 8-сыныбын бітіргеннен кейін, Жамбыл мал дәрігері-зоотехникалық техникумының «ветеринария» бөліміне түсіп, оны ойдағыдай тәмамдаған. Жамбыл мал дәрігері-зоотехникалық техникумын аяқтағаннан кейін Шыңғыс Айтматов аталған мамандығы бойынша жоғары білім алу үшін Қырғыз ауыл шаруашылығы институтына түсіп, ойдағыдай тәмамдайды. Институтты бітірген соң еңбек жолын Қазақстанның Жамбыл облысы Талас ауданындағы Қазақ зоотехникалық-малдәрігерлік ғылыми-зерттеу институтының эксперименттік фермасында зоотехник болып бастап, осы жерде 1953 жылдан 1956 жылға дейін қызмет жасады.
1978 жылы қазақтың жастар газетінде талантты қырғыз жазушысын «Адамзаттың Айтматовы» деп әспеттеген қазақ халқы одан бері де туысқан елдің ұлы жазушысына деген құрметінен жаңылған емес. Екі халықтың арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайтуға зор үлес қосып, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға қосқан зор үлесі үшін Шыңғыс Айтматовқа Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 1993 жылы Бейбітшілік пен рухани татулық сыйлығы берілген. Сонымен бірге оған Қазақстанның Халық жазушысы, қазақ мемлекеті тәуелсіздігінің тал бесігі болған шаһар – Алматы қаласының құрметті азаматы атағы берілді.
Мақаламызда келтірілген деректерге зер салсаңыз жер бетінде туысқан қырғыз халқының ұлы перзентін төбесіне көтерген қазақтай ел аз. Бұл әрдайым талантты қадірлей білетін елдің ізгі мұратын айқындайтын айрықша қасиеті дер едім.
Айтматовтың көптеген шығармасының кейіпкерлері қазақтар болуымен қатар, оның қазақ әдебиетінен үйренгені де көп. Оны өзі де талай жерде жазған. Кейбір таланттың қазақ қаламгерлерінің шығармаларындағы сюжеттік желіні дамыта отырып өз шығармаларына пайдаланған. Мәселен, оның «Боранды бекет» атты романындағы мәңгүрттік идеясы Айтматов туындысы жарық көрерден оншақты жыл бұрын кемеңгер қаламгер Әбіш Кекілбайдың «Күй» атты хикаятында көрініс тапқан болатын.
Қалай десек те, Алатаудың баурайында дүниеге келіп атақ-даңқы алты әлемге жайылған Шыңғыс Айтматов сөз өнеріндегі биік шыңға айналды. Ол шың әрдайым тағдырын әдебиетпен байланыстырған жер бетіндегі барлық талантты қаламгерлерді өз биігіне шақырып тұрады. Ал сол шыңға түсіп тұрған шуақты көрсеңіз, ол Шыңғыстың өзі тірі күнінде құдіретті шығармаларымен сүйсіне суреттеп өткен қазақ шұғыласы деп білгейсіз.
Ахмет ӨМІРЗАҚ